20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Мәуліт – бидғат емес, ғибадат

Мәуліт – бидғат емес, ғибадат

Мақалалар
Жарнама

 Мәуліт – бүкіл әлем ынтыға күткен Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүние есігін ашқан күні. Мәуліт – елмен бірге етене атсалысып, көпшілікпен аталып өтілетін мұсылмандар үшін елеулі ерекше мереке.

Усул фиқһ ғалымдары бірауыздан келіскен қағида бар: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір істі істемеуі сол істің тыйым салынғандығын білдірмейді». Мысалы, тәһәжжуд намазын Алла Елшісі (с.ғ.с.) 10-12 рәкағат оқитын. Енді біреу сол мөлшерден асырып оқығысы келсе, тыйым салынбайды. Сол сияқты уағыз-насихат, Құран оқу, намаздарда т.б. микрофон қолдану пайғамбар заманында істелмеді. Бұл іс тыйым салынғандығын көрсетпейді.

Мухаддис, фақиһ, муфассир, шейх Абдулла ибн Мухаммад әл-Харари әш-Шәйби «Сорихул баян» кітабында былай дейді:

ومما يدلّ على أنه ليس كل ما أحدث بعد رسول الله أو في حياته مما لم ينصّ عليه بدعة ضلالة إحداث خبيب بن عدي ركعتين عندما قُدّم للقتل، كما جاء ذلك في صحيح البخاري…ومما يدلّ أيضًا على ذلك أن الصحابة الذين كتبوا الوحي الذي أملاه عليهم الرسول، كانوا يكتبون الباء والتاء ونحوهما بلا نقط، ثم عثمان بن عفّان لما كتب ستة مصاحف وأرسل ببعضها إلى الآفاق إلى البصرة ومكّة وغيرهما واستبقى عنده نسخة كانت غير منقوطة. وإنما أوّل مَن نقط المصاحف رجل من التابعين من أهل العلم والفضل والتقوى، يقال له يحيى بن يعمر

«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жасамаған кейіннен пайда болған істің барлығы, адасушы бидғат емес екендігіне тағы бір дәлел: сахих Бұхариде келген хадисте Хубайб ибн Ади (р.ғ.) өлер алдында екі рәкағат намаз оқығандығы. Сондай-ақ, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) түскен уахиды жазған сахабалар «бә және тә,т.б.»  әріптерін нүктесіз жазған. Кейін хазіреті Осман (р.а.) Құранның 6 нұсқасын жазғызып, жан-жаққа таратқан кезде де олардың ішінде нүктелер жазылмаған еді. Құрандағы нүктелерді ең алғашқы қойған – ілім мен тақуалық иесі табиғин Яхья ибн Яғмур (р.а.) есімді адам. Бұл туралы риуаят Ибн Әбу Дәуід Сижистанидің «китабул масохиф»[1] кітабында былай келген: Харун ибн Муса айтты: «Құрандағы ең алғашқы нүктелерді қойған Яхья ибн Яғмур».

 Егер Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында болмаған кез келген істі бидғат деп білсек, Құрандағы нүктелерді де алып тастауға тура келер еді.

Мысыр елінің қазіргі ғалымдарының бірі шейх Али Жұма Мәулітті атап өтуге байланысты «Әл-мутәшәддидун» және «Әл-бәян лимә яшғалуль әзһән» кітаптарында аят-хадистерден бір қатар дәлелдерді келтіреді:

Жаратқан Иеміз «Ибраһим» сүресінің 5-аятында:

وَذَكِّرْهُمْ بِأَيَّامِ اللّهِ

«Алланың күндерін олардың есіне сал», – деп бұйырады. Ибн Аббас (р.а.) аяттағы Алланың күндерін «Алла Тағаланың жақсылықтары берілген күндер», – деп тәпсірлеген.

Ал, осы орайда ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келуі жоғарыдағы аятта айтылған Алланың жақсылықтары берілген күндердің қатарына кіреді емес пе?! Ендеше, Мәулітті атап өту Алланың әмірін жүзеге асыру болып табылады. Тіпті, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) заманында аталып өтілмесе де жаман бидғатқа жатпайды. Керісінше, жақсы сүннеттердің қатарына кіреді. Алла Елшісінің (с.ғ.с) туған күнін елеп атап өтуіміз Оны (с.ғ.с.) ерекше жақсы көргендігімізден туындап отырған жоқ па?! Оны (с.ғ.с.) жанды-жансыз, ақылды-ақылсыз жаратылыстың барлығы жақсы көріп, оған деген сағыныштарын білдіреді. Ендеше, Пайғамбардың (с.ғ.с.) үмбеті болған біздер қалайша Оны (с.ғ.с.) ерекше жақсы көріп, оның туған күнін атап өтпейміз?!

Әл-Хафиз Шәмсуддин ибн әл-Жәзәри (р.х.) «Уърфут тәғърифи бил мәулиди әш-шәриф» атты кітабында: «Сахих хадистерде (сахих Бухариде)  әр дүйсенбінің кешінде Әбу Ләһабтың тозақтағы азабы жеңілдетілетіндігі айтылған. Өйткені, Әбу Ләһаб Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туылғанын сүйіншілеп келген Суәйбә есімді күңді азат еткен еді. Алайда, Әбу Ләһаб – кәпір адам. Оны жазғыратын аяттар да түскен. Енді қараңыз, Әбу Ләһаб секілді кәпір адамның Пайғамбар (с.ғ.с.) туған күні қуанғандығы үшін тозақтағы азабы жеңілдетілсе, осы орайда Пайғамбарға (с.ғ.с.) үмбет болған мұсылмандардың Әз Елшінің (с.ғ.с.) туған күнінде қуанып, сүйіспеншіліктері мен сағыныштарын білдіріп, оған салауат айтқандары үшін оларды қандай сый күтіп тұр десеңізші!

Сахих Муслимде Әбу Қатададан (р.а.) мынандай хадис риуаят етіледі. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) дүйсенбі күнгі ораза жайлы сұралған еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

ذَاكَ يَوْمٌ وُلِدْتُ فيه وَيَوْمٌ بُعِثْتُ أو أُنْزِلَ عَلَيَّ فيه

«Бұл күні мен дүниеге келдім әрі елші болып жіберілдім немесе бұл күні маған Құран түсті», – деп жауап берген. Хадисте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келген күнінің ерекшелігі мен қасиеттілігі, тіпті, бұл күнде Ұлы Жаратқанға шүкіршілік ниетімен ораза ұстаудың сауаптылығы айтылған. Иә, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге аяқ басуы Ұлы Жаратушының ғаламға сыйлаған ең үлкен нығметі мен жақсылығы екені сөзсіз. Құранда: وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِّلْعَالَمِينَ «Біз сені күллі ғалам үшін рақым етіп қана жібердік», – деп, осы ақиқатты меңзеген.

Мәулітті атап өту Алла Тағалаға жақындататын  амалдарға жатады. Себебі, Мәулітке деген құрмет Алла Елшісіне (с.ғ.с.) деген махаббаттан туындайды. Ал, Алла Елшісін (с.ғ.с.) сүю – иман негіздерінің бірі. Бұған дәлел Бұхари мен Муслимде келген сахих хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):                                                                             

لَا يُؤْمِنُ أَحَدُكُمْ حَتَّى أَكُونَ أَحَبَّ إِلَيْهِ مِنْ وَلَدِهِ وَوَالِدِهِ وَالنَّاسِ أَجْمَعِينَ

«Сіздердің ешқайсыларыңыз мені өз балаларынан, ата-анасынан және барлық адамдардан артық сүймейінше, иман келтіре алмайсыздар (имандарың кәміл болмайды)», – деп ескерткен.

Имам Ахмад риуаят еткен хадисте:

مَا رَآهُ الْمُسْلِمُونَ حَسَنًا فَهُوَ عِنْدَ اللَّهِ حَسَنٌ

«Көпшілік мұсылмандар жақсы деп санаған іс – Алла Тағаланың құзырында да жақсы», – делінген. Ал, Ислам ғұламаларының көпшілігі Мәулітті атап өтуді бірауыздан құптап, жоғары баға берген. Солардың  қатарында Хафиз әс-Суюти, ибн әл-Хажар әл-Асқалани және оның шәкірті әл-Хафиз әс-Сахауий сияқты ғалымдар да бар. Мысалы, Жалалуддин әс-Суюти (р.х.): «Бір үйде немесе мешітте Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Мәуліт оқылса, сол үйдің немесе мешіттің адамдарын періштелер орап алады. Олардың барлығына Алланың рахметі болады. Себебі, періштелер Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Мәуліт оқығаны үшін ол адамдарға салауат айтып тұрады», – деген.

Мәуліт оқуға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабалары да соншалықты көңіл бөліп, ыждаһаттылық танытқан. Мысалға, Хасан әл-Басри (р.а.): «Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны Расулулланың (с.ғ.с.) мәулітін оқытуға жаратқан болар едім», – десе, ал Жүнайд Бағдади (р.а.): «Кімде-кім Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Мәулітіне қатысып, оны ұлықтаса, ол шынында да иманды», – деген екен.

Имам Нәуәи (р.х.): «Жыл сайын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күніне сәйкес келетін осы күндерде істелетін садақалар, әмір мағруф және адамдардың бойынан көрінетін көркем мінезділік пен қуанышты істер – заманымыздың ең жақсы жаңалығы», – деп тұжырымдаған.

«Қалам» сүресінің 4-аятында Алла Тағала Пайғамбарымызды (с.ғ.с.):

وَإِنَّكَ لَعَلَى خُلُقٍ عَظِيمٍ

«Ақиқатында, сен, Мұхаммед  ең жоғары деңгейлі құлық иесісің», – деп сипаттаған. Сондай-ақ, «Юнус» сүресінің 57-аятында былай дейді:

قُلْ بِفَضْلِ اللَّهِ وَبِرَحْمَتِهِ فَبِذَٰلِكَ فَلْيَفْرَحُوا هُوَ خَيْرٌ مِّمَّا يَجْمَعُونَ

«(Уа, Мұхаммад!) айт: «Бұл – Алланың кеңшілігі жəне мейірімі», – деп. Олар осыған қуансын, бұл олардың жиғандарынан қайырлы». 

Ибн Хажар Асқаланидің шəкірті белгілі ғалым Жалалуддин ас-Суюти (849-911 х.ж.) «Ад-дуррул мансур» кітабында жоғарыдағы аятты Ибн Аббастың (р.а.) төмендегідей түсіндіргенін келтіреді: «Алланың кеңшілігі ол – ілім, ал мейірімі – Пайғамбар (с.ғ.с.). Алла Тағала айтты: «Біз сені əлемдерге мейірім етіп қана жібердік».[2]

Ендеше, біздер үшін Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) мейірім етіп жіберген Аллаға шүкір айтып, үмбеті ретінде Оның (с.ғ.с.) дүниеге келгендігіне неге қуанбасқа?

Мəуліт –  пайғамбарға деген сүйспеншілік жəне қуанышымыздан туындап отырған қайырлы іс. Қаншама адамдар Мəуліт шарасының себебімен пайғамбарын танып, Аллаға бір табан жақындап, ізгілік жолына түсер деген сенімдеміз!

Нұрлан Рамазанов

«Нұр Астана» мешітінің Бас имамы


[1] «Китабул масохиф»158-ші бет.

[2] «Ад-дуррул мансур 4/367».

Бөлісу: