20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Жақсылық жасаушылардың жететін жетістігі

Жақсылық жасаушылардың жететін жетістігі

Мақалалар
Жарнама

Жақсылық жасаудың пайдасы өте көп. 

Мұсылман болған ізгі жандар – осы дүниеде Алла Тағалаға жан-тәнімен беріліп құлшылық жасаушылар. Олар Алла Тағала бұйырған амалдарды орындап, тыйым салған істерден бойын аулақ ұстайды. Басқа мұсылман бауырларға қолдарынан келгенінше сөздерімен және істерімен жәрдемдеседі, оларды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тоқтатады. Міне, солар ақыретте нағыз жетістікке жететіндер. Құран Кәрімде: «Олардың бақытқа бөленгендіктерін шырайларынан танисың»[1], - деп келеді. Шын мәнінде, адам баласының сезімдері, эмоциялары қандай көңіл-күй кешіп жатқандығы оның жүзінен бірден байқалады. Басына іс түсіп, қиындық көрген адамның бетінен күлімсіреген, не болмаса риза болған келбетті көру мүмкін емес. Ал, жәннатқа кіруге лайықты болғандардың жүздерінде тек қуаныш пен рақат сезімге бөленіп жатқандықтары ғана байқалынатын болады.

Бұлар жақсылық жасаушылардың бұл дүниедегі болмашы ғана жетістігі болса, ақыреттегі жетістігі тіпті де биік, тіпті де жақсы болмақ. Олардың жетістігі тіпті жаннатқа кірумен ғана шектелмейді екен. Ол жайында мына бір хадиске назар салайқшы:

Суһайб (р.а.) жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): Жәннат иелері жәннатқа кірген кезде, Алла Тағала оларға: «Сендерге артығырақ нәрсе (беруімді) қалайсыңдар ма?», - дейді. Сонда олар (жәннаттықтар): «Жүздерімізді нұрландырмадыңыз ба? Жәннатқа кіргізбедіңіз бе? Тозақ отынан құтқармадыңыз ба? (бұдан артық не болуы мүмкін?)», - деп жауап береді. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Содан соң перде ашылады. Бұдан кейін жәннаттықтарға Раббыларына қараудан да ұнамды болатын бір нәрсе берілгендей болмайды», деп айтып болған соң, мына аятты оқып береді: «Сондай жақсы іс істегендерге жақсылық әрі (одан да) артығы да бар. Олардың беттерінде бір дақ не қорлық әсері көрінбейді, солар жәннаттық. Олар онда мәңгі қалады»[2], - дегені айтылады[3].

Алла Тағала бізге осы өткенші дүниеде[4] санына жете алмайтын нығметтерді берді. Бізді ризықтандырушы, сусындандырушы мен тамақ беруші ол – бізді жоқтан бар етіп Жаратқан Алла. Алайда, хақиқи (шынайы), біз қол жеткізу керек болған нығмет – жәннатқа кіру, Алла Тағаланы көру[5] болып табылады. Алла Тағала баршамызға осы нығметті нәсіп етсін!

Берікбол ЖАНАҚ


[1] «Мутаффифин» сүресі, 24-аят.

[2] «Юнус» сүресі, 26-аят.

[3] Мүслим, Тирмизи.

[4] Ақырет – кең, дүние – тар. Ақырет – мәңгі, дүние – пәни (өткенші). Ақырет – шексіз, дүние – шектеулі (уақытша). Ақырет – ақиқат, дүние – жалған.

[5] Алла Тағаланың ақыретте көрінуі қандайда бір пішінге немесе бағыт пен ара-қашықтыққа тиеселі болмайды. Алланы көреміз. Көретінімізге иман келтіреміз. Бірақ, қалай көретініміз бізге беймәлім.

Бөлісу: