Интернеттің тигізер пайдасы көл-көсір. Сонымен қатар зияны да аз емес. Ғаламторда ешбір шекара болмағандықтан, түрлі келеңсіз оқиғалардың орын алып жатқаны жасырын емес.
Сол себепті интернет қолданушылары ғаламторға кірудің әдептерін сақтауы тиіс. Ысырапқор – шайтанның досы. Құранда: «Ысырап етпе, ысырап етушілер сөзсіз шайтанға бауыр болмақ. Ал шайтан болса, Раббысына тым күпірлік етуші», – делінген («Исра» сүресі, 27-аят).
Қысқаша түсіндірмесі: «Өзі үшін құнды болған барлық нәрсені ысырап қылып, харам әрі пайдасыз істерге жұмсаса, пенде шайтанның бауыры болады. Оған берілген нығметтер – Алланың аманаты, оған қиянат жасау – нағыз зұлымдық». Ысыраптың ең үлкені – уақытты қажетсіз нәрселерге жұмсау.
Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін, жастық шағын қалай өткізгені, дүние-мүлкін қандай жолмен тауып, қайда жұмсағаны және алған білімін не үшін пайдаланғанын айтып, есеп бермейінше, орнынан тапжылмайды», – деген (Термизи). Мұсылман адам уақыттың қадірін басқалардан артық білуі тиіс.
Қазіргі таңдағы уақыттың негізгі жауы – ғаламторға есесін жібермесе екен. Ғаламторға тәуелді болмай, керісінше ғаламторды дүниелік және ақыреттік пайдасына жарату – шынайы мұсылманның қолынан келетін іс.
материал «Ислам әдептерінің энциклопедиясы» кітабынан алынды,
ummet.kz