21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Адамға періштелердің сәжде қылуы

Адамға періштелердің сәжде қылуы

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Сонымен, Алла Тағала Адамның құрметті әрі білімді екенін көрсеткеннен кейін періштелерге оған сәжде қылуды бұйырды. Олардың арасында Ібіліс те бар еді.

Ол бұған дейін Аллаға ешқашан қарсы келмеген ізгі жындардың бірі болатын. Алла Тағала оны жасаған ғибадатының құрметі ретінде көкке көтеріп, дәрежесін періштелермен теңестірген-ді. Бірақ ол әсілінде періште емес болатын. Періштелермен қатар Адамға сәжде қылу Ібіліске де бұйырылған еді. Бірақ ол Алла Тағаланың бұйрығына қарсы келді. Сөйтіп, Алланың қаһарына ұшыраған ол жұмақтан қуылып тынды. Бұл туралы Алла Тағала: «Біз сендерді жараттық, одан кейін тұлғасын сомдадық, кейін періштелерге «Адамға сәжде қылыңдар!» – дедік. Сонда олар сәжде етті. Тек, Ібіліс сәжде етушілерден болмады», – деп айтқан.

(Алла Ібіліске):

– Мен бұйырғанымда сәжде етпейтіндей, саған не кедергі болды? – деді.

Ол:

– Мен одан артықпын. Сен мені оттан жараттың, ал оны лайдан жараттың, – деді.

(Алла):

– Бұл жерден (жаннаттан) түс. Сенің бұл жерде тәкаппарлық етуіңе орын жоқ. Шығып кет! Сен қор етілгендерденсің, – деді.

(Ібіліс):

– Маған олар қайта тірілетін күнге дейін мұрсат бер, – деді.

(Сонда Алла Тағала):

– Сен мұрсат берілгендерденсің, – деді.

(Ібіліс рұқсат алып болғаннан соң):

– Ендеше, мені қаңғыртқаның себепті мен де оларға қарсы Сенің тура жолыңда отырып аламын. Сонан соң оларға алды-артынан, оң-солынан келемін де, Сен олардың көбін шүкір етушілердің қатарынан таппайсың, – деді.

(Оған Алла Тағала):

– Бұл жерден айыпталған, қуылған түрде шық! Олардан (адамдардан) кім саған ерсе, міндетті түрде жаһаннамды сендердің бәріңмен (шайтан әрі оған ерген адамдар және жындармен) толтырамын, – деді.

Бұл әңгіме басқа бір аяттарда толығырақ келтірілген: «(Мұхаммед!) Сол уақытта Раббың періштелерге: «Мен кепкен қара лайдан адам жаратамын. Оның жаратылысын тамамдап, оған рухымнан үрлеген (жан салған) сәтте, оған сәжде қылыңдар!» – деді. Сонда періштелер түгел сәжде қылды. Бірақ Ібіліс сәжде қылушылармен бірге болудан бас тартты.

(Алла Тағала):

– Ей, Ібіліс! Сен неге сәжде қылушылармен бірге болмадың? – деді.

(Ібіліс):

– Сен кепкен қара лайдан жаратқан адамға сәжде етпеймін, – деді.

(Алла):

– Онда жәннаттан шық! Өйткені сен (жәннаттан) қуылдың және саған Қиямет күніне дейін лағынет бар, – деді.

(Ібіліс):

– Раббым! Ендеше, маған қайта тірілер күнге дейін мұрсат бер, – деді.

(Алла Ібіліске):

– Сен белгілі бір мерзімге мұрсат берілгендерденсің, – деді.

Ол:

– Раббым! Мені қаңғыртқаның үшін адам баласына жер жүзіндегі (жаман) нәрселерді жақсы көрсетіп, олардың шынайы құлдарыңнан басқаларының барлығын адастырамын, – деді.

(Алла):

– Маған келетін тура жол осы. Менің шынайы құлдарыма ықпалың жүрмейді. Бірақ саған кім ерсе, ол адасқандардан болады. Сөз жоқ, олардың бәрінің уәделі жері – жаһаннам, – деді».

Аллаға жасалған алғашқы күнәдан хабар беретін аяттар жеткілікті. Оған алғаш қарсы шыққан Ібіліс еді, оған Алланың лағынеті болсын. Алла Тағала Өзіне қарсы шыққанды бірден жазалап, оны кәпірлер санатына қосты. «Кәпір» – Алла Тағаланың нығметін жоққа шығарушы. Алла Тағала Ібілісті көкке шығарып, дәрежесін көтерді, ал ол Оның нығметін жоққа шығарды.


материал «Пайғамбарлар хиссасы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: