Асылында, дін қызметкері есеп үшін емес, есеп күні үшін жұмыс істейді. Алланың разылығы, халықтың қамы, қоғамның игілігі үшін қызмет ететін адам осы ниеттің негізінде жанқиярлықпен амал етіп, басын бәйгеге тігеді...
Наурызбай қажы Тағанұлының Бас мүфти лауазымына сайланғанына жүз күн толды. Жүз күннің жүгін куәгер ретінде боямасыз жеткізуге тырысайын...
Діни басқармада қалыптасқан жақсы дәстүр бар. Ол – ұстазға құрмет көрсету. Наурызбай қажы Тағанұлы өзінің ұлағатты ұстазы, мүфтияттың тұңғыш тізгінін ұстаған Рәтбек қажы Нысанбайұлы ақсақалға арнайы сәлем беріп, кеңесін тыңдап, батасын алды. Ұстазға құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты. Бұл дәстүр Әбсаттар қажы Дербісәлінің, Ержан қажы Малғажыұлының, Серікбай қажы Ораздың үйінде жалғасын тапты.
Көпті көрген қарияда тәжірибе көп, жастарда тәуекел басым. Осы құндылықтар өзара көркем үйлесімін тапқанда ғана іс ілгері жүреді. Алла Елшісі: «Ақылдасуда береке бар», – деген екен. Бас мүфти алғашқы жұмыс күндерінде көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері – Мырзатай Жолдасбековпен, Өмірбек Байгелдімен сұхбаттасып, ҚМДБ жанынан Ақылдастар алқасын құру, жастарды жақсы мінез-құлыққа тәрбиелеу, дінді дәстүрмен үйлестіріп насихаттау, т.б. мәселелер төңірегінде ақыл-кеңесін тыңдады. «Жүйрік бестіден шығар, кеңес естіден шығар», – дегендей, көненің көзіндей болған қариялар өмірде көргені мен түйгенін Бас мүфтимен бөлісіп, есті сөзін айтты.
Мүфтият мерейі
Мүфти сайланса, Президент қабылдап, игі тілегін білдіретін дәстүр бар. Бұл жолғы жүздесудің жөні бөлек болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әзірет Сұлтан» мешітіне арнайы келіп, Бас мүфтиді жаңа қызметімен құттықтап, табыс тіледі. «Сіздің мешітке келіп, мені құттықтауыңыз – еліміздегі бүкіл мұсылманға деген ізгі тілегіңіз, жылы лебізіңіз, шынайы жанашырлығыңыз деп білемін», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Осы бір сәулелі сәттен кейін көп ұзамай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бас мүфтиді қабылдап, тілеулестік ниетін білдірді. «Жаңа қызметіңізбен құттықтаймын. Тиісті біліміңіз бен тәжірибеңіз бар. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін», – деді Елбасы. Мемлекет басшысы мен Елбасының мүфтимен кездесіп, сұхбаттасқаны – мүфтияттың, ел мұсылмандарының мерейін үстем еткені...
ҚМДБ еліміздегі 70 пайыздан астам мұсылманның қарашаңырағы, Ислам бағытындағы бірден-бір бірлестік болғандықтан шетелдік елшілер ынтымақтастық орнатуға ниет танытады. Наурызбай қажы Тағанұлы Түркияның, Мысырдың, Иордан Хашимит Корольдігінің, Біріккен Араб Әмірліктерінің, Сауд Арабия Корольдігінің, т.б. елдердің елшілерін қабылдап, екіжақты байланыс аясын кеңейту қажеттігін алға тартты.
Ұлтаралық, дінаралық достық пен келісімді нығайтуда мүфтияттың қоғамдағы рөлі мен орны айрықша. Өйткені, дін қызметкерінің негізгі жұмысы халықты имандылық пен ізгілікке, бірлік пен бейбітшілікке ұйыту болғандықтан игі іске үлес қосу – сауапты амалдың бірі. Жамбыл облысы Қордай ауданында келеңсіз жағдай болған кезде Бас мүфти осы өңірге арнайы барып, аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевпен бірге халықпен кездесіп, жұма намазында уағыз айтты. Масанчи ауылындағы медресе қызметін ерекше қадағалауға алып, тиісті тапсырмалар берді.
Расында, Ислам діні тыныштық пен бейбітшілік салтанат құрған қоғамда ғана өркендейді. Бұған күн санап көз жетуде...
Дін мен дәстүр сабақтастығы
Дін мен елдің қамында қажырлы еңбек еткен ғұламалар мен тұлғалардың зиратына барып, оларға Алладан жарылқау тілеп, Құран бағыштау – бағзы заманнан келе жатқан әдет-ғұрпымыз. Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздің киелі жерлерінде болып, дархан даламызға даналық пен ізгілікті жайған Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Бекет ата, Абай, Шәкәрім сынды ойшыл-ғұлама, әулие бабаларымыздың рухына қасиетті Құран аяттарын бағыштады.
Тарих – өткен күннің боямасыз бейнесі. Өткенсіз – бүгін, бүгінсіз келешек жоқ. Бас мүфтидің киелі жерлерге жасаған сапары мен зияраты жамағаттың жүрегіне жылулық ұялатып, санасына жақсы ой салды.
Өзбекстан – Орталық Азиядағы ең жақын бауырлас, Құдай қосқан көрші ел. Наурызбай қажы Тағанұлы іргелі діни білімді Ташкенттегі «Имам Әл-Бұхари» атындағы Ислам институтынан алған. Бас мүфти алғашқы шетелдік сапарын көрші елден бастады. Оның да өзіндік орынды себебі бар еді. Соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан мұсылмандары діни басқармалары арасында әріптестік байланыс беки түсті. ҚМДБ Төрағасы Н.Тағанұлы Өзбекстан мүфтиі Усмонхон қажы Алимовпен кездесуінде діни саладағы ынтымақтастықты одан ары арттырудың маңызын тілге тиек етті.
Екіжақты ресми кездесуде жаһандық сын-қатерге жауап беруде мұсылман үмбетінің өзара ынтымағын арттыру, діни мерекелерді бір күнде атап өту, ортақ пәтуалар қабылдау, деструктивті діни ағымдардың теріс үгіт-насихат жұмыстарына жол бермеу, бауырлас елдердің дін қызметкерлерінің білімін арттыру, тәжірибе алмасу шараларын ұйымдастыру, Матуриди сенім мектебі мен Әбу Ханифа мәзһабын халыққа насихаттау, діни оқу-ағарту саласы бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру, т.б. мәселелер талқыланды.
Сапар аясында Бас мүфти Самарқан қаласында өткен халықаралық конференцияға қатысып, әйгілі «әл-Әзһар» университетінің шейхы, Мысыр бас имамы Ахмет Тайыппен сұхбаттасты. Кездесуде Ахмет Тайып Бас мүфтиді жаңа қызметімен құттықтап, игі тілегін жеткізді.
Бас мүфти бастаған қазақстандық делегация Самарқанда имам Матуриди мен имам Бұхари зиратында болып, Ислам әлемінің ұлық имамдарына Құран бағыштады.
Үміт ұялатқан Үндеу
Наурызбай қажы Тағанұлы елімізде төтенше жағдай жариялаған сәтте діни қызметті ақсатпай, онлайн режимде уағыз айтып, интернеттің игілігімен аймақтағы имамдармен тілдесіп, тиісті тапсырмалар беріп отырды. Ғұламалар кеңесінің, Төралқа мәжілісінің бірнеше онлайн жиналысы өтті. Сындарлы сәтте халықты сабырға шақырып, имандылыққа ұйытып, ел мұсылмандарын ең кемінде 100 истиғфар мен салауат айтуға үндеді. Ал барша дін қызметкерін карантин кезінде үздіксіз Құран хатым етуге шақырды.
Наурызбай қажы Тағанұлының жамағатқа жолдаған: «Мешіт есігі жабылғанымен, сауап есігі жабылмайды», – деген Үндеуі елең-алаң күй кешкен адамның үмітіне қанат бітіріп, көңіліне медеу болды.
Бас мүфти әлемнің дін көшбасшыларына «Біз – біргеміз, тілегіміз – ортақ» деген игі ниетпен Үндеу жолдап, жұма күні бір мезетте дұға жасауға шақырды. Дін қайраткерлеріне бірінші болып Үндеу жолдаған Наурызбай қажы Тағанұлының бұл бастамасына Түркияның, Ресейдің, Өзбекстанның, Қырғызстанның, т.б. мұсылман мемлекеттерінің мүфтилері қолдау білдіріп, дұға жасау рәсіміне қатысты.
«Е-МҮФТИЯТ» жобасы жайында
ХХІ ғасыр – электронды технологияның дамыған заманы. Әлем электронды жүйеге көшу үдерісінде. Мүфтият бұл тенденциядан қалыс қалмауы қажет.
Наурызбай қажы Тағанұлы Бас мүфти лауазымына сайланған сәтте «Е-МҮФТИЯТ» ақпарат жүйесін іске қосуды қолға алды. Еліміздегі барша имам-молданың білім деңгейі, ғылыми дережесі, ұлты, отбасы жағдайы, облыстағы мешіт саны, т.б. мәлімет аталған ақпарат жүйесіне енгізілді.
Бұл жоба жұмыс тиімділігін арттырумен қатар, ҚМДБ Орталық аппаратының кадр қызметін оңтайландыруға оң ықпал етуде. Бас мүфтидің осы бастамасы аясында Діни басқармаға қажетті камералар мен техникалық құралдар алынып, онлайн жиналыстар өтуде. Айта кетер тағы бір жаңалық: Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Орталық аппараты жанынан Діни ақпарат орталығы (call-center) ашылды. Ақпарат орталығында дін саласының білікті мамандары тәулік бойы қазақ және орыс тіліндегі сұрақтарға жауап береді.
Қайырымдылық – қайырлы іс
Осы салада қызмет етіп жүрген жанның бірі ретінде айтсам, біздің қоғамда зират және жерлеу рәсіміне қатысты күрмеуі шешілмей келе жатқан күрделі мәселе жоқ емес. Бас мүфти кезекті Аппарат жиналысында жерлеу рәсімін жүзеге асыратын арнайы орталық ашуды тапсырды.
«Біріншіден, жерлеу рәсімінде шариғат талабы ескерілмейді, екіншіден, діни салттық қызметті кәсіпке айналдырғандар халықтың жағдайымен санаспайды. Осыдан кейін қазалы үй қаражат іздеумен сарсаңға түседі. Біз бұл мәселені ескеріп, мүфтият жанынан жерлеу рәсімін жүзеге асыратын орталық ашуды қолға алуымыз қажет» деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы. Қазір осы тапсырма аясында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Біздің мақсат – қазалы үйдің қайғысын сейілту...
Қайғы дегеннен шығады, Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы ағайынға сынақ келгенде Бас мүфти гуманитарлық көмек көлемін ұлғайтуды тапсырды. Өзі Мақтааралға арнайы барып, 10 млн. теңге көлемінде көмек көрсетіп, баспанаға аса мұқтаж 3 отбасыға жаңа үйдің кілтін табыстады.
Қайырымдылық – Діни басқарманың негізгі жұмыс бағыттарының бірі. Карантин кезінде Нұр-Сұлтанда 2100, Алматыда 1000 отбасыға азық-түлік таратылды.
Бас мүфти «ҚМДБ-ға – 30 жыл» мерейтойы аясында 30 студентке ҚМДБ білім грантын табыстады. Осы бір сауапты іс жетім мен көмекке мұқтаж студенттерге үлкен қолдау болғаны анық.
Бұл – Бас мүфтидің жүз күнінде жасалған негізгі жұмыстар... Қайталап айтқанда, бұл – есеп үшін емес, есеп күні үшін...
Адамдықтың алғы шебінде жүрген, Бас мүфти бастаған барша дін қызметкеріне Жаратқанның өзі жар болғай! Әмин!
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ