28
Бейсенбі,
Наурыз

һижри

Алла Елшісі ﷺ мақтаған ізгі сипаттар

Алла Елшісі ﷺ мақтаған ізгі сипаттар

Мақалалар
Жарнама

Алла Елшісінен (с.ғ.с.) үлкен сауапқа ие болатын әр түрлі ізгі амалдар туралы хадистер келтіріледі. Аталмыш хадистер арқылы ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз үмметін жақсылықа шақырып, жамандықтан тыйған болатын. Алайда, Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) кейбір жекелеген хадистерде «адамдардың ең жақсысы» деген абыройлы атаққа ие болатын  момын-мұсылманның бойында табылу керек болған ізгі сипаттар туралы ерекше атап өткен. Ол қандай сипаттар?

Жәбирден (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Момын-мұсылман (басқалармен) достасады, әрі достықты қабылдайды. (Өзгемен) достаспайтын және достықты қабылдамайтын адамда жақсылық жоқ. Ал, адамдардың ең жақсысы ол - адамдарға пайдасы тигені»[1], - деген. Момын-мұсылман шынайы дос бола білу керек. Айналасындағы адамдарға зиян емес, пайда тигізгені абзал. Кейде адамдар арасында кездесетін жағдайдың бірі, белгілі мақсат-мүддені көздеп екеуара «дос» болатын кездер болады. Ал, шынайы мұсылман достықтан өзінің жеке бас дүниелік қамы үшін ештене күтпейді. Өйткені ол шынайы дос болудың қадірін жақсы біліп, оның сауабын тек бір Алладан күтеді. Сахабалар бір-біріне пайдасын тигізгенде, пайда тигізген сахаба Алладан сауапқа ие болғандығы үшін керісінше өзін өзгенің алдында қарыздар етіп есептеген.

Айша (р.а.) анамыздын жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Сендердің ең жақсыларың өз отбасына ең жақсы болғандарың. Ал, мен өз отбасыма сендерден де жақсымын»[2], - деген. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен келесі хадисте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Жақсы мінез-құлыққа ие болған момын - толық иман келтірген адам. Ал, сендердің ең жақсыларың - өз жұбайларына жақсы болғандар»[3], - деп айтқандығы келтіріледі. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) отбасыға қатысты мәселелерге аса мән берген. Өйткені, толыққанды отбасы болу, рухани сау қоғам қалыптастыруға септігін тигізеді. Отбасы құндылығының құлдырауы болса, қоғамның бұзылуына апарады. Осы нәрсені Алла Елшісі (с.ғ.с.) және оның сахабалары жақсы білген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің отбасылық қарым-қатынасында мұсылман үмметіне, тіпті барша адамзатқа жан-жақты үлгі болған.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мақтаған тағы бір сипат ол - бірінші болып сәлем беріп татуласу. Әбу Айуб (р.а.) Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Мұсылман адамның басқа мұсылман бауырымен үш күннен артық ренжісіп, кездескен кезде бір-бірінен бетін теріс бұрулары құпталмайды. Ал, енді, ол екенің ең жақсысы - бірінші болып сәлем беріп (татуласқаны)[4]», - деп айтқандығын жеткізген.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) өзінің пайғамбарлық міндеті туралы айтқанда: «Мен көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім», - деген. Көркем мінез сипатына ие болған мұсылман адам екі дүниенің игілігіне жететіндігін осы тақырыпта келген көптеген хадистерден түсінуге болады. Абдулла ибн Амр ибн Астан (р.а.) жеткен мына бір хадисте: «Расында, сендердің ең жақсыларың - мінез-құлқы ең жақсы болғандарың»[5], - делінеді. Шын мәнінде де, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) барша мұсылман үмметі үшін көркем мінездің қандай болу керектігін айтып, өз мысалында көрсетіп үлгі болған. Сонымен қатар, көркем мінезге ие болған мұсылман адам Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) барынша жақындай түседі. Жәбирден (р.а.) келген хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Расында, маған сендерден ең сүйікті және маған қиямет қайымда маған ең жақын болатындар - мінез құлықтары ең көркем болғандарың»[6], - деген.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мақтаған сипаттардың ішіндегі ең маңыздысы ол - Құранды үйрену және басқаларға оны үйрету. Бұл жайында Осман ибн Аффаннан (р.а.) жеткен хадисте: «Сендердің ең жақсыларың Құранды үйреніп және оны үйреткендерің»[7], - делінген. Құран Кәрім - әрбір мұсылманға осы дүниедегі өмір сүру нұсқаулығы болып табылады. Құран жүрекке тыныштық орнатып, дәрежені арттырып, оны оқып, амал еткен момын үшін қиямет күні күәлік етеді.

Дайындаған: Берікбол ЖАНАҚ


[1] Имам Табарани.

[2] Тирмизи.

[3] Ибн Хиббан. Тирмизи.

[4] Имам Бұхари, Имам Мүслим.

[5] Имам Бұхари, Тирмизи.

[6] Тирмизи, Ибн Хиббан.

[7] Имам Бұхари, Тирмизи.

Бөлісу: