10
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мәдиян халқы және Шұғайып пайғамбар (а.с)

Мәдиян халқы және Шұғайып пайғамбар (а.с)

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Шұғайып пайғамбарға қатысты мәлімет Құранның он шақты жерінде кездеседі. Хақ Тағала оны Мәдиян еліне пайғамбар етіп жібереді. Осы Мәдиян елі сондай-ақ «Әйкә халқы» деп те аталады.

Құранда: «Әйкә жұрты елшілерге сенімсіздік танытты. Сол кезде Шұғайып оларға:  Қорықпайсыңдар ма?», – деген еді»[1] дейді. Кейбір тәпсіршілер «Әйкә жұртын» Мәдияннан басқа ел деп айтады. Хақ Тағала Мәдиян елін жермен жексен еткеннен кейін, Шұғайып пайғамбарды осы елге көршілес Әйкә еліне жіберген деседі. Анығына келсек, Мәдиян халқы сол Әйкә жұртының өзі. Өйткені оған байланысты мәліметтер «Шұғара» сүресінде кездеседі. Аятта ескертілген таразыға қатысты жайттар Мәдиян халқына тән. Олардың «Әйкә» болып аталу себебі, сол жердің жанға жағымды, өсімдігі мол сазды жер екендігінде. Әйкә халқы сауда мен егіншілікті  атар кәсіп еткен[2].

Шұғайып (а.с) Ибраһим пайғамбардың ұрпағынан тараған. Мәдиян халқы Араб түбегіндегі Шам өңірінде өмір сүрген-ді. Мәдиян халқы әу баста бір Құдайға құлшылық еткен халық болғанымен, бірнеше ұрпақ алмасқан соң, бірте-бірте тура жолдан тая бастады. Сондай-ақ мінез-құлықтары да бұзылып, сауда-саттықта да, басқадай қатынаста да бір-бірлеріне деген сенімін жоғалтты. Мәселен, сауда жасау барысында бір-бірін алдап соғу, әсіресе, зат алғанда артығымен алып, бергенде таразыны кем тартып, сол арқылы пайда табу қоғамда белең алды. Әр адам қарақан басының пайдасын ғана ойлап, күн өткен сайын адамгершіліктен алыстай берді. Осындай жағдайда Шұғайып (а.с) оларға пайғамбар ретінде жіберілді.

Мәдиян халқы негізінен арабтардан құралған болатын. Шұғайып пайғамбар (а.с) тілге өте шешен кісі еді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) бір хадисінде ол туралы «Пайғамбарлардың ең сөзге шешені»[3] дейді. Шұғайып пайғамбар оларға жылы сөздермен дін уағыздады: «Уа, халқым! Алла Тағалаға құлшылық қылыңдар. Сендердің Одан өзге ешбір тәңірлерің жоқ. Сондай-ақ өлшемнен, таразыдан жегенді қойыңдар. Расында, қазір молшылықтасыңдар. Бұлай кете берсеңдер, азапқа ұшырайтын күннен қорқамын»[4].

Хақ пайғамбар оларды туралыққа шақырып: «Уа, халқым! Өлшегенде, есептегенде, дәлдіктен таймаңдар, кісі ақысын жемеңдер! Сондай-ақ жер жүзінде бүлік шығармаңдар. Егер мүмин болсаңдар, сендерге Алла Тағаланың берген адал нәрсесі қайырлы. Мен тек сендердің жақсылықтарыңды ойлағандықтан насихат айтамын. Әйтпесе сендерге күзетші емеспін»[5], – деді. Егер осы жасаған істерінен бас тартпайтын болса көп ұзамай бастарына ауыр азап келетінін һәм сол апат келген кезде, ешбір адам өзін де, дүниесін де, тіпті бала-шағасын да құтқара алмайтындықтарын ескертіп айтты. Алайда мәдияндықтарға, әсіресе, олардың басшылары мен байларына пайғамбардың бұл сөздері ұнамады. Олар дереу: «Ей, Шұғайып! Сонда сен жылдар, тіпті ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ата-бабаларымыздан аманат боп қалған осы әдет-ғұрыптарды және олардың діндерін аяқ асты етіп, бет бұруымызды қалап отырсың ба? Һәм сауданың негізі мен мақсаты қандай жолмен болсын баю, пайда табу. Біз біреуді алдап, енді біреуден тартып алып, кейде кем тарту арқылы осындай өркениетті де ауқатты қоғам құрдық. Байлығымыз бен мансабымызды төрткүл дүние танып, шартараптан бізге күнде ағылып сауда керуендері келуде. Ендеше, сен бізге бұдан өзге қандай бақытты ұсынбақсың. Бізді осының бәрінен бас тартсын деп кім айтты? Әлде саған осылай ой салған намаз ба? Былай қарасаң ақылды, парасатты тәп-тәуір-ақ жансың», – деді.

Хақ пайғамбар халық арасында аса парасатты да, өресі биік өр тұлғалы, намаз оқитын адам ретінде танылған. Осыны білген ел билеушілері оның намаз оқығаны мен пайғамбарлығын әжуалап, кекетіп-мұқатып мазақ еткен еді. Алайда сөзге шешен хазірет Шұғайып үшін олардың сөзіне төтеп беру тым жеңіл еді. «Уа, елім! Мен не айтсам да айқын дәлел мен мұғжизаға сүйеніп айтам. Мен тек Раббымның уахиымен және аянымен ғана сөйлеймін. Маған Раббым аса ғажап, адал ризық нәсіп етті. Сондай-ақ, маған пайғамбарлық міндет берді. Ендеше мен сендерді Хақ Тағалаға серік қосудан, адамдардың ақысын жеуден, бүлік шығарудан тыйып, тәухидке, таразыдан жемеуге шақырамын. Менің міндетім шамамның жеткенінше тәблиғ етіп, сендерге дінді қалтқысыз жеткізу. Табысты болып, діттеген мақсатыма жету Алла Тағаланың қалауы мен көмегі арқылы болмақ. Алайда мен сәт сайын Аллаға тәуекел етем, түбі Соның алдына қайтатыным да хақ. Мен сендерді күндіз-түні осындай ізгілік пен бақытқа шақырып, барша күш-қуатымды осы жолда сарқудамын. Алайда осы үшін сендерден ешбір ақы да, пайда да талап етпеймін. Өйткені менің ақымды тек Алла Тағала өзі береді. Уа, халқым! Сендер тәубаға келіп, туралыққа жүгінгенше, күйзелген көңілім, сыздаған жүрегім байыз таппақ емес. Сендердің күн сайын кері кетіп бара  жатқандарыңды байқап, Нұх, Һұд, Салих елдерінің басына келген нәубет сендердің де бастарыңа келе ме деп ойлағанда көкірегім қарс айырылып, жанымның жарасы асқына түсуде. Әсіресе Лұт елінің тағдыры өздеріңе жақсы таныс. Олардың бастарына келген пәлекетті өте жақсы білесіңдер. Олай болса күні ертең-ақ мәңгі бақи опынып опық жеп қалмай, әлі де күн ұясына батпай тұрғанда, ес жиып, тәубаға, иманға келіңдер. Жаратқанның рақымы шексіз. Күнәларың теңіздің көбігіндей болса да, қол жайып, Одан кешірім тілейтін болсаңдар, кешірімге ие болып, мәңгілік табысқа жетесіңдер»[6].

Әйтсе де оған ешқайсысы көне қойған жоқ. Қайта қоқиланып: «Ей, Шұғайып! Сен не деп шатып тұрсың? Қай-қайдағыны айтып біздің басымызды қатыра берме. Әттең, осы елде беделі үстем ағайын-туыстарың болмағанда, біз сені баяғыда таспен атқылап өлтіріп, құлағымызға тыныштық орнар еді»[7], – деп, оны қорқытуға көшті. Хазірет Шұғайып олардың сөзіне тағы да жауап тапты. «Мен сендерге ұлы Жаратқанға ғана арқа сүйеп, Оған тәуекел еттім десем, сендер маған «беделі үстем ағайының болмаса» деп, Хақ Тағаланы елең ғұрлы көрмей, қорқытпақ  оласыңдар. Уа, халқым! Мынаны жадыларыңнан шығарушы болмаңдар! Құдіреті күшті Құдай Тағала сендердің жасаған һәм жасамаққа ниеттенген барша істеріңді тегіс біледі. Ол жеті қабат жер астындағы тықыр еткен дыбысты да естиді»[8], – деп дауыстайды. Шұғайыпты райынан айтара алмаған ел билеушілері ендігі жерде басқа тәсілге көшті. Онымен кездеспекке ниеттенген адамдардың жолын кесіп, «оған сенген адамдар дуаланып, бақытсыздыққа ұшырайды»[9] деп, ел арасында пайғамбарға қарсы үгіт жүргізді. Осыны білген хақ пайғамбар оларға: «Уа, халқым! Өздеріңнің ғана емес өзгелердің де жолдарын кесе бастадыңдар ма? Ерікті жанды еркінен айырып, хақ жолға келуге бөгет жасамаңдар. Сендер неге Жаратқаннан қашасыңдар? Бұрын сендер кім едіңдер? Ат төбеліндей ғана ел едіңдер. Ал қазір етегін кеңге жайған елге айналып, ен дәулетке кенелдіңдер. Амал нешік? Араларыңнан біреуің иман келтірсең, енді біреулерің туралықтан безсеңдер, онда Алла араларыңа үкім жібергенге дейін, сабыр сақтай тұрыңдар», – деді. Осы кезде намысы қозып, ашу ызаға булыққан ел ағалары: «Ей, Шұғайып жетер енді! «Бір елі ауызға екі елі қақпақ». Күннен күнге басынып шектен шығып барасың. Дереу өзіңе иман келтірген бейшараларыңды жина да бұл елден табаныңды жалтырат! Егер тентіреп, босып кеткілерің келмесе, есіңді жиып дінімізге кір» деп қаһар төкті. Әйтсе де олардың қоқан-лоқы жасағанына зәредей сескенбеген хазірет Шұғайып: «Райдан қайтқымыз келмесе діндеріңе қинап кіргізбексіңдер ме? Егер Алла Тағала бізді қараңғылықтан құтқарып, нұрға бөлеген соң қайта өткенге оралсақ, онда біздің кім болғанымыз? Жаратқанның сөзін жоққа шығарған адам нағыз қарабет болмай ма? Қара басқан соң екі өмірде оңа ма? Шыңыраудан шыға алмай шарқ ұрып қиналмай ма? Уа, жұртым! Қолдарыңнан келгенін істеп қалыңдар. Мен де өз міндетімді қалтқысыз атқарамын. Ал, азаптың кімге келіп, кімнің өтірікші екендігін көп ұзамай білерсіңдер. Бұдан былай бастарыңа келетін апатты күтіңдер. Мен де сендермен бірге күтуге дайынмын»[10], – дейді.

Ақырында күткен азап та келіп жетті. Аспан айналып жерге түскендей аптап ыстық болатын. Осы кезде ұзақтан қою қара бұлт көрінді. Барша кәпір қауым оны нөсер әкелетін бұлт деп ойлап, көңілдеріне қуаныш ұялады. Аздан соң күткен бұлт жөңкіліп келіп, елдің төбесінде тұрып алды[11]. Бірақ жауын жауғанның орнына бұлттан ыстығы жер қуырған жалын шықты. Жұрт бытырап қашып үйлеріне тығылды. Алайда үйлері де пана болмаған адамдар бейне күннің жанында тұрғандай денелері күйе бастады.  Құрандағы «көлеңке күннің азабы»[12] деген осы азап, оларды жерден қазған ұраларға кірсе де, қинап, мазаларын әбден кетірді. Көп ұзамай қала үстінде жан шошырлық ащы дауыс естіліп, оны естіген кәпірдің бәрі жан тәсілім болды.[13] Хазірет Шұғайып пайғамбарды мазақ етіп, сөзін жоққа шығарғандар жер бетінен мүлде жоғалып кетті. Пайғамбарға қарсы шыққандары үшін тозаққа құлап, мәңгілік азапқа душар болды[14].

Олардың қарғысқа ұшыраған тастай мылқау жансыз денелеріне ғибратпен қараған Хақ пайғамбар: «Елім! Расында, мен сендерге Раббымның жарлығын жеткізіп, сендерге туралықты насихаттадым. Ал енді қарсылық көрсетіп, қарғысқа ұшыраған бір ел үшін не деп жылап, не деп қайғырмақпын?»[15],– дейді.

Барлық пайғамбар секілді Шұғайып пайғамбар да өз міндетін, тәблиғын толығымен орындап, Хақ жарлығын халыққа айна-қатесіз жеткізді. Шұғайып (а.с.) осыдан кейін өзіне иман келтірген мұсылмандарды ертіп, Меккеге көшті. Кейбір деректерде өмірінің соңына дейін сонда тұрғаны айтылады.

Материал «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] «Шұғара» сүресі, 176-177.

[2] Таббара, Маал-әнбия фил-Қуран. 202-205 беттер

[3] Замахшари, әл-Кәшшаф, 2/118-бет

[4] «Һұд» сүресі, 84

[5] «Һұд» сүресі, 85-86.

[6] «Һұд» сүресі, 88-90

[7] «Һұд» сүресі, 91

[8] «Һұд» сүресі, 92

[9] «Ағраф» сүресі, 90

[10] «Һұд» сүресі, 93

[11] Таббара, Маал-әнбия фил-Қуран. 205-бет

[12] «Шұғара» сүресі, 189

[13] «Ағраф» сүресі, 91

[14] Ахмәд Бәһжәт, Әнбияуллаһ, 163-бет

[15] «Ағраф» сүресі, 93

Бөлісу: