13
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Әсмә Умайсқызы – Исламға танымал тұлғалар сыйлаған ана

Әсмә Умайсқызы – Исламға танымал тұлғалар сыйлаған ана

Мақалалар
Жарнама

Әсмә  белгілі  сахабалардың  бірі  Пайғамбарымыздың  (с.а.с.) көкесінің  ұлы  Жағфар  ибн  Әбу  Талибпен  (Алла  оған  разы болсын) бас қосып, тұрмыс құрған. Әуелгілердің қатарында иман келтіріп,  күйеуі  екеуі  Хабаша  жеріне  қоныс  аударушылардың алғашқы  легінің  арасында  болған.  Олар  сол  Эфиопия топырағынан тікелей Мәдинаның өзіне көшкен.

Сол  кездегі  мұсылмандар  –  Пайғамбарымыздың  (с.а.с.) сахабалары  (Алла  оларға  разы  болсын)  сауапты  іс  жасауда дәреже  тұрғысында  бір-бірімен  бәсекеге  түсетін.  Бір  күні  Омар (Алла оған разы болсын) Әсмәға: «Ей,  Хабашия!  Мына  біз  Алла елшісімен  (с.а.с.)  бірге  қоныс аудардық», – деп мақтанады.

Мәдиналықтар Эфиопия жеріне қоныс аударған мұсылмандарды «хабашилер» деп атайтын. Сонда  Әсмә  оған:  «Сендер  от  басы,  ошақ  қастарыңда туыстарыңа  қарайласып,  бір-біріңе  жәрдемдесіп,  Алла елшісінің  жанында  болдыңдар.  Ал  біз  болсақ  Алла  үшін  жат жұртта  жүрдік»,  –  деп,  оның  сөзіне  өкпелеп  қалады.  Кейін Омардың  айтқанына  шағымданып,  Пайғамбарымыздың  (с.а.с.) алдына  келеді.  Сонда  Алла  елшісі  (с.а.с.)  Әсмәні:  «Алла жолында  олар  бір  рет  қоныс  аударса,  сендер  екі  рет:  әуелі Хабаша  жеріне,  сосын  маған  қоныс  аудардыңдар»,  –  деп жұбатады. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бұл сөзіне Әсмәнің көңілі көтеріліп, марқайып қалады. Алла  елшісі  (с.а.с.)  ылғи  да  жас  Исламның  алғашқы өкілдеріне,  діндерін  қорғауда  мүшріктермен  арпалысып, имандарын  шүберекке  түйіп  жүрген  мұсылмандарға  жандарына медеу болар сөздер айтып, қолтықтарынан демеп, қайраттандырып  отыратын.  Әсіресе  олардың  Алла  жолында атқарған  еңбектерін  елеп-ескеріп,  игі  істеріне  мақтау  білдіріп көңілдерін көтеретін.

Уақыт  ағын  судай  зымырап  өте  береді.  Мәдинада  Әсмә  мен Жағфардың  отбасында  үш  перзент  тәрбиеленіп  жатқан  еді.  Бір күндері  Жағфар  қосалқы  қолбасшылардың  бірі  ретінде  Мута шайқасына  қатысады.  Алдыңғы  қолбасшы  мерт  болған  соң, Жағфар әскер басшылығын өз қолына алып, Ислам туын мықтап ұстап, қайнаған күш-қайратпен ерен ерлік көрсетеді. Кескілескен ұрыста екі қолы кесіліп, аттан құлап түскенше Ислам туын жерге түсірмей,  оны  иегімен  қысып  ұстап  тұрады.  Ол  осы  өжет ерлігінің  сыйы  ретінде  «Самғар  Жағфар»  дәрежесіне  қол жеткізеді. Өйткені Алла тағала оның Мута шайқасында кесілген екі  қолын  жәннатта  екі  қанатпен  айырбастап  берген.  Ол  осы қанаты арқылы жәннаттың өзі қалаған жерінде ұшып жүре алады.

Бұл  Алланың  оған  Қияметке  дейінгі  берген  сыйлығы  ғана.  Ал Қиямет  күнгі  сыйы  неше  есе  көп  болады  –  ол  бір  Аллаға  ғана аян. Мута  шайқасында  Жағфармен  қатар  Исламның  біртуар батырлары  Абдуллаһ  ибн  Рауаха,  Зәйд  ибн  Харисалар  да өлтіріледі,  Алла оларға  разы  болсын!  Жағфар  шәһид  болғанда, Пайғамбарымызға  (с.а.с.)  оның  қазасы  жайлы  уахи  келеді.  Бұл жайтты Әсмә Умайсқызы былайша әңгімелейді: «Бір  күні  балаларымды  жуындырып,  шайындырып,  майлапсылап,  жақсылап  ас  әзірлеп  отырғанмын.  Үйге  Алла  елшісі (с.а.с.) жүзі жабырқаулы күйде кіріп, менен: «Жағфардың балалары қайда?» – деп сұрады. Сосын оларды алдырып, құшағына алып жылай бастады». Мұны көріп үрейленіп, қорқып қалған Әсмә:  «Жағфар жайлы бір хабар алдың ба, уа, Алланың елшісі?» – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.):  «Иә,  ол  Алла  жолында  шейіт  болды»,  –  дейді.  Әсмә төбесіне жай түсірген қайғылы хабарды естіп, дауыстап жібереді.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған:  «Олардың жоқшылық көруінен қорықпа, дүние-ақыреттегі қамқоршылары мен боламын», – дейді. Әсмәні  жұбатуға  мәдиналық  әйелдер  жиналады.  Пайғамбар (с.а.с.) адамдарға:  «Жағфардың  отбасына  тамақ  әзірлеп  беріңдер,  оларға қайғы келді», – дейді Әрине, Жағфар сияқты ерден айырылу Әсмәға оңай тиген жоқ. Кез  келген  әйелге  күйеуінен  айырылу  аса  ауыр,  әсіресе Жағфардай күйеу болғанда. Арада  біршама  уақыт  өткеннен  кейін  Әсмә  жер  бетінің ұлыларының бірі тіпті Исламда Пайғамбарымыздан (с.а.с.) кейін тұратын  кісі  Әбу  Бәкірге  (Алла  оған  разы  болсын)  тұрмысқа шығады.  Әсмә  Әбу  Бәкірдің  дәрежесін  құрметтеп,  жетім  қалған балаларының  осындай  ұлы  кісінің  тәрбиесінде  өсуін  қалап, онымен  шаңырақ  көтереді.  Бұл  некенің  нәтижесінде,  дүниеге

Мұхаммед  ибн  Әбу  Бәкір  келеді.  Мұхаммед  Пайғамбар  (с.а.с.) дүние  салардан  бұрын  туылған-ды.  Әсмә  Әбу  Бәкірмен  ол  көз жұмғанша бірге болып, әр кез оның жанынан табыла білген. Әбу  Бәкір  жарық  дүниемен  қош  айтысқан  соң,  Әсмә  сүйікті жары Фатимадан (Алла оған разы болсын) айырылған Әли ибн Әбу Талибпен (Аллаһ оған разы болсын) тұрмыс құрады. Оларға Алла  тағала  Яхия  және  Аун  атты  ұл  перзенттер  сыйлаған. Исламның  ұлыларын  алақанында  аялап,  үш  арыстың  ұрпағын жалғастырған  Әсмәға  Аллаһ  тағала  разы  болсын!  Әсмә Умайсқызынан туылған алты ұлдың бәрі де Исламдағы танымал, ізгі кісілердің сапынан орын алған.

материал «Асыл аналар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: