27
Сәрсенбі,
Қараша

һижри

Тұнығымызды лайлауға кім мүдделі?

Тұнығымызды лайлауға кім мүдделі?

Мақалалар
Жарнама

Бірер күн бұрын Маңғыстау облысында ақша талап ету үшін адам ұрлаумен айналысқан салафиттер тұтқындалды. ҰҚҚ қызметкерлері жедел іздестіру барысында Ақтау мен Жаңаөзен тұрғындарын қолға түсірген. Күдіктілердің үйін тінту нәтижесінде экстре­мистік сипаттағы діни материалдар, заңсыз қару-жарақ табылған.

Жалпы, жат ағым өкілдері жасаған сұмдық қылмыстар әлсін-әлсін әшкереленіп жата­ды. Арамнан ақша табуды кә­дімгідей кәсіп қылған салафит­тердің лас тірлігі дінді ойыншық еткендердің шынайы бет-бейнесін көрсетіп тұрғандай.

Мәселен, 2016 жылы Ақтө­беде мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды. Олардың арасында салафиттер бар екен. Аузынан иманы, қолы­нан Құраны түспейтін әсі­ре­діншілдер атышулы қылмыс әле­мінің серкелерімен сыбай­ласа жұмыс істеген.

2018 жылдың соңында Аты­рау – Астрахан, Атырау – Орал, Атырау – Бейнеу тас жолында екі жыл бойы тасымалдаушы­лар­дан ақша бопсалаған сала­фит­тер ұсталды. Тоқсаныншы жыл­дар­дың рэкетін еске түсі­ре­тін қыл­мыскерлер ай сайын жүр­гізу­шілерден 5000-25000 тең­ге кө­лемінде ақша алып отырған.

Атырау-Индер күре жолында мал ұрлап бара жатқан ұрылар полицияға тұтылды. Бірі – 29, екіншісі 42 жастағы азаматтар деструктивті діни ағымды ұста­натын болып шықты.

Былтыр Көкшетауда сала­физм өкілі 30 жастағы келін­шекті зорлады. Ақмола облысы полиция департаментінің мә­ліметінше, әйелге шабуыл жаса­ған ер адам бұған дейін намаз оқып, сақал өсіріп, өзін тәртіпті мұсылман ретінде жақсы жағы­нан танытып келген екен.

Қош. Салафиттердің мұндай қылмыстарын санай берсек, тізімді ұзыннан-ұзақ созып, таң­ды таңға ұрар едік. Сондықтан осы деректермен шектеліп, мә­селенің мәніне көшейік. Бір қарағанда, Алла жолынан айны­майтын, Пайғамбар сүннетін құрметтейтін, адал мен арамды парықтай алатын жандар неге тура жолдан таюға бейім тұрады? Қылмыс пен діннің басы қалай­ша бір қазанға сыяды?

Әлеуметтанушы Серік Бей­сембаевтың пікірінше, Қазақ­стандағы радикалды ұйым мү­шелері – негізінен бұрынғы қылмыскерлер. Діни экстремизм бабымен сотталғандардың 80 пайызы кезінде экономиканың көлеңкелі секторында жұмыс істеген екен. Көбі базарларда сауда жасап, заңсыз тасымал­мен, делдалдықпен күнелткен. Бірі – рэкетир болса, бірі – ұр­лық-қарлықпен, кісі тонаумен айналысқан. Теріс бағытқа, әсі­ресе, кедей отбасыдан шыққан, қылмыстық ортада өскен жастар тезірек бет бұратын көрінеді.

Салафизм-жиһадизм идея­сының сыртқы тартымдылығы да сондай жастарды еліктіреді. Экстремистік роликтерде ша­һидтер әрдайым «ислам жаула­рымен» соғысып жүрген батыр ретінде бейнеленеді. Бандитизм рухында тәрбиеленген, өзін криминалдық ортаның серкесі сезінетіндер бұл образға қатты қызығады. Радикалдардың көз­қарасы бойынша намаз оқы­майтын адам – кәпір. Ал кә­пірден ақша, мүлік тартып алу халал саналады. Адасқандар үшін бұл – пайда табудың бір құралы. Радикалдар кісі тонап, ұрлық жасап жүріп, өздерінің бұл әрекетін ислам тұрғысынан ақтап алады. Салафизм жама­ғаты криминалдық элементтер секілді қоғамнан оқшауланып жүреді. Көбінесе қала сыртын, саяжайлар мен базарларды, жаңадан ашылған аудандарды паналайды. Осындай оқшаулану олардың өзара жақындасуына септігін тигізеді. Сондықтан радикалды ағымдармен күресте қылмысқа бейім аудандарда тұратын жастармен жұмыс жүргізу аса маңызды. Мемлекет әлі күнге дейін базарда қара жұмыс істеп жүрген жастарды оқу-ағарту механизмдерін қа­растырмаған. Бұл ретте Фран­ция, Бельгия, Дания, АҚШ сын­ды мемлекеттердің тәжіри­бесін ескерген жөн.

Нұр-Астана мешітінің бас имамы Нұрлан Рамазанов «сә­ләфия» атын жамылған ағымдар өз арасында «мәдхали», «су­ру­ри», «тәкфири» деген үш топқа бөлінетінін айтты.

– Үш топтың ішіндегі ең ра­дикалды, ең қауіпті топ – тәк­фири ағымы. Олар еліміздегі заң жүйесін «тағут», яғни шай­танның заңы деп мойын­да­май­ды, намаз оқымайтын адамдарды кәпір деп айыптап, мал-дү­ние­сіне қол сұғуды өзіне адал деп есептейді. Қылмыстық әре­кетін асыл дініміз арқылы бүрке­мелеуге тырысады. Қатардағы қарапайым адамның біреуді себепсіз кәпір деуі – үлкен күнә. Ислам діні қоғамның тұтас­тығына, елдің бірлігіне сызат түсіретін, адами құндылыққа сай келмейтін құбылыстарға түбегейлі қарсы. Исламның атын желеу етіп, еліміздің ішкі тұрақтылығына қауіп төндіріп, тұ­нығымызды лайлағысы ке­ле­тін қара ниет­тілердің ғана қолы­нан келсе керек, – дейді имам.

Осы мақаланы әзірлеп оты­рып белгілі дінтанушы Асыл­бек Ізбайыровпен де сөйлес­кен едік. Ол Қазақстанның түрме жүйе­сінде баяғы «Қара зона» мен «Қызыл зонадан» басқа «Жасыл зона» деген жаңа тү­сінік қалып­тасқанын айтып қалды. «Жасыл зонада» экс­тремизм бабымен жа­засын өтеп жатқандардың сөзі жүреді-міс. Тереңірек зерт­теуді қажет ететін ауқымды та­қы­рып болған­дық­тан, бұл тура­лы әлі де тарқатып жазамыз.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ

Дереккөз: aikyn.kz

Бөлісу: