28
Жексенбі,
Сәуір

һижри

Мәдиналық ғалым Мәлик ибн Әнәс және «әл-Муатта» кітабы

Мәдиналық ғалым Мәлик ибн Әнәс және «әл-Муатта» кітабы

Ислам жұлдыздары

Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге көптеген соғыстарға қатысқан сахаба Әбу Амирдің немересі Мәлик ибн Әнәс ибн Мәлик Әбу Амир әл-Асбахи[1] - хижраның 93 жылы Мәдина қаласында дүниеге келіп, 179 жылы рабиғул-әууәл айының жексенбісінде дүние салған.

Фиқһ саласында танымал мектептердің бірі - Мәлики мәзһабы осы имамның атымен аталады. Мәдина қаласында өскендігі үшін «хижрет мекенінің имамы» деген лақап ат алған. Ғалымдар Мәлик ибн Әнәсті бір ауыздан ілімде өте биік дәрежеге жеткен «мужтаһид ғалым» деп есептейді.

Мәдина ғалымдарынан білім алған, Абдуррахман ибн Хурмуздың дәрістеріне ұзақ жылдар бойы қатысқан. Көп хадис риуаят етумен танымал болған сахабалар Әбу һурайрадан, мүміндердің анасы Айшадан, сондай-ақ Абдуллаһ ибн Омар, Әбу Сағыд әл-Худридің (Алла оларға разы болсын) мектебінде жетілген Мәула ибн Омар лақабымен танылған Нәфиғ, Мұхаммед ибн Мунқадир, Ибн Шиһаб әз-Зуһри, Амир ибн Абдуллаһ, Абдуллаһ ибн Динар сынды имамдардан хадис естіген.

Имам Мәликтен: Яхия ибн Сағид әл-Ансари, әз-Зуһри, Ибн Журейж, Язид ибн Абдуллаһ, әл-Әузағи, Суфиян әс-Сәури, Суфиян ибн Ұяйна, Абдуллаһ ибн Мубарак, әш-Шәфиғи, Әбу Ханифаның шәкірті Мұхаммед әш-Шәйбәни және т.б. имамдар хадис жеткізген.

Әбу һурайраның (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткізген мына хадисі имам Мәликтің артықшылығын баяндап, сүйіншілеген:

«Адамдар ілім іздеу үшін сапарға шығатын уақыт таяп қалды, алайда олар Мәдиналық ғалымнан артық білімді ешкімді таба алмайды»[2]. Осы хадисті жеткізушілердің бірі - танымал ғалым Суфиян ибн Ұяйнадан хадистегі мәдиналық ғалымның имам Мәлик екендігі және басқа риуаяттарында Абдулазиз әл- Омари екендігі жеткен. Омар ибн әл-Хаттабтың (р.а.) ұрпағынан келген Абдулазиз ибн Абдуллаһ өзінің асқан тақуалығымен танылғанымен, имам Мәлик секілді, ғылымда аса мәшһүр емес екендігін ескерген көпшілік ғалымдар, пайғамбар хадисінің имам Мәликті меңзегендігін алға тартқан.

Мәлик ибн Әнәс хадис ілімінде, хадис рауилерін сынға алуда және фикһ саласында ерекше танымал болған. Оның осы салаларды жетік меңгергендігін заманындағы танымал имамдар да мойындаған.

Имам Мәлик, Пайғамбарға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігі мен құрметінен: «Бұл жерде Алла Елшісі жерленгендіктен мінбеймін»,- деп, Мәдинада ешқандай көлікке мінбей, жаяу жүрген[3]. Егер әлдекім имам Мәликке фиқһ саласынан сұрақ берсе, онда ол оған ауызша жауап қайтарған немесе қағазға жазып берген. Ал, егер одан хадис жөнінде сұраса, онда ол алдымен тазаланып, дәрет алған, сосын хош иіс себініп, жұпарланған, содан кейін барып хадистерді айта бастаған. Мұның бәрін ол Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) хадистеріне деген құрмет сезімінің арқасында орындаған.

Имам Мәлик Алладан шынайы қорқатын, нағыз құлдарынан еді. Бір күні имам Мәликке халқының жұмсауымен алыс жұрттан бір адам келеді. Ол одан қырық шақты сұрақтың жауабын алып қайтпақшы екен. Сол үшін ол алыстан ат арытып, бір ай жол жүріп, Мәдинаға көп қиыншылықтармен жетеді. Ол адамның кейбір сұрақтарына имам Мәлик: «Алламен ант етемін, мен бұл сұрақтардың жауабын білмеймін»,— деп жауап берген. Сонда әлгі адам қайран қалып: «О, имам! Мені жұртым жіберді ғой... мен сонау алыстан жеттім ғой... мен оларға қайтып барғанда не деймін?» -деп қапаланады. Бұған Имам Мәлик: «Сұбханаллаһ! Сен оларға: «Мәлик бұл сұрақтардың жауабын білмеді деп турасын айт»,- деген. Имам Мәликтің ілімде биік дәрежеге жеткені соншалық, одан тіпті, бұрын өзі сабақ алған кісілері келіп білім үйренетін. Сонда да имам Мәлик қарапайымдылығы мен кішіпейілділігінен танбаған. Ол бір сөзінде: «Мен тек қана адам- мын, тура да болам, кей кезде қателесемін де»,- деген.

Ол хадис алған имамдарының сенімді әрі тақуа болуымен қатар, хадис маманы болуларын да шарт деп білген.

Имам Шафиғи: «Егер қандай да бір хадис Мәликтен келтірілсе, онда ол - жарық жұлдыз»,- деп айтқан[4].

Имам Мәлик 147-жылдары Халифа әл-Мансұрдың уәлиі тарапынан қысымға ұшырайды. Бұл оқиғаның себебі турасында түрлі көзқарастар бар. Кейбіреулері: «имам Мәлик халифаның жүктеген қазылық міндетін қабылдамағаны үшін жазаланды» деген пікірде болса, біреулері имамның, халифаға қарсылық білдіруші Мұхаммед ән-Нәфсу әз-Зәкияның пайдасына пәтуа бергендігі, оның азапқа душар болуына себеп болғандығын айтады.

Дегенмен, бір қажылық маусымында Хижазға келген халифа Әбу Жағфар әл-Мансұр орын алған жайттан құлағдар болмағандығын айтып, кемеңгер имамнан кешірім сұрайды. Тіпті, кейбір деректерден байқағанымыз бойынша, халифа одан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерін жинақтайтын бір кітап жазуын өтінеді. Сөйтіп, имам Мәлик «әл-Муатта» атты мәшһүр кітабын жарыққа шығарған.

Ибн Хажар «әл-Муатта» кітабы жинақталмай тұрғандағы кезеңге тоқтала отырып: «...Имам Мәлик «әл-Муатта» атты еңбегін тасниф етті. Онда хижаздықтардың хадистерін, оған сахабалардың сөздерін және табиғиндер мен олардан кейін келгендердің пәтуаларын қосып жинақтаған»,- деген[5].

«Муатта» сөзі араб тілінде - «көпшілік жүріп, тапталған жол» деген мағынаға келеді. Алайда имам Мәликтен бұрын Әбу Абдуллаһ Абдулазиз әл-Мәжәшунның «әл-Муатта» атты кітабы болғандығы жайлы дерек бар[6]. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерімен бірге сахабалардың сөзі мен табиғиндер пәтуасын қамтыған бұл кітапты имам Мәлик ұстаздарына оқып беріп, олардың келісімдерін алғаннан кейін «әл-Муатта» деп атаған. ¥лық имам еңбегін хижраның 159-жылы аяқтаған. Ал, қанша жыл сарп еткендігіне келсек, ол әл-Муаттаны бастан аяқ қырық күнде естіп шыққан шәкірттеріне: «Менің қырық жыл жазған еңбегімді қырық күнде естіп алдыңдар»деген екен.

Имам Мәликтің хадистерді қабылдауда қатаң шарттар қоюуына байланысты «әл-Муатта» кітабы сахих хадис кітаптарының бірінен саналады. Имам әш-Шафиғи: «Жер жүзінде ілім тұрғысынан Мәликтің кітабынан артық сахих бір кітап көрмедім»,— деп айтқан[7].

«Әл-Муатта» әл-Бұхари мен Муслимнің сахих кітаптары жарық көргенге дейін ең дұрыс жинақ ретінде танылса, кейбір имамдардың пікірі бойынша, екі сахих кітабы шыққаннан кейін де ең дұрыс кітап деп саналған. Ал кейбір имамдардың көзқарасында екі сахих кітаптың дәрежесіне тең болса, көпшілік имамдардың пікірі бойынша, екі сахих кітап дәрежесінен төмен.

Әс-Суюти Ибн Хажардың: «Мәликтің кітабы, өзінің назарында және мурсал мунқатиғ секілді кейбір әлсіз хадистерді дәлел ретінде ұстанатындардың назарында сахих. Бірақ әл-Бұхаридің кітабындағы мунқатиғ хадистер мен әл-Муаттадағы мунқатиғ хадистердің арасында айырмашылық бар. әл-Муаттадағы мунқатиғ хадистердің көбін Мәлик шейхтарынан (ұстаздарынан) естіген әрі бұл хадистер оның назарында дәлел болады. әл-Бұхаридің кітабында кейбір хадистерді тізбексіз келтіруі, олардың тізбектерін жеңілдету мақсатында болатын, ал егер шартына сәйкес келмеген хадистер болса, келген мәселені қуаттау немесе Құран аяттарының тәпсірі ретінде, тараудағы тақырыптың сыртында келген»,- деп айтқанын жеткізген[8]. Дегенмен, әл-Муаттадағы төрт хадистен басқа мурсал мунқатиғ хадистердің барлығы басқа жолдармен (тізбектермен) риуаят етілген.

Әл-Муттада келген хадистердің санына келетін болсақ, түрлі көзқарастар бар. Оның себебі - Мәликтен жеткен әл-Муаттаның бірнеше нұсқаларының болуында. Яғни имам Мәликтен көптеген ғалымдар риуаят еткен. Бір нұсқада келген хадис, кейбір нұсқаларда орын алмаған. Әс-Суютидің Әбу Бәкір әл-Әбхуриден жеткізген мағлұматында: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен сахаба, табиғиндерден келген әсәрлардың (хадистердің) барлық саны - 1720. Олардың Муснад болғандары, яғни тізбегі үзілмегені - 600. Мурсал хадистердің саны, яғни тізбегінде сахаба айтылмай, табиғиннің Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) тікелей риуаят еткені - 222. Мауқуф хадистердің саны, яғни сахабаның сөзі - 613 болса, 285-і мақтуғ хадистер, яғни табиғин сөздері»,- делінген.

Әл-Муаттаны риуаят етуші танымал ғалымдардың бірі Яхия ибн Яхия әл-Ләйси ондағы барлық хадистердің саны - 1942 десе, Мұхаммед Фуад Абдулбақи әл-Муаттаның барлық нұсқаларындағы хадистерді жинақтай келе, олардың саны - 1852 екендігін алға тартқан.

Имам Мәликтің ұстанымы - Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен хадистермен қатар, сахаба және табиғиндерден келген әсәрларды, оның ішінде мәдиналық сахабалар мен табиғиндердің әсәрларын жинақтау еді.

Әл-Муатта - хадис әрі фиқһ және заң кітабы болып саналады[9].

Имам әл-Бұхари: «Хадис тізбектерінің ішіндегі ең дұрысы Мәликтің Нафиғтен, ол Ибн Омардан құралғаны»,- деген. Әл-Муаттада осы тізбекпен жеткен хадистер жеткілікті. Әл-Қади Әбу Бәкір ибн әл-Араби имам әт-Термезидің хадис жинағына жазған түсіндірмесінде: «Әл-Муатта, ол — негіз және асыл болса, Әл-Бұхаридің кітабы осы саладағы екінші негіз. Осы екеуіне Муслим, әт-Термези секілді ғалымдардың хадис жинақтары сүйенген»,- деген.

Әбу Нуғайымның «Хилияту әл-әулия» атты еңбегінде келгендей: «Халифа һарун Рашид қажылық кезінде имам Мәликтен «әл-Муаттаны» естіп, оны Кағбаға ілдіріп, онымен барлық адамдардың амал еткенін қалайды. Халифаның бұл ойына имам Мәлик: «Алла Елшісінің сахабалары тармақ мәселелерде әртүрлі көзқараста болып, ислам әлемінің түкпір-түкпіріне тарады. Олардың барлығының көзқарастары дұрыс болды»,- деген кезде, һарун Рашид райынан қайтқан».

Осы секілді жайт халифа Әбу Жағфар әл-Мансурмен де болғандығы жайлы деректер бар[10]. Яғни имам Мәлик өзі қол жеткізбеген хадистерге сай немесе сол өңірлерге барған сахабалардың яки кейін келген жергілікті ғалымдардың ижтиһадымен амал етуге дағдыланған қоғамда түсініспеушілік туындатпауды қалаған болатын. Бұл - ғұламаның даналығы мен терең түсінігінің көрінісі еді.

«Әл-Муатта» кейінгі ғасырларда көптеген ғалымдардың зерттеу нысанына айналды. Оның ішінде бірқатар түсіндірме еңбектер жазылды. Оның ішінде мәлики мәзһабының белді ғалымы Ибн Абдулбаррдың (хижраның 463 ж.д.с. ) «Әт- Тамһид», «Әл-Истизкар», Имам әс-Суютидың (хижраның 910 ж.д.с.) «Кашфу әл-муғатта», «Тануиру әл-хауалик» атты және әз-Зурқанидың, кейнгі ғасырларда жазылған әл-Кандаһлауидің түсіндірме еңбектерін айтуға болады.

Материал «Хадис ілімі: тарихы және әдіснамасы» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Әбу Амирдің пайғамбармен жолықпағандығы жайлы айтылған кейбір көзқарастар бар. Ал атасы Мәликтің көптеген үлкен сахабалармен *) імі ■ һопдігіне, яғни табиғин екендігіне ғалымдар бір ауыздан келіскен.

[2] Әт-Термези, Әс-Сунән, 2680. Ахмад ибн Ханбал, Ибн Хиббан секілді хадистанушылардың кітаптарында да келген.

[3] Абдулғани әд-Дақар, Әл-Имам Малик ибн Әнәс, 35-6.

[4] Ибн Абдулбарр, Әл-Интиқа, 55-6.

[5] Ибн Хажар, Һәдиу әс-сәри муқаддимату Фатхи әл-Бәри, I, 8-6.

[6] Абдулғани әд-Дақар, Әл-Имам Малик ибн Әнәс, 104-6.

[7] Бұл да сонда, 106-6.

[8] Әс-Суюти, Тәдрибу әр-рауи, 66-67-6.

[9] Хадис тарихы, Талғат Қочжигит, 214-217-6.

[10] Абдулғани әд-Дақар, Әл-Имам Малик ибн Әнәс, 131-133-6.

Бөлісу: