21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Патшалық пен пайғамбарлықты қатар алып жүрген Дәуіт пайғамбар (а.с.)

Патшалық пен пайғамбарлықты қатар алып жүрген Дәуіт пайғамбар (а.с.)

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Дәуіт пайғамбардың есімі Құранның он алты жерінде ұшырасады[1]. Дәуіт пайғамбар хазірет Жақыптың ұлы Яһуданың ұрпағы еді. Дәуіт (а.с.) Исрайылұлдарына жіберілген пайғамбар. Сонымен қатар, өз қауымының патшасы еді.

Дәуіттің (а.с.) тұсында «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман орнап, Исрайылұлдары бейбіт те берекелі өмір сүрді. Дәуіт (а.с.) темір өңдеудің хас шебері болатын[2]. Құран кәрімде Дәуіттің (а.с.) үні биязы екендігі айтылады. Бұған қоса, Дәуіт пайғамбар Забурды дауыстап оқығанда, оның айналасына таулар жылжып, құстар ұшып келетін болған[3]. Әкесінің аты Иса болатын. Қой бағып жүріп үйірген сақпан тасы өте ұзаққа түсетін. Сом денелі күшті жігіт еді. Сондықтан алып Жалутты шайқас үстінде сақпан тасын бір сілтегеннен мүрдем кетірді. Оның осы батылдығы ел ішіне кең таралып, аты жалпақ жұртқа мәлім болды. Талут та оның бұл іс-әрекетіне тәнті болып, қызын беріп өзіне күйеу бала қылды. Өзі өлер алдында тағына отыруын өсиет етті. Талут бұл өмірден өткенде, таққа хазірет Дәуіт отырды.

Исрайылдың он екі руы да оның патшалығын мақұлдады. Біршама уақыт өткен соң, Хақ Тағала оған пайғамбарлық міндет жүктеді. Осылайша хазірет Дәуіт патшалық пен пайғамбарлықты бірдей атқарған алғашқы пайғамбар болды. Хазірет Дәуіт қалың қол жинап сол арқылы шартарапты өзіне қаратып, Құдысты астана етті. Сондай-ақ оған елін туралыққа бастау үшін Забур атты қасиетті кітап берілді[4]. Бұл кітаптың жүз елу сүреден тұратындығы айтылады. Забур ибрани тілінде Рамазан айында түскен. Хазірет Дәуіттің өзі хазірет Мұсаның шариғатымен амал еткен. Дәуіт пайғамбар аса тақуа, әр қадамын Алланың разылығы үшін басатын Алланың салихалы құлы еді. Ол күнара ораза ұстайтын. Түннің бір уағында сәждеге бас қойып, Хақ Тағалаға көп құлшылық жасайтын. Ол туралы Құранда Алла: «Мықты құлымыз Дәуітті есіңе ал! Өйткені ол өте бойсұнушы»[5], – деп, оның Өзінің құзырында рухы қаншалықты биік құл екендігін айтқан.

Хақ Тағала оған көптеген мұғжизалар берген. Атап айтқанда, ол сөзге өте шешен еді. Бір нәрсені түсіндіре қалса, тыңдағандар тегіс қанағаттанатын. Сондай-ақ оған ғажайып дауыс берілген. Ол Забурды оқыған кезде, дауысын естіген жан еріксіз тәнті болатын. Һәм темірден түйін түйетін ұста еді. Осы өнеріне сүйеніп әр түрлі құралдар жасау арқылы, өзіне және от басына нәпақа табатын. Өзі патша болса да, ешқашан мемлекет қазынасын жеке басының шаруасы үшін жұмсамайтын. Бірақ ол темірді балқытпай-ақ қамырдай илеп қалаған қалпына келтіретін. Бұл оған берілген мұғжиза еді. Пайғамбар – патша ел ішіндегі қазылық міндетті де өзі атқаратын. Бірде оған екі адам келіп, бірі екінші адамды көрсетіп «мынау менің өгізімді тартып алды» дейді. Әлгі адам «жоқ, алмадым» деп мойындамайды. Жәбірленуші оған куә көрсете алмайды. Кейіннен хазірет Дәуіттің түсінде әлгі адамды өлтіру туралы үш рет аян беріледі. Хазірет Дәуіт әлгі адамға осы әмірді жеткізеді. Бірақ ол «куәсіз адамды өлтіруге болмайды» деп уәж айтады. Дәуіт пайғамбар бұл әмірдің айқын екендігін дәлелдеп бергенде ғана әлгі адам амалсыз мойындап: «Мен оның өгізін тартып алмадым. Бірақ бұрынырақта әкесін өлтіргенім бар. Осы ісімді тірі жан білмейтін. Әйтсе де соның жазасы пешенеме осылай жазылған екен» дейді. Әлгі адам кінәсын мойындаған соң, жазаға тартылып өлтіріледі. Осы оқиға желдей есіп Исрайыл халқына тарайды. Сол сәттен бастап халқы жасырын түрде қылмыс жасауды сап тияды. Патшалық пен пайғамбарлықты қатар алып жүрген Дәуіт (а.с.) қырық жыл тақта отырып дүниеден өтті.

Материал «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] «Бақара» сүресі, 251; «Ниса» сүресі, 163; «Маида» сүресі,78; «Әнғам» сүресі, 84; «Әнбия» сүресі, 78

[2] «Әнбия» сүресі, 78, 80

[3] «Сад» сүресі, 19-20

[4] «Исра» сүресі, 55; «Ниса» сүресі, 163

[5] «Сад» сүресі, 17

Бөлісу: