Елемеу – өмірлік басты өнер түрлерінің бірегейі, өмірдің сапасын арттырып, дау-дамайдың, кикілжіңнің бетін қайтаратын құрал.
Бірде Ахмад ибн Хәнбалдан бір кісі: «Амандықты қайдан табамыз?» – деп сұрапты. Сонда: «Амандықтың тоғыздан бірі сүрініп кеткен қателіктерді елемеуде», – дейді де, сөзін одан әрі жалғап: «Тіпті, елемеу – амандықтың барлық бөлшегі», – деген екен.
Басқаның қателігін елемеу адамға разылық сезімін алып келеді. Ондай адам сәйкесінше, басқаның кішкентай жетістігінің өзіне қуана алады. Жаны тыныш, жүзі жадыраңқы келеді. Көршімен де, туыс-туғанмен де, дос-жаранмен де тату болады. Көркем мінездің бұл дағдысының озық үлгісін әлбетте Алла Елшісі үмметі үшін қалдырып кетті. Құранда былай келеді: «Сол уақытта Пайғамбар жұбайына берген сырды ол басқаға хабарлап қойған сәтте Алла оны Пайғамбарға білдіреді. Бірақ Пайғамбар жұбайына оның кейбірін білдіріп, кейбірін білдірмеді. Сонда оны жұбайына білдірген сәтте ол: «Бұны саған кім білдірді?» – дегенде, Пайғамбар: «Маған толық білуші, әр нәрседен хабар алушы Алла білдірді», – деді (Тәхрим, 3).
Яғни бірде Алла Елшісінің жұбайы Хафса анамыз Пайғамбарымыздың айтқан сырын басқаға айтып қояды. Бұл жағдайды Пайғамбарымыз уәхи арқылы хабар алып біліп қалады. Дегенмен жұбайының бұл қателігі үшін Пайғамбарымыз жұбайын көп сөзбен сөкпейді. Аятта «Бірақ Пайғамбар жұбайына оның кейбірін білдіріп, кейбірін білдірмеді» деп келгендей ол тақырыпты жылы жауып қойып, басынан аяғына дейін айтып, қайта қозғамады. Осы жайт арқылы Алла Елшісі үмметіне жақындарымен үйлесімді қарым-қатынасты қалай сақтап қалу керектігін үйретіп кеткендей. Одан бөлек бала күнінен Пайғамбарымызға қызмет еткен сахаба Әнәстың да мына сөзі тақырыбымызға арқау болады: «Алла Елшісіне он жасымнан бері қызмет еттім. Алламен серт, еш уақытта маған «Уф» деген емес. Тіпті, маған бір шаруа үшін: «Мынаны жасамағансың ба?» – деп, болмаса: «Мынаны жасамағаның не?» – деп айтып көрген емес», – дейді.
Яғни бұл жерден Пайғамбарымыздың қызметіндегі сахабаларының кейбір нәрселерін елемей, көз жұмып қарай салатынын білеміз. Себебі жасы кішкентай бала қалай болғанда да тапсырылған жұмысты атқару барысында қателік жібереді, болмаса есінен шығып орындамай қояды. Бұл хадис қызметші жас Әнәстың кемелдігін емес, қызметтегі адамдарына жұмсақ қарайтын, мейірімді, мол түсінікті әрі дана Пайғамбарымыздың кемелдігін көрсетеді.
Тақырыптың басында да Юсуф пайғамбардың бауырларымен болған оқиғасы туралы айтылып кеткен болатын. Бауырлары Юсуфқа жала жапқанда Юсуф оларға қанша налыса да, іштен тынып, ішінен: «Не десеңдер де, дәл қазір сендердің жағдайларың тым мүшкіл», – деп қана қойды. Яғни туыстық байланысты жалаға жауап беруден жоғары қойды.
Өзгенің кемшілігін теру – нәпсі дертінің бір түрі. Бұл дерттен аулақ болудың бір жолы – өзгенің кемшілігіне келгенде жеңіл қарау, кешіріп жіберу, шама келсе, елемей, қателігін ақтап алу. Елемей қалудың тілін үйрен. Расында, бұл – сыйластықты сақтап қалатын, жүректерді одан әрі жақын байланыстыратын сиқырлы тіл. Екі жақынның арасын суытатын айып атаулының пердесі. Кімде-кім бұл тілді жетік білсе, санасы сау, жүрегі тыныш, қарым-қатынасы баянды әрі ғұмырлы болмақ.
материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,
ummet.kz