22
Жұма,
Қараша

һижри

Асқа деген адалдық

Ислам жұлдыздары

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хараммен қоректенген адамның ағзасындағы харамның тозақ отымен ғана тазарынатынын айтып, үмметіне ескерту жасаған. Осы ескертуді қаперге алған сахабалар мен кейінгі Алла достары харамның маңайына да жуымай, асқан мұқияттылықпен адал ғұмыр кешкен.

Ардаққты сахаба, мүміндердің халифасы, хазірет Әбу Бәкірдің (р.ғ.) басынан мынадай бір оқиға өткен. Әбу Бәкір (р.ғ.) өзіне тамақ әкелген қызметшісінен әрдайым асты қайдан, қалай тапқанын сұрайтын. Бірде хазіреті Әбу Бәкір (р.ғ.) қызметшісі әкелген сүт пен етті әдеттегінше тексеріп жатпай бірден ауыз салады. Шамасы қатты ашығып, тезірек ауыз ашуға асықса керек. Алдындағы астың біразын жегеннен кейін бірден іркіліп қалады. Күмәнді оймен қызметшісіне қарап: «Бұл тамақ қайдан келді, қандай ақшаға алдың?» - деп сұрайды. Қызметшісі хазірет Әбу Бәкірдің (р.ғ.) алдында өзін құл немесе қызметші секілді емес, өте еркін ұстайтын.

Қызметші Әбу Бәкірдің (р.ғ.) күмәнді назарына еш тосылмастан: «Жаһилия (надандық) кезінде пал ашушы едім. Сәуегейлік айтып, палшылықпен күнелтетінмін. Сол кездері пал ашып бергенім үшін бір кісі қарыз болып қалған-ды. Кеше келіп қарызымды қайтарды. Тамақты сол ақшаға сатып алдым», - деп жауап береді.

Мұны естіген хазірет Әбу Бәкірдің өңі өзгеріп, боп-боз болып кетеді. Іле-шала саусағын тамағына бойлатып, өзін зорлап тұрып ішіп-жегенінің барлығын ақтарып тастайды. Сөйтіп, ауыр өкінішпен: «Уа, Раббым! Қаныма сіңіп кеткендерінің кесірін тигізе көрме!», - деп дұға жасап, тәубе етеді.

Хазіреті Әбу Бәкірдің өзін мұншама қинағанына таңырқаған әлгі қызметші: «Уа, Алла елшісінің халифасы! Өзіңді неге мұнша қинайсың? Бұлай әбігерге түсудің қажеті қанша?» - деп сұрағанда Әбу Бәкір (р.ғ.): «Алла елшісінен өз құлағыммен естігенмін. Ол (с.ғ.с.) ағзасына бір түйір харам ас кеткен адамның тек жәһаннаммен ғана тазаратынын айтқан», - деп жауап қайырған екен.

 

«ummet.kz» рухани – ақпараттық порталы

 

Бөлісу: