19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Харам мен халалды ең жақсы білетін ғалым сахаба – Муаз ибн Жәбәл (р.а)

Харам мен халалды ең жақсы білетін ғалым сахаба – Муаз ибн Жәбәл (р.а)

Ислам жұлдыздары

«Ғалымдар қияметте бір жерге жиналған кезде, Муаз олардан бір оқ атым ілгері тұрады». (Хадис)

Азан шақырып қойған аты – Муаз ибн Жәбәл ибн Амр ибн Әус. Лақабы – Әбу Әбдуррахман. Ансардың алдыңғы қатарлы сахабаларының бірі. Әлемдердің Сұлтаны (с.ғ.с.) оны жанындай жақын тұтып жақсы көретін. “Әй, Муаз, сені жақсы көремін” деп бұл сүйіспеншілігін жария етіп айтатын. Сахабалардың арасында сымбаттылығымен қоса сыры терең, жұмсақ мінезді, биязы болатын. Және жомарттығымен де аты шыққан еді. Оны хазірет Омар (р.а) да аса жақсы көретін. Ол жайлы Омар: “Ана атаулы бұдан кейін дәл Муаздай адамды дүниеге әкеле алмайды. Егер Муаз болмаса, Омар құрдымға кетер еді. Муаз менің халифалығым кезінде тірі болғанда, оны өзімнен кейін халифа етіп тағайындар едім. Раббым менен оны не үшін халифа еткенімді сұрар болса: “О, Раббым! өз елшіңнің “Ғалымдар қияметте бір жерге жиналған кезде, Муаз олардан бір оқ атым ілгері тұрады” дегенін естідім” деп жауап берер едім”, – деді[1].

Хазірет Муаз Алла елшісінің (с.ғ.с.) сүннетін берік ұстанатын. Бір күні Пайғамбарымыз мешіттің құбыла жақ дуалынан бір түкірік көріп: “Әрбіреуіңіз намазға тұрған кезде шүбәсіз Раббыларыңызбен жүздесесіздер. Раббымыз – құбыла мен сендердің араларыңнан дұғаларды қабыл етуші. Олай болса ешкім құбыласына қарап түкірмесін. Егер түкіруі қажет болса, не сол жағына немесе сол аяғының астына түкірсін” дегенді. Муаз бұдан кейін “Исламды қабылдағаннан бері оң жағыма түкірген емеспін” деп, Алла елшісінің (с.ғ.с.) бүкіл іс-әрекеттерін үнемі қайталап, өнеге алғандығын көрсетіп кеткенді[2].

Муаз ибн Жәбәлдің басты ерекшеліктерінің бірі – Құранды жатқа біліп, тамаша әуезбен оқуында еді. Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Құранды мына төртеуінен: Абдуллаһ ибн Масғұт, Үбәй ибн Кәғб, Муаз ибн Жәбәл және Әбу Һузәйфәдан үйреніңдер” деп бұл ерекшелігін атап кеткен. Ол Пайғамбарымыздың дәуірінде Құран Кәрімнің жинастырылуына көп еңбек сіңірді[3]. Муаз ибн Жәбәл тақуалыққа ерекше мән беретін.

Түннің бір уағында үнемі тәһәжжуд намазына тұратын. Ол мінәжәттан соң: Уа, Алла! Дәл қазір көз біткен ұйқыға шомған, көкте жұлдыздар жылтырайды. Сен болсаң әрқашан ояу, жаратқандарыңды тегіс қадағалап тұрасың… Раббым, маған дүние мен ақыретте тура жол нәсіп ет! Шүбәсіз, Сен берген уәдеңнен таймайсың” деп дұға ететін[4]. Ибн Масғұт Муаз жайлы: “Еш шүбәсіз Аллаға бет бұрған мойынсұнуы терең жан еді, Аллаға серік қосушылардан болмады” деген. Оған: “Бұл сіздің айтқандарыңыз Құран Кәрімде Ибраһим пайғамбар жайында айтылған” деген кезде (Нәхл сүресі, 120) “Муаз да сондай еді. Қайырды біліп, сол жақсы жолды ұстанатын. Алла пен елшісіне бағынатын” деп оны Ибраһимге (а.с.) ұқсатқанды[5].

Муаз ибн Жәбәл Ардақты елшінің хадистерінің бізге дейін келіп жетуіне зор үлес қосты. Ол Абдуллаһ ибн Аббас, Абдуллаһ ибн Омар тәрізді т.б. сахабалардан хадис риуаят еткен. Ал, одан Әнәс ибн Мәлік, Мәсруқ, Әбу Туфәйл, Әсуәд ибн Һиләл, Әбу Мүслим әл-Хәуләни, Абдуллаһ ибн Қайс және Абдуллаһ ибн Ғәнам сияқты кісілер хадис риуаят еткен. Ол риуаят еткен хадистердің саны – жүз елу жеті ғана[6].

 Муаз ибн Жәбәл (р.а) – фақиһ[7] сахабалардың бірі. Пайғамбарымыздың көзінің тірісінде Үбәй ибн Қәғб және Зәйд ибн Сәбит сынды сахабалар сияқты пәтуа бере бастаған. Хазірет Муаз білімге көп мән беретін. Пайғамбарымыз ол жайлы: “Үмбетімнің арасында харам мен халалды ең жақсы білетін – Муаз”, – деген[8].

Қараңғылық пен жарықтың ара жігін айыра білетін Муаз ибн Жәбәл шынайы білім жайлы былай дейді: “Білім игеріңіздер. Өйткені, ол Алладан қорқуды күшейтеді. Ғылым іздеу – ғибадат. Ғылыми мәселелерді талқылау – Алланы ұлықтау деген сөз. Ғылымды паш ету – жиһад. Білмегендердің көзін ашу – садақа. Білімді лайық адамдарға үйрету – құлды Аллаға жақындатады. Өйткені, ілім арам мен адалды, ақ пен қараны ажыратып береді. Ғылым – амалдардың имамы. Амал – ғылымға бағынышты. Ғылым – Жәннатқа бастар шамшырақ, жалғыздықта дос, алыста жансерік, қайғы мен қуанышта жол сілтеуші, дұшпанға қарсы қару және достардың арасында абырой”[9].

Оның білімдарлығын, ықыласын жақсы білгендіктен Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед (с.ғ.с.) Исламды адамдарға түсіндіріп, Құранды үйретуі үшін оны Йеменге жібереді. Жолға аттанар алдында Пайғамбарымызбен арасында болған әңгімені хазірет Муаз былайша баяндайды: Алла расулы мені Йеменге жіберер кезде: “Сенен бір мәселе жайлы сұралғанда неге сүйеніп үкім жасайсың?”, – деп сұрады. Мен: “Алланың кітабына сүйеніп, үкім кесемін”, – деп жауап бердім. “Іздеген жауабыңды Алланың кітабынан таба алмасаң, неге сүйеніп үкім жасайсың?”, – деді. “Алла расулының үкімі бойынша”, – дедім. “Одан да таба алмасаң ше?”, – дегенде, “Өз ақылыммен ойланып шешемін”, – деп жауап бердім. Бұл жауапты естіген Пайғамбарымыз: “Разы болған мәселесінде Нәбиін табысқа жеткізген Аллаға мадақ!”, – деп, йемендіктерге: “Сіздерге сахабаларымның ішіндегі ілімді, дінді ең жақсы білетін қайырлы адамды жібердім”, – деп үшбу хат жазып жіберді[10]. Муаз ибн Жәбәлге мына өсиетті айтты: “Әй, Муаз! Әһли китап (Кітап иелері: яһудилер мен христиандар) қоғамына бара жатырсың. «Жәннаттың кілті не?» – деп сұраса, “Лә иләһә илләллаһ” – де. Ей, Муаз, үнемі кішіпейіл бол. Жұмсақ, ақылға қонымды үкім бер. Алла Тағала сенің бойыңнан шынайылық көрсе, саған жәрдем беріп, жетістікке жеткізеді. Егер бір мәселенің шешіміне ақылың жетпесе, ол мәселенің анық-қанығына жеткенге дейін күте біл немесе маған хабар жібер. Нәпсіңнің азғыруына ерме. Нәпсіңнің азғыруы сені жәһаннамға бастайды. Халыққа қайырымды әрі мейірімді бол. Әй, Муаз оларды Алладан басқа тәңірдің жоқ екендігіне және менің Алла елшісі екеніме куәлік етуге шақыр. Егер мұны қабыл етсе, Алланың бір күнде бес уақыт намазды парыз еткенін айт. Мұны да қабылдаса, байлардан алынып, кедей-кепшікке берілетін зекеттің оларға да парыз етілгенін айт[11]”.

Алла елшісінің (с.ғ.с.) Муаз ибн Жәбәлге айтқан мына қағидаларын ақиқаттың жаршылары мұсылмандардың ұстанатын өмірлік ұстанымына айналдыру керек. Пайғамбарымыз: – Халықты Исламға үндегенде оны қиындатпай, жеңілдетіңдер. Үрейлендіріп үркітпей, сүйіншілеңдер. Бас-басыңа би болмай, бірігіңдер. Маған ең жақын болғандар – толығымен мойынсұнғандар мен (қайда жүрсе де) Аллаға құлшылық етуін үзбейтін тақуа иелері, – деген. Өсиетін айтып болған соң қиын да жауапты іске лайық деп тапқан жақсы көретін сахабасымен бақұлдасады: “Әй, Муаз! Бәлкім, бұл біздің соңғы кездесуіміз шығар. Алла сені дінде жетістікке жеткізіп тура жол нәсіп етсін. Алдыңнан, артыңнан, оңыңнан, солыңнан, төбеңнен және астыңнан келуі бек мүмкін барлық пәле мен қатерден сақтасын. Адамдар мен жындардың жамандықтарын сенен алыстатсын. Сенің себепкерлігіңмен Алланың бір адамды тура жолға салуы сен үшін бүкіл дүниеден артық нәсіп. Ей, Муаз, қайтып оралғаныңда, бәлкім, менің қабірім мен мешітімді ғана зиярат етерсің, – деп, Өзінің Ұлы Досына (Аллаға) аттанарлық күнінің жақындағанын сездірген еді. Бұл сөздерді естіген Муаз төбесінен жай түскендей сенделіп, тамағына өксік тығылып, буын-буыны босап, қолдары қалтырап көзі мөлтілдеп жасқа толды. Сол сәтте оның Йеменге кетпек тұрмақ, орнынан тұруға да дәрмені қалмаған еді[12].

Сахабалар үшін Алла елшісінен (с.ғ.с.) жырақ қалу қияметтің қиынындай ауыр соғатын. Оның нұр шашып шапағатқа бөлеген рухани кеңістігінен жырақ қалу өмір шамшырақтарының маздап барып сөнуіндей үрейлі еді. Алла расулының (с.ғ.с.) айтқаны тура келді. Пайғамбарымыз дүние салғанша Йеменде Ислам жолында қызмет етті. Ол жерде мұсылмандардың саны күннен-күнге көбейіп жатты. Бір ретінде Нәһә тайпасынан жүз адам бірден оның себепкерлігімен Исламды қабылдады[13]. Муаз ибн Жәбәл Пайғамбарымыз қайтыс болып, Әбу Бәкірдің халифалығы тұсында Йеменнен оралды. Қалған өмірін Сирияда өткізіп Йорданияда оба індетіне шалдығып, небәрі отыз сегіз жасында дүниеден озды[14].

Материал «Саңлақ сахабалар» кітабынан алынды

Ummet.kz


[1] Табақат, 3: 583-590.

[2] Бухари, тәжриди сарих тержумеси, 2, 353-354.

[3] Муснәд, 2, 190; Тәжрид тержумеси, 9,401; 10,22.

[4] Усдул-ғаба, 7, 194-197.

[5] Усдул-ғаба, 7, 197.

[6] әз-Зәһәби, Тәзкирәтуль-хуффаз, 1, 19-22.

[7] Фақиһ – Ислам хұқығының маманы, үкім шығарушы дін ғалымы.

[8] Тирмизи, манақыб: 33; Тәжрид тержумеси, 1, 84.

[9] Табақат, 2:347.

[10] Табақат, 3, 583-590.

[11] Бухари, зекет, 1.

[12] Муснад, 5:235.

[13] Табақат, 3:584.

[14] М, Әсәд, Ислам тарихы, ауд. А.Л.Казанжы-О.Казанжы, Истанбул, 1983, 833.

Бөлісу: