21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Рамазан қандай ай?

Мақалалар
Жарнама

Рамазан – Жаратқанның мұсылман жұртына жасаған ұлы тартуы.

Рамазан – айлардың ең қайырлысы, уақыттың ең қасиеттісі де киелісі.

Рамазан – ақ пен қараны ажыратып, тура жолды көрсетуші «Құран» атты ұлық пәрмен жерге түсе бастаған мүбәрак ай.

Рамазан – құлдың шын ықыласпен тәубаға келіп, Ұлы Жаратушысына қайта бет бұру заманы.

Рамазан – Хақ Тағаланың мейірім-шарапаты ерекше асып-тасатын айрықша ай.

Рамазан – пенделік қылықтардан мейлінше арылып, рухани барынша кемелденіп, ішіп-жеуден уақытша болса да тыйылып, «періштеге» ұқсап бағудың табылмас сәті.

Рамазан – он бір ай бойы кір шалып, тот басуға аз қалған рух пен жүректің қайта тазарып, кемелденуі үшін Құдай Тағаланың арнайы бекіткен киелі бағдарламасы.

Рамазан – атойлаған нәпсіге тойтарыс беріп, оған қыл бұрау сала ауыздықтау айы.

Рамазан – қара ниетті шайтанның ауыз бекіткен адам баласын азғыруда амалы құрып, кері шегінетін айбарлы айы. Мұхаммед пайғамбардың : «Рамазан айы келгенде, жәннаттың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді» деуі бұл айда шайтан атаулының көксегеніне жете алмай дымы құритынын білдіреді.

Рамазан – құлдың Хақ Тағалаға барынша жақындау үшін күллі қам-қарекетін салатын, бар жігер-қайратын төгетін ұлы майданы.

Рамазан – сексен үш жылдың сауабына тең келер қасиетті Қадір түні бар ең берекелі ай.

Рамазан – жай уақытта жасаған жақсылықтар мен салиқалы амалдар сауабының еселеніп жазылатын құтты айы. Сондықтан, бұл айда бар игілік иелері жақсылық жасауда өзара аламан бәйгеге түседі.

 

Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ

Бөлісу: