21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Сені таңдар едім...

Ислам жұлдыздары

Пайғамбарымыз төсек тартып жатқанда сахабалар жағдайын сұрап, жиі-жиі үйіне барып тұратын. Араларында Әбу Бәкір де болған сондай зияраттардың бірінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) оларға:

 – Алла дүние мен ақыретті таңдау мәселесін құлының еркіне берді. Алайда құл ақыретті таңдады,– деді.

Бұл сөздің астарындағы жасырын мағынаны алғашында ешкім түсіне қоймады. Жалғыз Әбу Бәкір Пайғамбарымыз (с.а.у.) ишарат сөзбен өзінің өлімін меңзегенін түсініп, көз жасын төгіп былай деді:

– Әкеміз, анамыз, бала-шағамыз, дүниеміз бен жанымыз сенің жолыңда құрбан болсын, ей, Алланың Елшісі!

Пайғамбарымыз (с.а.у.) оның бұл парасаты мен сезімталдығына толқып:

– Әбу Бәкір, көңілің босамасын. Егер Алладан басқа бір дос таңдар болсам, тек сені таңдар едім. Алайда арамызда Ислам бауырластығы мен сүйіспеншілігі бар (бұл бәрінен де қымбат),– дегеннен кейін, – Әбу Бәкір үшін ашылған есіктен өзге мешіттегі барлық есіктер жабылсын,– деді.

Бұл оқиғадан бірнеше күн өткен соң Пайғамбары-мыздың (с.а.у.) денсаулығы жамағатқа намаз оқыта алмастай дәрежеде нашарлап кетті. Пайғамбарымыздан намазды кімнің оқытатыны сұралғанда Ол (с.а.у.):

– Әбу Бәкірге айтыңыздар, намазда имам болсын!– деді. Пайғамбарымыздың Әбу Бәкірге жамағатқа намаз оқытуды тапсыруы мұсылмандар үшін Пайғамбарымыздан кейін халифа болатынына ишарат еді.

Бұдан кейін ол мұсылмандарға имам болып, он жеті рет намаз оқытты. Тіпті бір таң намазында Пайғамбарымызға (с.а.у.) имамдық ету бақытына да ие болды. ("Саңлақ сахабалар" кітабынан)

«ummet.kz» рухани – ақпараттық порталы

Бөлісу: