«Дүние-мүлік пен бала-шаға – қу тіршіліктің сәні» ("Кәһф", 46).
Дүние-мүлікпен өмір жеңіл. Бала-шағамен өмір тәтті. Алайда осы аяттағы «сәні» деген сөзге мән бер. Яғни, дүние-мүлік пен бала-шаға – бұл өмірдің мәні емес, сәні. Адам – иелігіндегімен емес, білімімен адам. Қалтасындағымен емес, жүрегіндегімен адам. Билікпен емес, мейірімділігімен адам. Қатігездігімен емес, жұмсақтығымен адам.
«Сондай-ақ, ол үшін темірді жұмсарттық (яғни, оны темірді қамырдай илеп, одан қажетті бұйымдар жасайтын шебер ұста қылдық)» ("Сәбә", 10).
Алламен бірге болсаң, Алла сенімен болар. «Қашан? Қалай? Қайда?» деп сұрама! Дәуіт пайғамбарға темірді жұмсартып берген Аллаға сен үшін адамдардың жүрегін жұмсарту қиын емес. Құстар мен тауларды сөйлеттіріп қойған Аллаға адамдарға сенің сөзіңді сөйлеттіру де қиын емес. Сен бойсұнушылықпен құлшылық етсең, Ол саған сәттілікті уәде етеді. Аллаға жақсы көретін нәрсеңді ұсынсаң, Алла саған жақсы көретін нәрсеңді берер.
материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,
ummet.kz