10
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Имам Муслимнің имам Бұхариге деген ізеттілігі

Имам Муслимнің имам Бұхариге деген ізеттілігі

Ислам жұлдыздары

Ислам әлемінде араб ұлтынан шықпаса да, күллі мұсылман қауымы мойындаған ғалымдар баршылық. Солардың ішінде хадис жинап, әйгілі «Сахих әл-Бұхари» кітабын жинақтап жазып шыққан Имам әл-Бұхаридың орны ерекше. 

Алла тағала әл-Бұхариге жастайынан зор қабілет берді, ол хадистерді тез-ақ жаттап алатын, есте сақтау қабілеті мықты болатын. Ал Құранды жатқа білгені айтпаса да белгілі. Онымен бірге білім алған Хамид ибн Исмаил осы қасиеті туралы: “Әл-Бұхари Басрада, ол кезде балаң жігіт шағы, бізбен бірге хадис білгірлері саналған әртүрлі ғұламалардың сұхбатына қатысып жүрді, бірақ ол еш нәрсені жазып алмайтын. Біраз күндерден кейін оған: “Сен бізбен бірге әртүрлі ғұламаларға барасың, бірақ еш нәрсе жазбайсың. Мұның себебі неде?” – дестік. Он алты күн өткен соң ол бізге: “Сендер тым көп сөйлеп, мазамды алдыңдар! Қане, не жазғандарыңды көрсетіңдерші”, - деді. Біз өзіміз жазған 15 мыңнан астам хадистерді ұсындық. Сонда ол оның бәрін жатқа айта бастады, тіпті біз оның айтқанына қарап қателерімізді түзеуге кірістік. Сосын ол: “Мені ғұламаларға уақытты босқа өткізіп, еріккеннен барып жүр деп ойлайсыңдар ма?” – деді. Содан кейін ешкімнің оны басып оза алмасына көзіміз жетті”, - деп еске алады.

Ол өмірден өтерінде Аллаға “Мені Өз жағыңа ала көр!” деп дұға еткен екен. Өйткені, заманның өзгеріп бара жатқанын, бүлікшілердің көбейіп келе жатқанын көріп, қауіптенген. Содан көп өтпей, һижра жыл санауы бойынша 256-жылы сенбі күні, ораза айт мерекесі қарсаңында, кешке құптан намазының уақыты кіргеннен кейін дүниеден озған. Келесі күні бесін намазынан кейін жаназасы оқылған.

Имам Муслим бірде әл-Бұхаридың маңдайынан сүйіп: “Уа, ұстаздардың ұстазы, мұқаддистердің мырзасы және хадистер ақауының емшісі, аяғыңды сүюіме рұқсат ет! Сені күншіл ғана жек көруі мүмкін. Бұл дүниеде саған тең келер ешкімнің жоқтығына куәлік беремін”, - деген екен. Біздікі де дәл осы сүйіспеншілік... Жақсы көреміз, дәріптейміз, артыңда қалдырған “Сахихың” ақыретке дейін Ислам әлеміне қызмет етеді!

Алла тағала сені рақымына алсын, ей, хадистердің білгірі!    

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: