21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Құрбандық: Қисса хикметі

Құрбандық: Қисса хикметі

Мақалалар
Жарнама

«Ибраһим: «Мен Раббым бұйырған жаққа кетемін. Ол маған жол көрсетеді» деді. (Көңіліндегі жерге барған соң) «Иә, Раббым! Маған жақсысынан бір ұл бер» деп жалынды. Біз оны аса мүләйім бір ұл баламен қуанттық. Ұлы (Ысмайыл) әжетке жарап қалған кезде (Ибрахим оған): «Балақайым, түсімде сені бауыздауға (құрбан шалуға) бұйырылдым. Сен қалай қарайсың? Ойлап көр» деп еді, баласы: «Әке, өзіңе бұйырылған істі істе! Құдай бұйырса, мені қайсар шыдамдылар қатарынан табасың» деді. Екеуі де (Алланың әміріне бойсұнды). Баласын қырынан жатқызды (бірақ Алланың құдіретімен бауыздауға пышағы өтпей қалды). Біз (сонда ғана): «Ей, Ибраһим! Түсіңді орындадың. Біз жақсыларды күдіксіз осылай сыйлаймыз» деп дауыстадық. Бұл нағыз ашық сынақ еді. Біз оның орнына үлкен құрбандық (Ұжымақ қошқарын) ауыстырдық. Біз оған соңғылар ішінде «Ибраһимге сәлем!» деген алғыс қалдырдық. Біз жақсыларды осылай сыйлаймыз. Өйткені, ол иманды пенделерімізден еді» («Саффат» сүресі, 99-111-аяттар).

Жаратқан Жаббар Иеміз қасиетті Құранда бізге осындай ғибратты қиссаны ашық баяндайды. Осы оқиғадан алар мол ғибрат пен өнегелер бар. Таратып баяндап беруге тырысайық.

«Ибрахим: «Мен Раббым бұйырған жаққа кетемін. Ол маған жол көрсетеді» деді». Аллаға тәуекел етсең, Ол да сүйген құлын далаға тастамайды. Тығырықтан шығар жол сілтейді. Қиындықтан құтқарады. Құдай құлдарының тәуекелін көргісі келеді екен. Мұндайда халық даналығында айтылатын «Аллаға сенген құстай ұшады, адамға сенген мұрттай ұшады» деген қанатты сөз еске түседі. Кейде байқамай адамға көбірек үміт артып кетеміз. Адамның жүрегін басқарушы Алла емес пе?!

«Иә, Раббым! Маған жақсысынан бір ұл бер» деп жалынды. Біз оны аса мүләйім бір ұл баламен қуанттық». Құдайдан салиқалы ұрпақ сұрау – мұсылманның мұраты. Бұл – пайғамбарлардан бізге жеткен әдеп. Мұсылмандық жолды ұстанған халқымыз: «Е, Құдайым бала бер, бала берсең сана бер» деген. Құдай шын сұраған пендесінің дұғасына жауап береді. Ибраһим (ғ.с) пайғамбардың дұғасына жауап берген Алла: «Біз оны аса мүләйім бір ұл баламен қуанттық» дейді.

«Ұлы (Ысмайыл) әжетке жарап қалған кезде (Ибраһим оған): «Балақайым, түсімде сені бауыздауға (құрбан шалуға) бұйырылдым. Сен қалай қарайсың? Ойлап көр» деп еді...» Бала тәрбиесінде онымен ақылдасу тәсілі көп нәтижесін береді. Біз көп жағдайда баламен ақылдаспай, оған бұйрық раймен сөйлеуге әдеттеніп алғанбыз. Әр баланың өзіндік ойы, өзіндік «мені» болады. Біздің бұйрық райдағы сөздеріміз баланың «менін» әсте-әсте әлсіретіп, пікірін ашық ату, ойын қаймықпай жеткізу сынды мінезін жоя бастайды. Осыдан кейін оны психологқа сүйреп, «Балам жасық, үндемейді, ашылып сөйлеспейді» деп шағымданамыз. Соған шамданамыз. Бала үшін ата-анасынан асқан қандай психолог болуы мүмкін?! «Балақайым» деп сөйлегеннің өзі қандай өнеге... Жүрекке жылулық сыйлайды.

Баламен ақылдасқанның нәтижесі мынау: «...баласы: «Әке, өзіңе бұйырылған істі істе! Құдай бұйырса, мені қайсар шыдамдылар қатарынан табасың» деді». Алма өз бұтағынан алыс түспейді деген тәмсіл бар. Аллаға мойынсұнған әкенің баласы да тілалғыш келеді. «Баланы тәрбиелегің келсе – әуелі өзіңді тәрбиеле» деген сөздің жаны бар... «Құдай бұйырса» деп сөйлеген Ысмайылдың да Алла тілеуін қабыл етті. Шыдамдылар қатарынан табылды...

«Екеуі де (Алланың әміріне бойсұнды). Баласын қырынан жатқызды (бірақ Алланың құдіретімен бауыздауға пышағы өтпей қалды)». Алла Тағала өз пайғамбарының иманын соңғы сәттерге дейін сынауда. Осы сәтті бір мезет көзімізге елестетіп көрелікші. Ойлаудың өзі қорқынышты...

Ал Ибраһим (ғ.с) пайғамбар осы сәтте сынақты қасқайып тұрып қарсы алып, Алланың әмірін орындауда табандылық танытып, шынайы құл екенін дәлелдеді. Бұл жайт Құранда былайша баяндалады: «Біз (сонда ғана): «Ей, Ибраһим! Түсіңді орындадың. Біз жақсыларды күдіксіз осылай сыйлаймыз» деп дауыстадық».

«Бұл нағыз ашық сынақ еді». Алла әуелі пайғамбарларға үлкен сынақтар жіберген. Одан кейін пайғамбар жолын жалғастырушылар сыналады. Осылайша әр адам өзінің иман дәрежесіне сай сыналмақ. Жаратқан Жаббар Иеміз: «Сендер иман келтіргеннен кейін сыналмай қаламыз деп ойлайсыңдар ма?» дейді («Әнкәбут» сүресі, 2-аят).     

«Біз оның орнына үлкен құрбандық (жәннат қошқарын) ауыстырдық». Алла бір қиындықтың артынан бір жеңілдік жібереді. Сынақты көркем сабырмен жеңген пендесін ерекше сый-құрметке, нығметке бөлейді. Бұдан асқан бақыт бар ма? «Біз оған соңғылар ішінде «Ибраһимге сәлем!» деген алғыс қалдырдық. Біз жақсыларды осылай сыйлаймыз. Өйткені ол иманды пенделерімізден еді».

Иә, адам баласы мына өмірде еңбектенбей, ешқандай жетістікке жетпейді. Сол секілді, жан қиналмай, жәннат жоқ. Сын сағатында сынып кетпей, Аллаға тәуекел еткен пендеге міндетті түрде көмек беріледі. Өйткені «Кім тақуалық етсе, оған шығар жол көрсетіледі» («Талақ» сүресі, 2-аят).  

Алла бізді көтере алмайтын сынақпен сынамауды сұрап, дұға етеміз.  

Ағабек Қонарбайұлы,

«Мұнара» газеті, №14, 2020 жыл

Бөлісу: