21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Жұмақ жастарының мырзасы – 1

Жұмақ жастарының мырзасы – 1

Ислам жұлдыздары

Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ «жұмақ жастарының мырзасы» деп атаған сүйікті екі немересінің бірі – хазрет Хасан (р.а.).  Ол пайғамбарлықтың нұрына шомылып, мейірімі мен ықыласына бөленіп өскен бозбала.

Жұмсақ мінезді, жомарт, байсалды және биязы жас. Мұсылмандар арасында ауызбірлікті сақтауға барын салған сабырлы әрі мәрт азамат. «Әділетті халифтердің» бесіншісі, «жұмақ жастарының мырзасы[1]».

Хазреті Хасан  (р.а.) миләди/григориан жыл санағы бойынша 625 жылы, һижри 3-жылы Мәдина қаласында дүниеге келді. Құлағына Пайғамбарымыз ﷺ азан шақырып, қамат оқыды. Сөйтіп есімін Хасан деп қойды. Туғаннан кейін 7-күнінде ақиқа құрбаны шалынды. Сүндеттеліп, шашы алынды және хазреті Әли (р.а.) мен хазреті Фатимаға (р.а.) шашының салмағындай күмісті садақа ретінде беру тапсырылды.

Пайғамбарымызға ﷺ  жамалы мен ажары жағынан ең көп ұқсаған немересі де осы хазреті Хасан еді. Хазреті Әбу Бәкір (р.а.) оны құшағына алып еркелеткенде: «Әй, Нәбиге аумай қалған, Әлиге ұқсамаған» деп қалжыңдайтын еді. Хазреті Әли (р.а.) оның бұл әзіліне күлетін.  

Адамзаттың асыл тәжі саналған Пайғамбарлар сұлтанының тәрбиесінде өскен хазреті Хасанды Алла Елшісі ﷺ де ерекше жақсы көретін. Бір күні Пайғамбарымыздың алдында Хасан мен Хүсейін күресіп ойнап жатқан еді. Алла Елшісі ﷺ екі балаға сүйсіне қарап, үнемі Хасанға қолдау көрсетіп отырды. Мұны байқаған аналары Фатима (р.а.) шыдай алмай, сүйікті әкесіне: «Уа, Алланың Елшісі ﷺ, тек Хасанға қолдау көрсетіп отырсыз. Оның жасы үлкен ғой, кішкентайына көмек беру керек емес пе?» дегенде, Пайғамбар әкесі ﷺ:  «Фатима, Жәбірейіл (а.с.) Хүсейінге жәрдем беріп отыр ғой», - деп қызын жұбатқан екен.

Алла Елшісінің екі райханы

Хазреті Хасан мен Хүсейін аталарының жанынан бір елі ажырамайтын еді. Аталары да оларды құшағына алып, иіскеп еркелететін. Бір күні Пайғамбарымыздың ﷺ алдында екі немересі асыр салып ойнап отырғанын көрген Әбу Әюб әл-Әнсари (р.а.): Уа, Расулулла, оларды қатты жақсы көресің бе? – деп сұрайды. Сонда Алланың Елшісі ﷺ: «Қалайша жақсы көрмейін, олар менің осы дүниедегі иіскеп, сүйген екі райханым ғой», - деп жауап қатты. Хасан мен Хүсейін аталарының тізесінде отырып, оның сақалымен ойнайтын. Бірде тағы да алдында ойнап отырған немерелеріне мейірлене қараған Пайғамбар ﷺ: «Уа, Алла, мен бұл екеуін жақсы көремін. Сен де оларды сүй», деп дұға етеді.  Аталары сүйікті немерелерінің қалауын дереу орындауға тырысатын еді. Арқасына мінгізіп алып жүретін кездері де болатын. Кейде сәждаға барғанда немерелері үстіне шығып алса, олар түскенше басын көтермейтін еді. Бір ретінде мешітте хұтпа оқып отырғанда Хасан мен Хүсейіннің келгенін көрді. Хұтпасын тоқтатып, мінберден түсіп, оларды бауырына басып, сүйіп, сосын хұтпасын қайта жалғастырды. Асхабына немерелерін көргенде шыдай алмағанын айтқан Алла Елшісі ﷺ  артынша: «Дүние-мүліктерің де, бала-шағаларың да сендер үшін бір сынақ» («Тағабун» сүресі, 15) аятын оқыды.

Әһли бәйт – Пайғамбар отбасы

Бір күні екі дүние Сардары ﷺ қызы, күйеу баласы және немерелерімен бірге отырғанда олардың үстіне киімін жауып: «Уа, Пайғамбар отбасы! Алла сендерді настық атаулыдан толық арылтып, әбден тазартып, пәк етуді қалайды» («Ахзаб» сүресі, 33) аятын оқыды, сосын «Уа, Алла, менің отбасым (әһли бәйтім) осылар», деді.

Хазреті Хасан өте жомарт еді. Алла разылығына бөлену үшін қолында барын пақырларға, мұқтаждарға тарататын. Садақа бермесе тұра алмайтын. Дегенмен, бірдеңе сатып алатын болса міндетті түрде саудаласып, мүмкін болғанынша арзандатуға тырысатын. Бұл әрекетіне таң қалып: «1000 дирхамды садақаға оңай бере саласыз да, болмашы нәрсеге неге осынша саудаласасыз?» деп таңырқағандарға, «бергендеріміз Алла разылығы үшін, сондықтан қанша берсек те аздық етеді. Ал саудада алдану ақыл мен малдың нұқсандығынан» деп жауап берген екен.

Сондай-ақ Хазреті Хасан сыйлық бергенді жаны жақсы көретін. Өзіне келген сыйлықтардың қарсылығын еселеп қайтаруға тырысатын еді.

Қантөгістің алдын алуы

Ол әкесі хазреті Әли (р.а.) шейіт болған миләди 661 жылы (һижри 40 жылы) Рамазан айының соңында халифа болды. Оған (р.а.) 40 000 кісі серт (биат) береді. Ал Мысыр мен Шам халқы Мұғауияға (р.а.) биат еткен еді. Халифалығының 7-айы басталғанымен әлі де екі тарап бір мәмілеге келе алмады. Бір-біріне қарсы әскер дайындап, соғысқа шығу хабары келген кезде мұсылмандардың бір-бірін өлтіруіне хазреті Хасанның көңілі разы болмады. Болмысында ешбір мұсылманға қарсы жамандығы жоқ ол халифалықты Мұғауияға берді. Осылайша қан төгістің алдын алды және Алла Елшісінің ﷺ тағы бір мұғжизасының орындалуына себеп болды. Хазреті Хасанның бала күнінде ардақты Пайғамбарымыз ﷺ оны көрсетіп: «Бұл балам – Сейид. Алла Тағала оның себебімен екі мұсылман қауымның арасын татуластырады деп үміттенемін», деген еді.

Хазреті Хасанның шейіт болуы

Екеуара келісімнен кейін хазреті Хасан Мәдина қаласына орналасты. Мұғауиямен татуласу барысында одан кейін халифа болады деп келісілген еді. Бірақ Мұғауияның ұлы Язид іштей мұны қабылдай алмады. Қулық пен айлаға сүйенген ол хазреті Хасанның жары арқылы улануына себеп болды. Удың әсерімен өте ауыр науқасқа ұшыраған Хасан енді аяққа тұрмасын сезеді. Сөйтіп інісі Хүсейінге аталарының жанына жерленуі үшін Айша анамыздан (р.а.) рұқсат алуын сұрайды. Ал егер мүмкін болмаса «Жәннатул Бақида» анасының жанына жерлеуін өсиет етеді. Хазреті Айша Пайғамбарымыздың ﷺ жанында жерленуіне рұқсат бергенімен, қала әкімі Мәрван ибн Хакәм наразылықтар туындамасын деп екінші өсиетін қолдайды. Осылайша миләди 670 жылы қайтыс болған хазреті Хасан анасының жанында «Жәннатул Бақида» жерленеді.   

Хазреті Хасан 13 хадис жеткізген. Жеткізген хадистерінің бірі: «Күдіктіні таста, күдік ұялатпайтынын ұстан. Өйткені көңіл (сөзде және істе) шындықтан тыныштық табады, өтіріктен секем алады». Хазреті Хасанның нәсілінен тараған ұрпаққа «шәриф» атауы берілген.  

Аударған Индира Жұмабекқызы

Ummet.kz


[1] «Хасан мен Хұсейін жұмақтағы жастардың мырзасы» (Тирмизи, Мәнасик, 31)

Бөлісу: