09
Жұма,
Қаңтар

һижри

Ниеттің орны – жүрек, оны тілмен айту шарт емес

Ниеттің орны – жүрек, оны тілмен айту шарт емес

Ислам тарихы

Мүміндердің әмірі Әбу Хафс Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын):

«Алла елшісі (с.а.с.): «Шын мәнінде, амалдар тек қана ниетке байланысты және, расында, әрбір кісіге ниет еткені тиесілі. Сондықтан кім Алла мен Оның елшісіне қарай қоныс аударса, ол Алла мен Оның елшісі үшін қоныс аударған (болып саналады), ал кім мал-дүние табу не бір әйелге үйлену үшін қоныс аударса, ол сол қоныс аударған нәрсесіне қоныс аударған (болып саналады)», – дегенін естідім», – деген.

Бұл хадисті хадис ілімі ғұламаларының әйгілісі Әбу Абдуллаһ Мұхаммед ибн Исмаил ибн Ибраһим ибн Муғира ибн Бәрдизбаһ әл-Бұхари және ӘбулХусейн Муслим ибн әл-Хажжаж ибн Муслим әл-Қушайри ән-Найсабури хадис кітаптарының ең сенімділері саналған «Сахихтарында» келтірген.

Хадистің айтылу себебі

Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Біздің арамызда Умму Қайс атты әйелге құда түскен бір адам болды. Бірақ әйел оған қоныс аудармаса, күйеуге шығудан бас тартқан-ды. Сөйтіп ол қоныс аударып, сол әйелге үйленеді. Кейін біз оны «Умму Қайстың қоныс аударушысы» деп атайтын болдық», – деп айтқан. Келесі бір риуаятта Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Кім (дүние байлығы секілді) бір нәрсеге жету үшін қоныс аударса, оның алар (сауабы) Умму Қайс атты әйелге үйлену үшін қоныс аударған адамның алған сауабындай болады. Ол «Умму Қайстың қоныс аударушысы» деп аталды», – деген.

Хадисті және оның не жөн сілтейтінін түсіну

1. Ниет – қажетті шарт

Діни міндеттер жүктелген адамның істеген амалдары ниет болғанда ғана шариғат заңы тұрғысынан есепке алынатынына және оған сауап берілетініне ғұламалар бірауыздан келіскен. Намаз, қажылық, ораза және сол сияқты арнайы ғибадаттарға ниет ету, сол құлшылықтың рүкіндеріне жатады. Сондықтан ниетсіз болған ондай ғибадаттар дұрыс деп есептелмейді. Ал құлшылықты орындаудың алғышарты саналатын дәрет немесе ғұсыл туралы айтсақ, бұл жайында ханафилер: «Ниет олардың кемел болуының және сауап жазылуының қажетті шарты болып табылады», – деген. Ал шафиғилер мен басқалар: «Ниет – олардың дұрыс болуының да қажетті шарты, өйткені алғышарттар тек ниетпен ғана дұрыс болады», – дейді.

2. Ниеттің уақыты мен орны

Ниеттің уақыты ғибадаттың алдында. Мысалы, намаздағы бірінші тәкбір (тәкбиратул-ихрам) немесе қажылық кезіндегі ихрамға кіру. Ал оразаға тоқталсақ, таң сәрінің білінуін бақылап отыру қиындық тудыратындықтан, оған алдын ала ниет ете берсе болады. Ниеттің орны – жүрек. Оны тілмен айту шарт емес. Ниет етушінің ниеті нақтыланып, басқаларынан ажыратылып алынуы қажетті шарт. Мәселен,  намазға жалпы ниет ету жеткіліксіз, адам қай намазды оқитынын (бесін, екінті т.б.) нақтылап алуы керек.

материал «Әл-Уафи» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: