Қызыр (а.с) пайғамбармен жолыққан имам

Қызыр (а.с) пайғамбармен жолыққан имам

Ислам жұлдыздары

Аты аңызға айналған Имам Шәміл 1797 жылы Дағыстанға қарасты Гимри аймағында авар отбасында дүниеге келген. Әкесі Денгау Мұхаммед текті жерден шыққан. Шәмілге дүние есігін ашқанында «Әли» атты есім беріліпті. Нәресте ауыра бергеннен кейін «Атақты сахабаның аты кішкентай балаға ауыр тиді ме?» деп атасы «Шәміл» атай бастайды.

Бала Шәміл бірден көзге түседі. Жүгіру, секіру, суда жүзу, күресуден оған ешкім шақ келмейтін. Ол тар көшеде отын артқан есекті қарсы кездестірсе, оның үстінен аттап өтіп, ары қарай кете береді екен.

Анасы Шәмілді жастайынан Құранмен дос етті. Онға келгенінде әкесі оны көрші Ғази-Мұхаммедтен шариғат ілімін үйренуге жібереді. Шәміл мен Ғази-Мұхаммед егіз қозыдай, ағалы-інілі боп бірге өсті, дін білімін Қажымұхаммедтен, Саид әл-Хараканиден бірге үйренді.

Шәміл жастайынан-ақ Алла разы болатын ізгі істер істеуге барын салды. Ол ілім үйреніп жүрген шәкірт кезінде мынандай бір оқиға орын алыпты. Рамазан айы болса керек. Шәміл де өзге шәкірттермен көрші ауылдың мешітінде болады. Қас қарайған уақыт. Шәкірттердің қолында сәресіге арналған үш түйір талқаннан ғана бар еді. Оның өзі садақаға берілген. Бір кезде мешітке қарнының аштығын айтып, қайыр сұрап бір міскін кіреді. Өзі азғантай тамақты оған беріп қойып, ертең күні бойы аш жүруге тәуекел ете алмаған шәкірттер қозғала қоймайды. Шәміл ғана қараңғыда қайыршыға жақын келіп, қолындағы үш түйір талқанның екі түйірін оның алақанына салады. Міскін болса: «Алла сенің дәрежеңді көтерсін!» деп дұға етеді. Кейін имам болғанында осы оқиғаны еске алған Шәміл сол адамның өзінің өмірінде жолыққан Қызыр пайғамбар (а.с.) болуы мүмкін екендігін айтады.  

Тағы бір жолы Шәміл қатарластарымен таудағы алыс бір ауылға медресеге оқуға барады. Жататын арнайы орын болмағаннан кейін олар мешітке түнеп жүреді. Арада біраз уақыт өтеді. Достарының бірі таң намазына екі сағаттай уақыт қалғанда Шәмілдің сыртқа шығып кетіп, бір сағаттай жоғалып, сосын ғана қайтып келіп жүргенін байқап қалады. Оны өзгелеріне айтады. Достары Шәмілдің бұл қылығын сол ауылдың қызына ғашық болдыға балайды. Келесі түні барлығы өтірік ұйықтаған болып, Шәміл сыртқа шыққанда соңынан ереді. Ол болса ауыл сыртындағы құлағалы тұрған үйге кіріп кетеді. Енді бір сәтте қолына екі ыдыс ұстаған күйі қайта шығып, бұлақтан су алып, үйге қайта кіреді. Жарты сағаттан кейін сыртқа шыққан Шәміл асыққан кейіпте мешітке жүгіре жөнеледі. Ол кетіп қалғаннан кейін «Сүйген қызы осы үйде тұратын болды ғой!» деп кіріп барған жігіттер өз көздеріне өздері сенбей тұрып қалған еді. Үйде әрең қозғалатын бір кейуана қария ғана бар екен. Сөйтсе, келген беттен Шәміл ауылда көмекке зәру адамдардың бар-жоғын сұрапты. Оны қарайтын баласы, туған-туыстары жоқ, әбден қартайған осы қарияға алып келеді. Содан бастап, достары ұйқыда жатқанда болашақ имам кейуананың үйін жинап, суын әкеліп, қызмет көрсетіп жүрген екен. Міне, болашақ дін ғалымы, ұлт батыры жастайынан-ақ айналасындағы достарына хазіреті Әбу Бәкір (р.а.) сынды ізгіліктің, тақуалықтың үлгісін осылай көрсеткен. 

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: