21
Сәрсенбі, Қараша

һижри

Ғұмыры ғибратты әйел сахаба

Ғұмыры ғибратты әйел сахаба

Ислам жұлдыздары
Шрифт

“Әке-шешем жолыңда құрбан болсын, уа, Расулалла! Сен тірі болшы, басқа қиыншылықтар түк емес”.

(Сүмәйра бинт Қайс)

Қанды Ұхұт шайқасында мұсылмандар жеңіліске ұшырады және Расулалла (ﷺ) шейіт болды деген жаңсақ хабарды ести сала, екі өкпесін қолына алып, соғыс алаңына барған қаһарман әйелдердің бірі – хазірет Сүмәйра.

Ұхұт шайқасына қатысып қаһармандық танытқан асыл ерлердің қатарында Сүмәйраның күйеуі, бауыры және баласы бар еді. Ұхұт шайқасында бұл үшеуі де шейіт болып, денелерінен сау-тамтық қалмайды. Соғыс алаңына келген Сүмәйраға сахабалар көңіл айтып, сабыр тіледі. Алайда ол: “Аллаһ расулы қандай күйде?”, - деп сұраумен болды. Сахабалар Алла Елшісінің (ﷺ) тірі екенін айтса да, өз көзімен көрмейінше көңілі көншімеді. Жанындағылардан Аллаһ расулының қайда екенін сұрап алып, бөгелместен сол жаққа қарай бет алды. Пайғамбарымыздың (ﷺ) тірі екендігін өз көзімен көріп қуанғаннан Сүмәйраның жанарынан жас ыршып кетеді: “Әке-шешем жолыңда құрбан болсын, уа, Расулаллаһ! Сен тірі болшы, басқа қиыншылықтар түк емес”, – деді[1].

Күйеуі мен баласы екеуінен бірдей айырылып қалу өзіне ауыр тисе де, олардың Жәннатқа баратынына сенген Сүмәйра көңіліне жұбаныш таба алды. Ал, Алла Расулының (с.а.с.) қазасын сахабалардың көбісі көтере алмайтын еді. Алла Расулынан (ﷺ) айырылу олар үшін Алладан келген нұрдың сөнуімен бірдей қасірет еді.

Сахабалар үшін Алла Расулының (ﷺ) тірі болуы дүниедегі бар нәрседен қымбат, олар Алла Расулын (ﷺ) өз жандарынан да артық жақсы көретін. Сахабалардың мәртебесін көтерген де осы Алла Елшісіне (ﷺ) деген шексіз сүйіспеншілік болатын. Алла Расулының (ﷺ) барлық сахабаға, барша мұсылмандарға, күллі адамзатқа жүрегінен жеке-жеке орын табылуының өзі Оның (ﷺ) Алланың Елшісі екендігіне анық дәлел. Он төрт ғасыр өтсе де арғы-бергі тарихтағы ұлы тұлғалардың арасында аты аталатын жалғыз хазірет Мұхаммедтің (ﷺ) даңқы қияметке дейін сөнбейтіндігіне күллі ғалам куәлік ете алады.

(Материал Алау Әділбаевтың "Саңлақ сахабалар" атты кітабынан алынды)

 _____________________

[1] Ибн Кәсир, әл-Бидая, 4/54; Сахабилер ансиклопедиси, 2:796-798.

Категория бойынша