04
Сенбі,
Мамыр

һижри

Қызметті асыра пайдалану – ауыр күнә

Қызметті асыра пайдалану – ауыр күнә

Мақалалар
Жарнама

Ақиқатында Алла Тағала адам баласын жоқтан бар етіп жаратып, адамзаттың әр қайсысына теңдей құқық берген. Қандай да бір адам өзге адамнан артық емес. Алла Тағаланың алдында барлығы бір дәрежеде. Ал, мұсылман адам болса, басқа адамнан тек тақуалықжағынан артық бола алады.

Бұл туралы Құран Кәрімде: «Әй адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы»[1], - деп келеді.

Дегенмен, адам теңдігі туралы білгенімен, кейде кейбір кісілер бұл қағиданы елемейді. Алла берген байлық алдына келіп, немесе атақ-маңсапқа ие бола қалса, өзін өзгеден артық санап, дандайсынып, атқарып отырған қызметін асыра пайдаланып, біреудің хақысын жейді. Алайда, шын мәнінде, нығметті беруші және оны алушы бір Алла. Құран Кәрімде: «Көктер мен жердің (қазыналарының) кілті Оған тән. Кімді қаласа, несібесін кеңітеді де шамалайды. Өйткені Ол, әр нәрсені толық білуші»[2], - делінген. Ислам діні адам баласына ешкімді алдап-арбамай адал түрде еңбек етіп, күн көруге бұйырады. Осыған байланысты, Алла Елшісі (с.ғ.с.) хадисте: «Ешкім өз еңбегінің табысынан қасиетті бір ас ішпеген, расында Дәуіт (ғ.с.) пайғамбар өз еңбегінің табысынан тамақ жеген»[3], - деген.

Жемқорлық[4] (коррупция) қызметті асыра пайдалудың бір түрі. Жемқорлық – түбі қорлық. Шариғат бойынша, жемқорлықтағы алушы мен беруші бірдей күнәқар болып есептеледі. Құран Кәрімде Алла Тағала жемқорларды «арам жеушілер[5]» деп атайды. Мәселен, «Мәида» сүресіндегі мына бір аятқа көңіл аударатын болсақ: «Олар өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер. (Мұхаммед Ғ.С.) егер олар саған келсе, араларына үкім бер, немесе олардан жүз бұр. Егер олардан жүз бұрсаң да, олар саған ешбір зиян бере алмайды. Ал егер араларына үкім берсең, тура үкім бер. Шәксіз Алла турашыларды сүйеді»[6], - деп, өзгенің мал-мүлкіне иелік етіп, ақысын жегендер, яғни жемқорлар туралы атап өтеді. Сонымен қатар, Құранның басқа бір аятында Алла Тағала: «Араларыңдағы малдарыңды арам жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлігін жеу үшін билерге апармаңдар»[7], - деп бұйырады. Аталмыш аятта Алла Тағаланың жемқорлыққа тыйым салғандығын анық байқауымызға болады.

Омар ибн Хаттаб (р.а.) мұсылмандардың әміршісі (халифа) болған кезде, мемлекет тарапынан берілетін үстемдіктер мен мүмкіндіктердің бірталайынан бас тартқан болатын. Үлкен зәулім үйдің орнына өзінің кішкентай ескі үйінде тұрды. Олжалардан бөлініп берілген мал-мүліктердің біраз бөлігін мемлекет қазынасына тапсырып, өзіне күнделікті тұрмыс-тіршілігіне жеткілікті болатын бөлігін ғана қалдырған. Бір күні Омар (р.а.) кеш батып, қараңғы болғанда мемлекеттің жұмыстарымен айналысып отырған еді. Сөйтіп, оның үйіне бір сахаба жеке шаруаларымен қонақ болып келеді. Сонда, мұсылмандардың әміршісі Омар (р.а.) қонағының көзінше қолданып отырған майшамын өшіріп, басқа майшамды жағады. Әлгі сахаба Омардың (р.а.) әрекетіне таң қалып, одан былай неге жасағандығын сұрайды. Сол кезде мұсылмандардың әміршісі оған: «Сен маған келместен бұрын, мен қазынадан берілген майшамды қолданып, мемлекеттік істермен айналысып отырған едім. Сен келген соң, сен екеуіміздің арамыздағы болатын әңгіме, ол менің жеке басыма қатысты мәселе. Сондықтан, мен қазынаның майшамын өшіріп, жеке өзімнің майшамымды қолдана бастадым», - деп жауап берген екен.

Аталмыш оқиғадан алынатын ғибрат, мұсылман адам өзіне қатысы жоқ, аманат етіп тапсырылған кез келген нәрсені (жұмыс-қызмет, мал-мүлік т.б.), егер ресми рұқсат берілмесе, жеке басының мүддесі үшін қолдануы дұрыс емес. Бұл да қызметті асыра пайдалануға жатады. Мұсылман адам әрбір ісіне жауапкершілікпен қарап, бір адамға немесе қоғамға, материалдық заттарға қатысты қиянат жасаудан, жымқырудан, өтірік айтудан, өтірік істеуден, алдап-арбаудан, осының кез келген түрінен барынша сақтану қажет. Барлық мүліктердің шынайы Иесі ол – Жаратушы Алла. Дәл қазіргі біздің қолымыздағы иелік еткеніміз, бүгін болады, ертең қайта алынады. Соңында бәрі де есепке алынады. Қызметті асыра пайдаланған құрылысшының құрылыс алаңынан ұрлаған кірпіш-цементтері, мекеме басшысының қазынадан ұрлаған ақшалары, аманат етіп тапсырылған мал-мүлікті рұқсатсыз өзінің жеке басының пайдасы үшін пайдалағаны, біреулердің бір-біріне пара беріп, пара алып[8] бітірген істері – осының барлығының Алла Тағала құзырында сұрауы әлбетте болады.   

Берікбол ЖАНАҚ


[1] «Хужурат» сүресі, 13-аят.

[2] «Шура» сүресі, 12-аят.

[3] Имам Бұхари.

[4] Жемқорлық – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу.

[5] Тәпсірлерде Сағид ибн Жубәйр (р.а.) арам жеушілер дегеніміз жемқорлар ұғымын білдіретінін атап өткен. Дұрысын Алла біледі.

[6] «Мәида» сүресі, 42-аят.

[7] «Бақара» сүресі, 188-аят.

[8] Абдулла Ибн Омар (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) пара берушіні де, пара алушыны да лағнеттеген» (Тирмизи).

Бөлісу: