19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Сахаба болу бақытына ие болған яһуди ғалымы

Сахаба болу бақытына ие болған яһуди ғалымы

Ислам жұлдыздары

Бұл қаһарманымыздың мұсылман болуы бізге хазірет Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көптен күтілген соңғы Пайғамбар болғандығын айқындай түседі.

Сондықтан оның мұсылман болуы жайлы оқиғасына кеңірек тоқталамыз. Әл-Хусәйн ибн Сәлам болашақ ұлы мәдениеттердің қайнаған ошағы нұрлы Мәдинаның маңында өмір сүрген Яһуди тайпаларының бірі Бәну Қайнуқада дүниеге келген. Әкесі Сәлам мен атасы Харис яхудилердің арасындағы ең білгір ғалымдарынан еді. Әкесі Хусәйннің ғалым болып өсуін қалап, арнайы тәлім-тәрбие беріп, көзінің қарашығындай қарады. Уақыт өте келе Хусәйн яһудилердің арасында саусақпен санарлық ғалым дәрежесіне жетті. Ол халық арасында білгірлігі, діндарлығы мен туралығы жағынан танылды. Уақытының көбін синагогта уағыз жасап, ғибадат етумен және Тәуратты зерттеп үйренумен өткізетін. Тәуратты әр оқыған сайын Меккеде шығатын соңғы пайғамбардың белгілерін оқып, терең ойға шоматын. Соңғы Пайғамбардың Мәдинаға көшетінін де кітаптарынан оқып үйренген Хусәйн оның келуін асыға күтіп, Алладан сол күнге жеткізуін сұрап мінәжат ететін. Мәдинадағы яһудилер де Әлемдердің рақым нұрын (с.ғ.с.) екі көзі төрт болып күтуде еді. Оның келуіне аз қалғанын да сезетін. Алла Тағала Хусәйннің тілегін қабыл етіп, оның соңғы Пайғамбармен кездесуін және Ислам шуағын жаю жолында қызмет етуді нәсіп етті.

Пайғамбарымызбен жолығып, мұсылман болуы жайлы өзі былай дейді: «Алла Елшісінің пайғамбарлығын естіген кезде қуанышым қойныма сыймады. Өйткені, алдын ала оның атын, сипаттарын және келетін уақытын кітабымыздан оқып білген едім. Сол күнді асыға күттім. Алайда оның Мәдинаға келгеніне дейін мұны ешкімге айтпауды жөн көрдім. Алла Елшісінің Қубаға келгені жайлы бір кісі хабар жеткізгенде мен құрма ағашының басында құрма жинап жатқан болатынмын. Нағашы әпкем Халида бинт Харисә ағаштың түбінде отырған. Алла Расулының (с.ғ.с.) келгенін естіген кезде қуанғаннан бар даусыммен “Аллаһу әкбар!” дедім. Айқайлағанымды ұнатпаған әпкем: – Өй, құдай ұрғыр! Егер Имранұлы Мұса келсе, мұншама қуанбас едің, ә? – дегенде қуаныштан жүрегім жарыла жаздап: – Әпкетайым-ау! Аллаға ант етейін! Имранұлы Мұса қандай дінді уағыздаған болса, ол да сол дінді жаю үшін жіберілген, – дедім. Аңтарылып қалған әпкем бір сәт ойланды да: Әлде бұл біздің қияметтен бұрын келуін сарғая күткен соңғы пайғамбар ма? – дегенде, әпкеме: Иә, нақ өзі, – дедім.

Алла Елшісін көру үшін оқтай ұштым. Барғанымда есігінің алдында адамдар лық толы екен. Әрең дегенде қасына жақындадым. Айтқан сөздерінен алғаш естігенім мынау болды: – Ей, жарандар! Араларыңда сәлемді кең таратыңдар. Елге тамақ жегізіңдер. Түн қараңғылығында, ел шырт ұйқыда жатқанда намаз оқыңдар, туған-туыстарыңмен байланыс үзбей көңілін сұраңдар, осылайша Жәннатқа кіретіндіктеріңе сенімді болыңдар. Бұл сөздерге қатты еліткен мен бет-әлпетіне барлай қарап: «Мынадай жүзде ешбір жалғандық жоқ», – деп бірден иман келтірдім. Алла Елшісі: – Сенің атың кім? – деп сұрағанда: – Хусәйн ибн Сәлам, – дедім. Жоқ, сенің атың – АбдуллаҺ ибн Сәлам, – деді. Осыдан кейін мен басқа есіммен шақырылуды қаламайтын болдым».

Тегінде барлық яһуди мен христиандар Алла Елшісімен таныс еді. Бірақ, күншілдік пен кекшілдіктері иманға келулеріне негізгі тосқауыл болып тұрды. Ап-анық танып білетіндері сонша – иман келтіруге тек Алла Елшісіне бір сәт көз тоқтатып қараса жетіп жатыр. Олар оның барлық түр-түсін жақсы білетін. Құран Кәрім осы ақиқат жайлы былай дейді: «Өздеріне кітап бергендеріміз, оны өз ұлдарын танығандай таниды. (Бұған қарамастан) олардың бір тобы, біле тұра шындықты жасырады» («Бақара» сүресі, 146). Аятта Алла Елшісінің (с.ғ.с.) есімі аталмай, “оны” деуі мынандай мағынаны меңзейді. Кітап иелерінің (яһуди, христиан) барлығы соңғы келетін Пайғамбарды сөз етіп, “ол” деген кезде бәрі Тәурат пен Інжілде есімі жазылған кісі деп білетін. Ол күдіксіз хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) еді. Яһуди мен христиандардың Пайғамбарды өз ұлдарынан да жақсы танитынының мәні осында.

Бір күні хазірет Омар (р.а) Абдуллаһ ибн Сәламнан: – Алла Елшісін өз балаларың секілді танитын ба едіңдер? – деп сұрады. Ол: – Өз баламнан да жақсы танитын едім, – деп жауап қайырды. Омар Фаруқ, екінші рет: «Қалай?» – деп сұрағанда: «Балама шек-шүбә келтіруім мүмкін. Бірақ, Алла Елшісінің ақырғы пайғамбар екендігіне ешбір күмәнім жоқ», – деді. Бұл жауапқа Омар дән разы болып, орнынан тұрып, Абдуллаһ ибн Сәламның маңдайынан сүйді[1].

Абдуллаһ ибн Сәлам мұсылман болғаннан кейін отбасындағыларға да Исламды уағыздады. Олардың бәрі Исламды қабылдады. Абдуллаһ ибн Сәлам оларға мұсылман болғандарын әзірге ешкімге жария етпеулерін ескертті[2]. Әрине, Абдуллаһ ибн Сәлам сияқты ғалымдарының басқа дінге өтуі яһудилер үшін ауыр соққы болды. Мұсылман болмастан бұрын яһудилер оны пір тұтып, құрмет көрсетсе, Исламды қабылдағаны үшін одан тайқып шыға келді. Абдуллаһ ибн Сәлам Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) ақылдасып яһудилерді сынамақ болды. Пайғамбарымыз яһудилерді үйіне жинап, әдейі хазірет Абдулла жайлы пікірлерін сұрады. Олар Абдуллаһтың да, әкесінің де араларындағы ең абзал, ең қайырлы, ең білімді кісілер екенін айтып мақтады. Пайғамбарымыз олардан: «Егер Абдуллаһ мұсылман болса, сендер де иманға келесіңдер ме?», – деп сұрайды. Яһудилер бұлай болуы мүмкін емес деп ойлағандықтан: «иә», – деп жауап берген кезде, Пайғамбарымыздың үйінде жасырынып тұрған жерінен шыққан Абдуллаһ Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Тәурат пен Інжілде жазылған соңғы Елші екенін қабылдағанын айтады, бірақ яһудилер табан астында тайқып шыға келді. Алдында ғана мақтан тұтып, халқының қалаулысы, елінің елеулісі екенін айтқан яһудилер оны жерден алып жерге салды. Әкесінің де, өзінің де араларындағы ең жаман адамдар екенін беттері бүлк етпей айтып шыға келді[3]. Абдуллаһ ибн Сәлам өзінің қандастарына қарап: – Әй, яһудилер! Алладан қорқыңдар. Мұхаммедтің айтқандарын қабылдаңдар. Сендер оның Тәуратта аты мен сипаттары жазылған пайғамбар екенін де білесіңдер, – деген еді. Алайда пайғамбарлықтың өз араларынан шықпағанын көре алмаған өркөкірек яһудилер ақиқатты қабылдағысы келмеді.

Абдуллаһ ибн Сәламның дәрежесі қаншалықты жоғары болғанына Құрандағы мына аят куәлік етеді: «Көрдіңіздер ме? Егер Құран Алладан түсіп, сендер оған қарсы болсаңдар, сондай-ақ, Израил ұрпақтарынан осы сияқты Құранда білдірілген ақиқаттарға куәлік етсе де, сендер тәкаппарлық жасап, менменсіп иман етпесеңдер, әрине, Алла залым елді тура жолға салмайды – де» («Ахқаф» сүресі, 10.)

Абдуллаһ ибн Сәлам сахабалардың арасында білімділігімен қатар тақуалығымен көзге түскен «Абадилаус-саб‘а» (жеті Абдуллаһ) деген атпен танымал ғалым сахабалардың бірі еді. Ол жайлы Муаз ибн Жәбәл қайтыс болар кезде өзінен өсиет сұрағандарға: «Ілім мен иманға іздеген адам жетеді. Ілімді мына төрт кісіден алыңдар: Әбу Дәрдә, Сәлман Фариси, Абдуллаһ ибн Мәсғұд және Абдуллаһ ибн Сәлам. Өйткені Алланың Елшісі «Абдуллаһ ибн Сәлам – Жәннатпен сүйіншіленген он адамның он біріншісі» деген болатын» деген өсиетін айтып кетті[4].

Материал «Саңлақ сахабалар» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Мухтасару тәфсири ибн кәсир 1/140; Суюти, әд-дурульмәнсур,1/357 ден ан-Нурул-халид, 1:47

[2] Негізінде бұл уақиға Пайғамбарымыздың келетінін алдына ала білген адамдардың бар болғандығын қуаттайды. Өйткені араб түбегінде өмір сүрген адамдардың арасында яһуди мен христиан дінін ұстанушылар өз кітаптарынан соңғы пайғамбардың келетінін білетін. Бұған, Тәурат пен Інжілді, Эфиопия патшасы Нажашидің оқиғасын, монах Бахира мен Уарақа ибн Нәуфәлдардың оқиғаларын және сол кезде араб түбегінде һаниф дінін ұстанған адамдардың пайғамбарды күткендіктерін тарихи кітаптардан кездестіруге болады. Яһуди ғалымы Абдуллаһ ибн Сәламның мұсылман болуы, ибн Хәийабанның Исламды қабылдауы, Сәлман әл-Фарисидің иман келтіру, Әбу Бәкірдің хақ дінге кіруі сияқты көптеген оқиғаларды дәлел ретінде келтіруге болады.

[3] Сира, 2:164.

[4] Табақат, 2:353; Усдул-ғаба, 3:177; Кеңірек мәлімет үшін қараңыз: Р. Хайламаз, Диллердеки мужде, Измир, 2003, 173- 191.

Бөлісу: