26
Сейсенбі,
Қараша

һижри

Сабырдың үш түрі

Сабырдың үш түрі

Мақалалар
Жарнама

Ғалымдардың пікірінше сабырдың негізгі 3 түрі болады: қиындыққа, құлшылыққа және күнәға қарсы сабыр ету. Сабырлықтың осы үш түрін ашықтап, кеңінен қарастырып көрсек.

Қиыншылыққа сабыр етуші ең әуелі Алладан болатын сауаптан үміттенуі қажет. Өйткені, Алла Тағала Құран Кәрімде: «(Бір Аллаға құлшылық ету жолында) ешқандай қиындыққа мойымай сабырлық танытқан жігерлі жандарға сый-сыяпаттары қисапсыз беріледі,»[1] - деп момын мұсылмандарға үміт сыйлаған. Яғни, қиыншылыққа қаншалықты сабыр етсе, соншалықты Алланың есепсіз сауаптарына кенелетіндігі туралы айтылады. Осыған байланысты, тарихта өткен бір әйелдің оқиғасы баян етіледі. Ол әйел аяғының саусағын қатты жарақаттап, жараның ауырғанына қарамастан күліп жібереді. Сонда қасындағылар одан сұрайды: «Саусағыңды қатты жарақаттасаң да, күліп жібердің. Бұның себебі неде?». Әлгі әйел: «Жарақат алуымның себебінен Алладан берілетін сауаптың тәттілігі, жарақаттың ащы ауруын ұмыттырды», - деп жауап берген екен.

Ауыртпалыққа сабыр етуші адам Алладан жеңілдікті күтіп, үміт үзбеуі тиіс. Бұл туралы бір шайыр өлең шумақтарында былай жеткізген:

                «Әй, уайымға берілуші, уайымың өтеді де кетеді,

                Жақсылық болатынына қуан, расында жарылқаушы бір Алла.

                Кейде үміттен қол үзуден басқа шара қалмас,

                Үміттен еш қол үзуші болма! Расында Алла бір шара қолданар.

                Ақиқатында ауырлықтан кейін әлбетте жеңілдік бар,

                Қайғыға сен еш берілме, жеткізуші ол – Жаратушы Алла».

Бәлекетті қайтарудың жолы – Алланың нығметтерін жиі еске алып отыру. Өйткені Алланың нығметтерін еске алып, оны санап шыққан адам үшін, басына келген қиыншылық теңіздегі тамшы су сияқты түк емес болып қалады. Алла Тағала Өзінің бізге есепсіз берген нығметтері туралы: «Алланың нығметін санасаңдар санына жете алмайсыңдар. Рас, Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді»[2], - деген.

Құлшылыққа сабырлық өз алдына үшке бөлінеді. Олар: әрдайым құлшылықта болу; ықыласпен, яки көркем түрде орындау; оны (құлшылықты) біліммен көркемдеу. Құлшылықты үнемі, үздіксіз орындап отыру сабырлықты қажет ететіндігі анық. Мұсылман ғибадаттарына берік болуы қажет. Бірде орындап, бірде тастап қою дұрыс емес. Ғибадаттарды өз уақытында, өз орнымен атқарудың өзі адамға сабырлық ету арқылы келеді.

Ықылас пен ниеттің кемелдігі, амалдың кемелдігіне жеткізеді. Мәселен, қандай да бір адам (ұмытып, не болмаса тиісті деңгейде көңіл бөлмей) ниет етпестен ораза ұстауы мүмкін. Ондай адамның құлшылығында кемшілік бар деген сөзді білдіреді. Ал, енді тағы бір адам оразасында болсын, басқа да құлшылық-ғибадаттарында үнемі ниетті дұрыстап, амал жасайтын болса, міне сондай амалдың дәрежесі үстем болатындығы белгілі. Сондықтан құлшылық жасағанда үнемі ниетті, ықыласты түзетіп отыру, ол да сабырлық арқылы жасалынады. Ал, біліммен жасалған амал, амалдың білімсіз жасалғанынан қайырлы һәм берекелі болады. Білім алу адамның күш-жігерлік танытып, өз энергиясын, белгілі бір уақытын, дүние-мүлкін сарп етіп жұмсауын қажет етеді. Демек, бұл істе де мұсылман үшін сабырлы болу, ескерілу керек болған аса маңызды талаптардың бірі.

Сабырлықтың үшінші түрі ол – күнәға қарсы сабыр ету. Сабырлықтың бұл түрінің екі себебі және ерекше бір пайдасы бар. Бірінші себеп: күнә істен кейін болатын Алланың жазасынан, азабынан қорқу. Екінші себеп: Алла Тағаладан шынайы түрде ұялу. Осы екі себептің екіншісі біріншісінен абзал. Өйткені, Алладан ұялған адам, Алла ризалығы үшін күнә істемейтін болса, ал Алланың азабынан қорқып, күнә істемеген адам күнә арқаламау үшін жаманнан тыйылған болып есептеледі.

Күнә істемеуге сабырлықтың пайдасы туралы айтатын болсақ. Әр кезде сабырлық етіп, күнә істемеген адам имандылығын сақтап қалады. Яғни, иманына нұқсан келмейді. Күнәлі іске бой алдырған адамның жүзінен, жүрегінен нұр кетеді, иманы әлсірейтіні сөзсіз. Алланың оған құлшылық жасасын деп берген күш-қуаты азаяды.

Ислам ғұламалары айтып өткен сабырлықтың негізгі түрлері осылар. Ендеше, біз де, Алланың жәрдемімен құлшылықта да, қиыншылықта да сабыр етушілерден болып, күнәдан бойымызды аулақ салуға тырысайық! Алла баршамызды сабырлылардан қылғай!

Берікбол ЖАНАҚ


[1] «Зүмәр» сүресі, 10-аят.

[2] «Нахл» сүресі, 18-аят.

Бөлісу: