21
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбар һәм мәдениет

Пайғамбар һәм мәдениет

Мақалалар
Жарнама

Мәдениеттілік – әрбір адамға қажет асыл қасиет және ол әдептіліктің, тазалықтың белгісі. Адам баласы өз ортасында мәдениеттілігімен, тазалығымен орын алады, сол арқылы танылады. Кімнің қандай адам екені оның жүріс-тұрысы мен мінез-құлқынан білініп тұрады. Сондықтан адам баласы қоғамда өз орнын таба білуі үшін әуелі, жеке өмірінде мәдениеттілік қағидаларын қалыптастыруы қажет.

Дана бабаларымыз баланы бесігінен-ақ жақсы әдепке, мәдениетті, ізетті болуға баулыған. Мәдениетті мұсылман қиямет күні Алла елшісімен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге болады. Хадисте: «Расында, сендердің іштеріңде ең жақсы көретiнiм және қияметте маған ең жақын болатындарың – мiнез-құлқы жақсы болғандарың» деген (Тирмизи). Қасиетті Құранда: «Ол Алла сендерді жерден жаратты әрі сол жер бетінде өмір сүріп, оны көркейтулеріңді қалады ...» деген («Һуд» сүресі, 61-аят).

Мәдениеті, этикасы жоғары адам өз ортасын, өмір сүріп отырған жерін таза ұстайды, оның көркейіп-дамуына үлес қосады. Бірде Лұқман Хәкімнен «Осынша әдептілікті қайдан үйрендіңіз?» деп сұрағандарға «Әдепсіздерден үйрендім. Олардың өзін-өзі ұстауына қарап, қайсысы көңіліме жақпаса, сол әдеттен бездім» депті. Мәдениеттіліктің, әдептіліктің айнымас өнегесі болған Пайғамбарымыз тәрбие тұрғысынан да, көркем сөз тұрғысынан да адамгершіліктің, әдептіліктің ең озық үлгісі болды. Бірде Әбу Бәкір (р.а.) Пайғамбарымыздан: «Уа, Расулалла! Сізді мұншалықты әдепке баулыған кім?» – деп сұрайды. Сонда Ол: «Мені Раббым әдепті етті әрі мінсіз етіп тәрбиеледі!» – деп жауап береді. Мұны айғақтаған Абдулла ибн Омар: «Пайғамбар дөрекі сөз айтпайтын және әдепсіз іс істемейтін» деп айтатын.

Киім киюде ұқыпты болу

Мұсылманның киімі көрікті және таза болу керек. Алла Тағала Пайғамбарымызға: «Әрі киіміңді тазала!» («Муддәссир» сүресі, 4-аят), – деп бұйырды. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) лас киімді мұсылманды көргенде, риза еместігін білдіріп: «Ол сонда өзінің киімін жуа алмай ма?» – деген. Қазақ халқында: «Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек» деген нақыл сөз бар. Киім адамның өңін ашып қана қоймай, оның ұятты жерлерін де жасырады.

Бірде Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) киімінің тозығы жеткен адам келеді. Әлгі кісіден: «Сенің тұрмысың жақсы ма?» – деп сұрайды. Ол «Иә» дейді. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла саған байлық берді. Оның мейірімі мен жомарттығының жемісін өзіңнің бойыңнан көрсет!» – деп насихат айтты (Насаи). Келесі хадисте: «Әрбір жұма сайын мешітке және жиналысқа барарда ғұсыл алып тазаланыңдар, әдемі киімдеріңді киіңдер және хош иісті пайдаланыңдар», – деген.

Сәлемдескенде ізет таныту

Қасиетті Құранда: «Егер сендерге сәлем берілсе, одан абзал түрде жауап қайтарыңдар немесе дәл солай қайтарыңдар» делінген («Ниса» сүресі, 86-аят). Мәселен, біреу «Әссәләму аләйкум уа рахматуллаһ» деп, екінші адам «Уа аләйкум» деп жауап қатса, оның бұл жауабы дұрыс болмайды. Себебі, жауабының сөз көлемі аз. Осыған орай «Әссәләму аләйкум уа рахматуллаһ» деген адамға «уа аләйкумус-сәләм уа рахмәтуллаһ» деп немесе «уа аләйкумус-сәләм уа рахмәтуллаһи уә бәрәкәтуһ» деп жауап берген дұрыс. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Көліктегі адам жаяу адамға, жүріп келе жатқан адам отырғанға, аз адам көп адамдарға сәлем береді» деген (Бұхари, Муслим). Сондай-ақ бірінші болып сәлем беруге тырысқан жөн. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бірінші болып сәлем берген адам – адамдардың арасындағы Аллаға ең жақыны», – деген (Әбу Дәуд).

Жиынға немесе ілім отырыстарына келген адам жағдайға қарай сәлем береді. Егер оның сәлем беруі жиындағыларға кедергі келтіретін болса, онда тыныш келіп, сәлемсіз қосылады. Ал егер оның сәлемі жиынға зияны тимейтін болса, онда әркіммен жеке-жеке емес, жалпы түрде: «Әссәләму аләйкум», – деп, жиынға қосылады. Егер адам намаз оқып тұрғанда біреу келіп сәлем беретін болса, ол адам сәлем берушіге жауап қатпайды.

Сөзге мән беру

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөз сөйлеуге аса байыппен қараған. Пайғамбарымыз сөйлегенде асықпай-аптықпай баппен сөйлеген. Қажет кезінде  ұғынықты  болу үшін айтқан сөзін үш рет қайталаудан жалықпаған. Сөздері мірдің оғындай өткір әрі даналыққа толы болған, естіген жанға қатты әсер еткен. Оны бір рет тыңдаған жан тағы да тыңдауға құмартқан. Тілі таза әрі шұрайлы, анық және түсінікті болған.

Алла елшісінің даусы әдемі жағымды болған. Аузынан ешқашан жаман сөз шықпаған. Көңілді кезде де, ашулы кезінде де сөздің әділін ғана айтатын. Айтқан сөзінің артығы не кемі болмайтын. Өте анық айтатындықтан әрі сөздерінің расында бір мезет кідіретіндіктен, тыңдап отырған кісілер сөздерін тез жаттап алатын. Өзіне ұнамсыз бір жайтты сездіргісі келгенде, оны астарлап жеткізетін.

Көше мәдениетін сақтау

Ислам шариғаты бойынша көшеде жүріп-тұрудың да өз мәдениеті бар. Мәселен, мәжбүр болмаған жағдайда көшеде беталды отыра беруге дініміз рұқсат етпейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұдан былай жол бойында отырмаңыздар!» – деді. Сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Біз жол бойында жиналуға мәжбүрміз, кейде бір-бірімізбен сұхбаттасамыз», – десті. Сонда Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер жиналуға мәжбүр болсаңдар, онда жолдың ақысын өтеңдер!» – деді. Сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Жолдың ақысы деген не?» – деп сұрағанда: «Адамдарға сұқтанып қарамау және оларға зиян тигізбеу, сәлем бергенге жауап беру, жақсылыққа ынталандыру және жамандықтан қайтару», – деп жауап берді.

Үлкенді сыйлау

Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кішілерімізге мейірімді болмаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес», – деген. Жиындарда, дастархан басында үлкендерге төрден орын беру. Ас ішіп болған соң, жасы үлкен ақсақалдардан бата сұрау – үлкен мәдениеттілік белгісі. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Отырыста үш адамға орын беріп ығысуға болады: білімі үшін білімдіге, жасы үшін үлкен кісіге және билігі үшін басшыға», – деген.

Тамақ ішу тәртібі

Ас ішудің де өз мәдениеті қалыптасқан. Ас ішерден бұрын қол жуу, өзіңнің алдыңнан жеу, асықпай жеу т.б. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тамақ ішудің де әдебін көрсеткен. Тіпті медицина ғылымының өзі саралай келе сол әдептерге таңғалып, ислам дінінің ұлықтығына тәнті болған. Айталық, қолды тамаққа дейін және одан кейін жуу, Пайғамбарымыз отырғандай отыру, тамақ ішерде «Бісміллә» деп, Алланың есімін айту, оң қолмен жеу және өзіне жеткілікті мөлшерде жеу. Түрегеп тұрып тамақ ішуден сақтану. Сусын ішкенде үш рет ұрттаған соң тоқтап, арасын бөліп-бөліп ішу. Сусынды ішерде үрлемеу және оған демалмау. Тамақты шыны ыдыспен ішу. Тамақтан соң ауызды шаю. Тамақты ыстықтай ішуден сақтану. Тамақтан соң ұйықтамау. Тамақтың соңында бата жасау.

Қарым-қатынастағы әдептілік

Шыны керек, көп жағдайда біз «мәдениеттілік» дегенде ілтипатты болу, дөрекі сөйлемеу, жайдары болу т.б. түсінеміз. Рас, осы айтылғанның бәрі мәдениеттілікке, әдептілікке жатады. Дегенмен, бұл адамшылықтың бір жағы ғана. Себебі, мәдениеттілік, әдептілік бұл айтылғаннан әлде қайда ауқымды, кең категория. Мәселен, пендеге қатысты бірнеше әдептілік жолдары бар.

1. Алла Тағала мен пенденің арасындағы әдептілік.

Пенде Алла Тағаланы Жаратушы Ием деп тану, Оның әмір-талаптарын орындау, істе дегенін істеу, тыйған нәрсесінен тыйлу. Осы істерді атқаруда өз әдептілігін сақтау.

2. Пенде мен Пайғамбар арасындағы әдептілік.

Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне еру. Барлық іс-әркетінде оны өнеге тұту.

3. Мұсылмандардың өзара әдептілігі

Мұсылмандар бір-бірін бауыр деп білу. Бір мұсылман өзін екінші мұсылманнан жоғары қоймау. Жақсылықта бір-біріне ортақтасу, жамандықтан қайтару.

4. Мұсылман мен өзге дін өкілдері арасындағы әдептілік.

Мұсылман өз жүріс-тұрысымен дінге тіл тиюіне жол бермеу. Өзге дін өкілдерімен жақсы қарым-қатынаста болу.

5. Мұсылманның құлшылықтағы әдептілігі.

Алла Тағала міндеттеген құлшылықты өз уақытында, өз орнында, шариғат талаптарына сай орындау. Құлшылық ісіне немқұрайлы қарамау.

6. Мұсылман мен өзге жаратылыс арасындағы әдептілік

Жер, жер өнімдері, таза ауа, су т.б. қадірін білу. Айналасын ластамау. Қолындағы малға тиісті деңгейде қарау. Тіпті мал бауыздағанның өзінде оған артық азар жеткізбеудің жағдайын қамтамасыз ету. Мысалы, бауыздалатын малды өтпес пышақпен қинамай, өткір пышақпен бауыздау. Алла Тағаланың несібе етіп бергенін ысырап етпеу.

Қорыта айтқанда қасиетті аятта: «Шүбәсіз, Біз адам баласын ең көркем, ең керемет бейнеде жараттық» деген («Тин» сүресі, 4-аят). Яғни, адам баласы өте көркем, сұлу бейнеде жаратылған. Оның көркем түрде жаратылғанының белгісі – дене-мүшелерін кемшіліксіз жаратып, ерекше үйлесімділік берген. Оны тек көркем жаратып қана қоймай, оған түсінік, ілім, ақыл, пайым, сөйлеу, әдеп қабілеттері берілген. Тәпсірші Мужаһид «керемет бейнеде» деген Құран аятындағы сөзді «Ең жақсы түрде, жаратылғандардың кемелі» деп түсіндірген. «Адамның құлқы түзелмей, өмірдің қалпы түзелмейді» демекші, адам баласы өз әдебін, сыпайы мәдениеттілігін әрқашан бойында сақтап жүруі тиіс.

Батыржан МАНСҰРОВ,

Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі

Бөлісу: