Мұсылманның сүннет амалдарды орындаудан бас тартуына оның сүннетке немқұрайды қарағандықтан немесе нәпіл ғибадаттың қасиет-қадіріне сенімсіздігі, сондай-ақ сүннеттің заң күшіне ие екендігіне күмәндануы себеп болмаса, қосымша ғибадаттарды орындаудан бас тартқаны үшін жауапқа тартылмайды.
Ал жоғарыдағы жағдайлар орын алғанда көрінетін мұндай мінез діннен қайтудың немесе кәпірліктің көрінісі болады. Онда сол адамнан тәубеге келуді талап ету керек және ол адамды парыз амалдардан тысқары қосымша ғибадаттарды орындауға мәжбүрлеу шарт. Мұсылман пенде шариғат талабы екендігін анық біле тұра, жалқаулықпен нәпіл ғибадаттардың ешқайсысын үнемі орындамай жүрсе, онда бұл ол адамда ерік-жігердің жоқ екенін айғақтайды және оның ұждансыздығының көрінісі болып табылады. Мұндай жағдайда ондай адамның куәлік сөздері есепке алынбайды. Өйткені бұл дінді және діннің жөн-жоралғыларын менсінбейтінін көрсетеді.
Сонымен қатар мұсылман бұлай еткен жағдайда өзін-өзі үлкен сауаптан мақрұм қалдырады. Әсіресе нәпіл ғибадаттар парыз амалдарды орындау кезінде кездесетін кемшіліктер мен қателіктердің орнын толтыру үшін заңдастырылғанын ескерсек, мұсылманның қандай игіліктен құр қалатынын түсінуге болады. Аса Құдіретті де Ұлы Алланың құзырында жоғары дәрежеге жетуді және оттан құтылуды қалаған мұсылман нәпіл ғибадаттарды орындаудан ешқашан бас тартпайды, тыйым салынғандарға жақындамайды және ол харам мен мәкруһ сияқты тыйым салынғандарды бір-бірінен бөлмейтініндей бұйырылған амалдарды да нәпіл, уәжіптерге бөлмейді.
Алла елшісінің (с.а.с.) сахабалары да (Алла оларға разы болсын) осылай еткен: олар әмір етілгендерді тыйым салынғандардан бөлмеген, керісінше аса Құдіретті де Ұлы Алланың: «Сендерге Пайғамбар не әкелсе, алыңдар да, неден тыйса, содан тыйылыңдар», – деген сөзіне амал жасаған.
Олар Алланың мейір-шапағаты мен ризалығына жетіп, Алла Тағаладан сауап үміт ете отырып, Оның мейір-шапағатынан құр қалмаудан, Оның әмірін тыңдамай кетуден сақтанып осылай жасаған. Олардан кейін де біздің шыншылдарымыз бен имамдарымыз осылай еткен. Өз еңбектерінде фиқһ ғалымдары міндеттіні (уәжіп), нәпілді (мәндуб), рұқсат етілгенді (мубах), тыйым салынғанды (мухаррам) және айыпталатын істі (мәкруһ) бір-бірінен ажыратып көрсеткен және мұсылманның амалдарының дұрыстығы немесе кереғарлылығын, қандай да бір істелген амалды қайта орындау қажет пе, жоқ па, соны анықтап, нәтижесінде қорытынды жасау және басқа да ой түйіндеулері үшін шариғаттың түрлі жол-жоралғыларының дәреже түрлеріне қатысты анықтамалар берген.
Сонымен біз Алла елшісінің (с.а.с.) бұл сахабаның: «Алламен ант етемін! Мен бұл айтылғанға ешнәрсе қоспаймын», – деген сөзін, оның назарын қосымша нәпіл ғибадаттардың артықшылықтарына және басқа да ерікті түрде орындалатын амалдарына аудармай, мақұлдағанын көріп тұрмыз. Пайғамбар (с.а.с.) сол адамның (Нуғманның (Алла оған разы болсын)) жүгін жеңілдету үшін және басқа адамдарға аса Құдіретті де Ұлы Аллаға барар жолды көрсетуші лайықты өсиет беру үшін осылай дегені бізге мәлім. Бұл өсиеттің мән-мағынасы адамдардың жан-дүниесіне үміт ұялату, оларға қатысты жұмсақтық пен мейірімділік көрсетуге және Исламның «жеңілдету, ауырлатпау» деген қағидасын орнықтыра түсуге саяды. Бірақ осымен бірге Пайғамбар (с.а.с.) хақиқи мұсылманның аса Құдіретті де Ұлы Аллаға Ол парыз еткен амалдарды орындап құлшылық жасаған кезінде оның жүрегі Алламен байланыста болатынын, оның жаны тыныштыққа бөленіп, қуаныш-шаттыққа кенелетінін және рухани рақатты сезінетінін біледі. Мінеки, бұлар бәрі оның құлшылыққа деген құштарлығын арттырады және нәпілдерді орындап, айыпталатын іс-әрекеттерден бас тартып, әсіресе Алланың сөзін жеткізген Пайғамбардың (с.а.с.) сөздерін естіген соң аса Құдіретті де Ұлы Аллаға ұнамды болатын амалдарды көбірек орындауға ұмтылады.
Қудси хадисте Алла Тағала: «Менің құлым Маған жақын болу үшін Мен оны жақсы көріп қалғанымша нәпіл (ғибадаттарын) орындай береді, ал Мен оны жақсы көрген соң, оның еститін құлағы, көрер көзі, ұстар қолы, жүрер аяғы боламын, егер ол Менен (бір нәрсе туралы) сұраса, міндетті түрде сұрағанын беремін, егер ол Менен пана сұраса, оған пана боламын, ал егер ол Маған дұға-тілек жасаса, тілегін сөзсіз қабылдаймын», – дейді.
Сонымен мұсылман күндіз қаһарман жауынгер, ал түнде бойсұнушы және жүрегі қорқынышқа толы құлшылық етуші ретіндегі дәрежеге
жеткенше, ол кемелдік сатысымен жоғары көтеріле беретін болады. Оларға қатысты Аллаһ тағала: «Олардың жамбастары төсектен ажырап (түнде ұйқыдан тұрып) Раббыларына қорқа-үміт ете жалбарынады. Сондай-ақ олар берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды», – деген. («Сәжде» сүресі, 16-аят).
материал «Әл-Уафи» кітабынан алынды,
ummet.kz