Ойлап қарашы, ертең ақырет күні Жәннатқа кіріп, сол жерде өзіңнің сүйген бауырыңды, әке-шешеңді, жұбайыңды таппасаң – қандай хәлде болар едің? Бұл – жанды түршіктіретін ой.
Әрине, біз бәріміз Жәннатта да бұл дүниедегідей бірбірімізді іздегіміз келеді. Дүниеде қалай сұхбат құрып, достық орнатсақ, ахиретте де сол қалпымызбен қайта қауышқымыз келеді. Бірақ Құрандағы мына бір аят адамды қатты ойға салады: «Сендерді тозаққа кіргізген не нәрсе?» – десе, олар: «Біз намаз оқымайтын едік» – дейді.
Бұл аят бізге үлкен ескерту жасайды. Егер ақыретте жақыныңды, сүйікті адамыңды қасыңда көргің келсе, онда ол адам бұл дүниеде намазсыздықтан, дінсіздіктен, күнәлі істерден аулақ болуы керек. Сонымен бірге, Алланың мейірімі шексіз. Құранда бізге үлкен жұбаныш бар: «Иман келтіргендерге иманмен ілескен ұрпақтарын да Біз оларға қосамыз».
Бұл – Алланың мұсылмандарға берген үлкен сүйінші хабары. Яғни сен иманға берік болсаң, Алла Тағала өз мейірімімен сенің ұрпағыңды, жақындарыңды да жаныңнан табуға себепші болады. Демек, ақыретте сүйіктілерімізбен қауышу үшін, бұл дүниеде ең әуелі өзіміз иманды болуымыз, намазды берік ұстануымыз, жақындарымызды да сол жолға шақыруымыз қажет. Өйткені шынайы бақыт – мәңгілік өмірде бірге болу.
материал Нұрбол Рахматилланың «Стамбулдағы тәфәккур» кітабынан алынды,
ummet.kz