08
Сәрсенбі,
Сәуір

һижри

Аманатқа қиянатшылдың иманы – жоқ, серттен тайғанның – діні жоқ

Аманатқа қиянатшылдың иманы – жоқ, серттен тайғанның – діні жоқ

Ислам тарихы

Аманатшылдық мұсылманның асыл қасиеті. Онсыз иманы толық болмайды. Әзиз Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аманатқа қиянатшылдың иманы – жоқ. Серттен тайғанның – діні жоқ», – деген (имам Ахмад).

Аманатшылдық Әзиз Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бойында күндей жарқырап көрінген асыл қасиет. Дүние есігін ашқаннан, ғұмырының соңғы сәтіне дейін оның мүбәрак ауызынан жалған сөз шықпаған. Пайғамбарлық келмей тұрып, Құрайыш халқы оны «Әмин» деп таныды. Оның әрбір сөзі мен ісі шынайылыққа толы болды. Тіпті пайғамбарлық берілгеннен кейін де мүшриктер өз дүниелерін оған сеніп тапсыратын. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мекке шаһарынан Мәдинаға һижрет жасайтын уақытта өзіне аманатқа берілген дүние-мүлікті өз иелеріне қайтару үшін Хазіреті Әлиге тапсырып кетеді. Мүшриктер қауымы хақты мойындамаса да, Әзиз Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аманатшылдығын мойындап, оның осы асыл қасиетіне ешкімді ортақ етпейтін.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында  қажылықтың әр рәсімі құрайыштықтардың белгілі бір топтарының қол астында болатын. Бір топтан басқасының барлығы бұл құзырдан айырылып қалады. Мекке алынғаннан кейін Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кілтті өзіне алып қалудың орнына Бани Шәйба әулетінен шыққан Осман ибн Талхаға ұсынады. Бұл әулет көптеген жылдар бойы Қағбаның қорғаушысы болып келген. Пайғамбарымыз кілтті ұсынған кезде «Уа, Бани Талха! Бұны ал, әділетсіз, зұлым басшы келмесе, Қиямет күнге дейін сендер оны иелік етесіңдер», – деп, қасиетті Қағбаның кілтінің иесін тағайындап, аманаттап кетеді.

Міне, қазіргі күнге дейін, халифтар, сұлтандар мен патшалар сияқты жоғары лауазымды тұлғалар Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзіне бойұсынып, Қағбаға кіру үшін осы меккелік қарапайым жанұядан рұқсат сұрайды.

Аманатқа қиянат қылу – ең үлкен қылмыс. Адамға берілген ақыл, ғылым һәм адамға берілген жузи ықтиярдың өзі аманат есебінде. Құран да – аманат. Құдайдың алдында жаманатты болмайын десең, аманатқа қиянат жасамаған жөн. Бізді қоршаған ортаның барлығына аманат деп қарасақ, көптеген мәселелер шешілер ме еді?

Хакім Абай: «Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана Алла Тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб мәнфағат дәфғы мұзарратларны айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе, білер деп үміт қылмаққа болады. Болмаса жоқ, ең болмаса шала. Оның үшін көбінесе балаларды жасында ата-аналары қиянатшылыққа салындырып алады, соңынан моллаға берген болады, я ол балалары өздері барған болады – ешбір бәһра болмайды. Ол қиянатшыл балалары талапқа да, ғылымға да, ұстазға да, хаттә иман иғтиқадқа да қиянатпенен болады. Бұл қиянатшылар – жарым адам, жарым молла, жарым мұсылман. Олардың адамдығының кәмәләт таппағы – қиынның қиыны. Себебі Алла Тағала Өзі – хақиқат, растықтың жолы. Қиянат – хақиқат пен растықтың дұшпаны» (Абайдың 38-қара сөзі). – дейді.

Міне, сол үшін аманат жоқ жерде салғырттық басым болады. Әсілінде, іс өзінің иесін сүйеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аманатқа қиянат жасалса, қияметті күте беріңдер (қиямет жақын қалғаны)», – дейді. Сонда сахабалар: Уа, Алланың елшісі! Оны қайдан білеміз?» – деп сұрайды. Сол уақытта Әзиз Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Іс өз иесіне тапсырылмаса, қияметті күте беріңдер», – деген екен (Бұхари).  

материал «Ислам діні» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: