19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Вирустан қорғайтын дұға бар ма?

Вирустан қорғайтын дұға бар ма?

Мақалалар
Жарнама

Адам баласына бұл өмірде Алла Тағаланың түрлі сынақтар беретіні хақ. Бұл туралы Хақ Тағала Құранда: «Шүбәсіз, Біз сендерді қорқынышпен, аштықпен және мал-мүліктеріңді, жақындарыңды әрі өнімдеріңді (табыстарыңды) кеміту арқылы сынаймыз», – деп ескерткен («Бақара» сүресі, 155-аят). Сондай сынақтың бірі – індеттің тарауы.

Қазіргі уақытта коронавирус атты жұқпалы ауру бүкіл адамзатты алаңдатуда. Бұл індет көптеген елге таралып, мыңдаған адамның өміріне қауіп төндіруде. Сондықтан, еліміздің әрбір азаматы денсаулығына жете мән беруі қажет. Жұқпалы індеттің алдын алу үшін барлық сақтық шарасын көру керек.

Алла Тағала адамзат баласына: «Өз бастарыңды қауіп-қатерге тікпеңдер», – деп ескерту жасаған («Бақара» сүресі, 195-аят). Алла берген аманат – өз өміріміз бен денсаулығымызға дұрыс күтім жасамай, қауіп-қатерге көзсіз ұрынар болсақ, түбінде опық жейтініміз сөзсіз.

Жұқпалы аурулардың қай қайсына болмасын Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Науқасқа жақындаудың қаупі зор», – деп ескертеді. Науқас адамдарға тым жақындамау жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жұқпалы ауруға шалдыққан адамнан жыртқыш хайуаннан қашқандай қашыңдар (яғни қорғаныңдар)» деген хадис шәріп арқылы ескерту жасайды. Сондай-ақ, бұған Ислам дініндегі «Өзіне де, өзгеге де зиян келтіру жоқ» деген қағида дәлел болады.

Сонымен қатар, пенде Жаратушы Иесіне дұға етуді де ұмытпауы керек. Құран Кәрімде: «Егер дұға-мінәжаттарың болмаса, Раббым сендерді қалай бағаласын», – деп айтылған («Фұрқан» сүре­сі, 77-аят).

Сондай-ақ Алла Тағала Құранда: «Маған дұға етіңдер, сендерге жауап берейін», – деген. («Мүмин» сүресі, 60-аят) және «(Уа, Мұхаммед!) Егер құлдарым сенен Мен туралы сұраса, Мен оларға жақынмын, Маған жалбарынып, дұға еткеннің дұғасын жауапсыз қалдырмаймын» («Бақара» сүресі, 186-аят), – деген. Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дұға – ғибадаттың мәні», – деген (Тирмизи). 

Құран Кәрімде және Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде түрлі дертке қарсы оқылатын көптеген дұғалар бар.

Осман ибн Аффан (одан Алла разы болсын): «Мен Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтқанын естідім: «Кімде-кім үш рет «Бисмилләһил-ләзи ләә ядурру мәға исмиһи шәйун фил-арды уә ләә фис-сәмаи, уә һуәс-сә­миғул-ғалим» (Алланың аты­мен жалбарынамын. Оның есімімен жер мен аспанда еш нәрсенің зияны тимейді. Ол – толық естуші әрі білуші) десе, таң атқанға дейін оған пәле жетпейді. Кімде-кім таң уақытында оны үш рет айтса, кешке дейін оған пәле жетпейді», – деген (Әбу Дәуіт, Тирмизи).

virus1

Алдын ала келетін дерттен сақтану және бойындағы аурудан сауығу үшін Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күнде түннің кезінде ұйқыға жатардан бұрын Ықылас, Фалақ және Нас сүрелерін оқып, өзіне дем салған, яғни Құран оқып, алақанына үрлеген, сосын онымен бетін және денесінің қолы жеткен жерін сүрткен (Бұхари).

virus

Құран аяттары мен дұғаларды ауырған уақытта да, сау кезде де оқыса болады. Құранның және дұғалардың әсер етуі үшін оны ықыласпен оқу керек. Дұға да дәрі сияқты. Алла Тағала қаласа, әсер етеді. Аурудан сақтаушы әрі дертке шипа беруші – бір Алла!

Хасан АМАНҚҰЛ

 «Мұнара» газеті, №5, 2020 жыл

Бөлісу: