26
Сейсенбі,
Қараша

һижри

Құран аяттарымен емдеу

Құран аяттарымен емдеу

Мақалалар
Жарнама

Алла Тағала күллі адамзатты: «Ей, адамдар! Тәңірлеріңнен сендерге насихат, жүректеріңдегі дерттеріңе дауа, мұсылмандарға тура жол және жарылқау ретінде Құран келді» («Юнус» сүресі, 57-аят.), «Біз Құраннан имандылар үшін шипа және мейірім түсіреміз» («Исра» сүресі, 82-аят.), – деп сүйіншілейді.

Жүрек Құранмен тазарады, тыныштық табады, көркем мінез-құлыққа бастайды. Кейбір адамдар тәкәппарлық, қызғаныш, күншілдік, қанағатсыздық, құмарлық, екіжүзділік, күйзеліс секілді жүрек ауруларына шалдығып, емделу шараларын қарастырып, психологтардың есігін қағып жатады. Асылында, мұндай науқастың дәрігерлері – Пайғамбар (с.ғ.с.) мен ізгі ғалымдардың жолын ұстанушылар екенін ұмытпайық. Алланың сөзі Құран – дәрі-дәрмек секілді. Дәріні уақытынан кешіктірмеу әрі дәрігерлер бұйырғандай етіп қабылдаудан дертіңізден оп-оңай айығасыз.

Егер мұсылман Құранды Алла разылығы үшін оқитын болса, Құран аяттары оның тәніндегі дерттерге өздігінен шипа бола береді. Дегенмен, дем салып емдеуге болатын бірнеше сүрелер мен аяттар да нақтыланған. Мәселен, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қайыры ең көп болған сүре – Фатиха, барлық дертке дауа», (Бәйһақи)– деген болатын. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сахабалары да, одан кейінгі ізгі мұсылмандар да «Фатиха» сүресімен емделген екен. Егер адам ешбір қателіксіз, тек қана сүннетте келгендей Құран сүрелерімен дұрыс емделетін болса, тән ауруларынан да айығады.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «О, Алланың пенделері! Емделіңдер, өйткені Алла Тағала кәріліктен басқа кеселдің бәріне де шипалы ем жаратқан» деген (Хадис 549).

Алланың хақ сөзі жазылған киелі Құранда ауру-сырқауға шипа болатындығы туралы аяттар жазылған. Атап айтқанда: Тәуба сүресі 14; Юнус сүресі 57; Исра сүресі, 82; Фуссилат сүресі, 44; Шуара сүресі, 80; Нахл сүресі 69 аяттары шипа болатындығы туралы айтылған. Бұл асыл аяттар материалдық және адамның рухани жағдайының сауығуына себепші болады деп көрсетілген.

Қасиетті Құранда: «Ауырсам, Ол (Алла) маған шипа береді» («Шұғара» сүресі, 80-аят) деп жазылуы шипаны тек Ұлы Жаратушыдан сұрау керектігін айтқан. «Исра» сүресінің 82-аятында: «Мүміндерге рақымы, шипасы бар Құранды түсіреміз. Залымдардың шеккен зияны арта түседі» делінген. Бұл жерде Құранның шипалық қасиеті айтылып тұрғандығын байқаймыз.

 Құранның шипа боларлық асыл қасиеті туралы ислам ғалымдары да көптеген толғамдарын қалдырған.

«Дауаның ең қайырлысы – Құран» (Ибн Мажә, Тыбб, 28),  «Мына екі нәрсеге көңіл бөліңдер: Құран және бал» (Ибн Мажә, Тыбб ), «Құранмен шипа іздемеген адамға Алла шипа бермейді» (Рази, Тәфсир, ХХІ, 34 б.) делінгені осының айқын дәлелі.

Хадистерде: «Фатиха сүресі не үшін оқылса да оған пайдасы тиеді. Онда әртүрлі дауа бар» (Ажлуни, Кәшфул-Хафа, ІІ, 106-108 бб.) деп, Құранның дертке дауа боларлық асыл қасиетін ерекше бағалап, нақтылап айтқан.

Нақты мысалдарды айтатын болсақ: Сахаба Әбу Сайд әл-Худри бірде  жылан шаққан бір адамға  Фатиха сүресін оқып, оны емдегені туралы айтылады. (Куртуби, Тәфсир Х, 312 б.) осыған қарап отырып, Құран аяттарын оқи отырып, дем салу, шипа ретінде оқу маңызды саналғандығын байқауға болады.

Шипалық аяттар туралы Алла Елшісі пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Дауаның ең қайырлысы – Құран» (Ибн Мажә, Тыбб, 28),  «Мына екі нәрсеге көңіл бөліңдер: Құран және бал» (Ибн Мажә, Тыбб ), «Құранмен шипа іздемеген адамға Алла шипа бермейді» (Рази, Тәфсир, ХХІ, 34 б.) деп анық айтып өткен.

Халқымыз бағзы заманнан бері қасиетті Құранды шипалық ретінде пайдаланып келген. Ата-бабаларымыз ауырып-сырқаған адамдарға Аллаға шынайы ниетімен сыйынып, дем салатын болған.

Демек, бабаларымыз Алланың ақ сөзінен дертке шипа іздеп, сырқатынан Құран арқылы айығып келгендігін білеміз.

Алланың асыл сөзі адамды сақтаушы деп білу абзал болады.

Нариман ИСЕНОВ

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: