Егер адам оңаша қалып, дұрыстап ойланатын болса, не үшін мұңайып жүргенін ұғып, бақытсыз еткен басты себепті білер еді. Сәйкесінше, одан құтылудың жолын қарастырып, амалын жасайтын еді.
Тәубе – үміт шамшырағы. Позитивтіліктің, жақсы ойлаудың шыңы. Тәубе – ең керемет қайта оралу, себебі тәубе арқылы құл Раббысына қайтады. Кеудені қысқан өкінішті тарқатып, мұңды сейілтуші. Өмір сүруге деген құштарлықты арттыратын өткен қателіктің өшіргіші. Тәубенің қабыл алынуы – Алланың құлдарына көрсететін жомарттығының, кеңдігінің белгісі.
Мысалы, құл шектен шығып күнәға барады. Артынан шынайы түрде тәубе етіп, кешірім сұраса, Алла тәубесін қабыл етеді. Күнәні жарылқаумен қатар, дәрежесін көтереді, бір жамандығының орнын бірнеше жақсылықтармен алмастырады. «Бірақ кімде-кім тәубе қылса, сондай-ақ кім иман келтіріп, ізгі іс істесе, міне Алла олардың жамандықтарын жақсылықтарға ауыстырады. Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді» ("Фурқан", 70). Осыдан кейін құл қалайша тәубеге асықпасын? Оны қалайша үмітсіздік бассын?!
Алланың құлдарын тәубеге шақыруы мәңгі. Адам қандай үлкен күнә іс қылса да, Алланың мейірімі мен кеңдігінен үлкен болмайды. Аятта «күнә қылғандар» деп емес, «шектен шыққандар» кешіріледі деп келеді. Яғни, бұл сөздің өзі – күнәсі ауыр адамның өзіне үлкен жұбаныш, үлкен үміт.
Олай болса, күнәңнің көптігі сені үмітсіздікке апармасын. Алла Тағала «сендерді кешіріп, жамандықты жақсылықтарға ауыстырамын» деп уәде берді ғой. Алладан асқан кім бар, сөзінде тұратын?! Тәубе қылып, ол күнәға қайтып барып қойсаң да, үмітіңді үзбе. Есіңді жи да, тәубеге қайта кел. Алла сондай кешірімді әрі мейірімді, Ол сенің ішкі хәліңді біліп тұр, әлсіз екеніңді де біледі. Бойсұнушылығыңның кемел еместігі де сені үмітсіздікте қалдырмасын. Алла жақсылықтарға сауапты еселеп беруші, амалдарымыздың кем-кетігін жарылқаушы.
материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,
ummet.kz