24
Сейсенбі, Қыркүйек

һижри

Ай екіге бөлінді

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүшріктерге аспандағы айды екіге бөліп, оны екі таудың басынан көрсеткен. Бұл таңқаларлық оқиға «пайғамбар мұғжизасы» деп айтылады. Сәл кейінірік, әуелі түсінікті болу үшін мұғжиза сөзіне аз-кем тоқталып кетейік. Мұғжиза – пайғамбарлардың пайғамбар екендігін дәлелдеу үшін Алланың жәрдемімен көрсеткен таңғажайып істері. Дәлірек айтсақ, пайғамбарлықтың айқын құжаты.

Мұғжиза жасау пайғамбарларға тән болғандықтан ол Алланың қалауымен әрі құдіретімен іске асады. Барлық пайғамбарлар Алланың Елшісі екендіктерін дәлелдеу үшін мұғжиза көрсетіп, иман келтірмеген жандарға өздерін мойындатып отырған. Айдың екіге бөліну оқиғасы осыған дәлел. Оқиға пайғамбарлықтың сегізінші жылы, Мекке қаласында орын алды.

Бірде Әбу Жәһил, Уәлид ибн Мұғира бастаған бір топ мүшріктер Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Егер сен шынымен Алла Тағаланың тарапынан міндет жүктелген пайғамбар болсаң, бізге аспандағы айды екіге бөліп көрсет. Айдың жартысы Әбу Құбайыс тауының, екінші бөлігі Құайқан жотасының үстінен көрінсін», – деп талап қойды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қыңыр жүректі мүшріктерге:

– Егер осы тілектеріңді орындасам, иман келтіресіңдер ме? – деп сұрады.

Олар болса:

– Әрине, – деп жауап берді.

Бұл уақыт айдың толықсып, дөңгеленген сәті болатын. Расулуллаһ айдың екіге бөлінуі үшін Жаратушыға дұға етіп, айға қарай қолын созды. Сосын сұқ саусағымен ортасын бөлгендей белгі көрсетті. Пайғамбардың әрекетінен кейін ай дәл ортасынан екіге бөлініп, мүшріктердің сұрағанындай бір бөлігі Әбу Қубайыстың, екінші жартысы Қуайқанның төбесінен көрінді.

Сосын ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айналасындағыларға:

– Куә болыңыздар! Куә болыңыздар! Төбелеріңізге қараңыздар! – деп дауыстады. Қасындағы басқа сахабаларға да: «Куә болыңдар!» - деді. Сосын ай қайтадан бірікті. Мүшріктер өз көздерімен тағы бір айқын мұғжизаны көрді. Бірақ, сөздерінде тұрмай иман етпегендерімен қоймай, сонымен қатар басқалардың иман келтіруіне кедергі болу үшін: «Бұл тек Мұхаммедтің бір сиқыры ғана... Бірақ, барлық адамды бірдей сиқырлай алу мүмкін емес қой... Басқа аймақтардан келген адамдардан да сұрап көрейік. Олар да осы жағдайға куә ме? Егер олар да көрген болса, Мұхаммедтің пайғамбармын деген сөзі рас. Егер олай болмаса бұл бір сиқыр ғана...», - деді.

Келген адамдардан, тіпті басқа аймақтарға да кісі жіберіп сұрастырды. Сұрастырғанның барлығынан: «Иә, сол түні айдың екіге бөлінгенін көрдік» деген бірдей жауап алды. Мүшріктер тағы да баяғы қыңырлықтарына басты. Әбу Жәһил бастаған мүшріктер Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ап-айқын мұғжизасына сиқыр деп қарсы шығып: «Әбу Тәліптің жетімегінің сиқыры аспанға да әсер етті...», - деп тот басқан жүректерін еш жібіте алмады.

Алла Тағала аталған мұғжизаның ақиқатын Құранда былай баяндайды: «Қиямет жақындады, ай жарылды. Олар бір мұғжиза көрсе бет бұрады да: “Жалғасты түрдегі бір сиқыр” дейді. Олар жасынға шығарып, әуестеріне ерді. Негізінде әр істің бір тұрағы бар. Расында оларға секем аларлық хабар келіп болды». («Қамар» сүресі, 1-4 аяттар)

 

«ummet.kz» рухани ақпараттық порталы

Бөлісу: