19
Сейсенбі,
Қаңтар

һижри

ДҰҒА ЖАСАУДЫҢ МАҢЫЗДЫ ТҰСТАРЫ

ДҰҒА ЖАСАУДЫҢ МАҢЫЗДЫ ТҰСТАРЫ

Мақалалар
Жарнама

         Дұға жасауға ерекше мән беру адам өміріне үлкен әсерін тигізіп, дұға жасаушы адамға позитивті эмоциялар сыйлайды. Дұға жасауға қалайша ерекше мән бере аламыз? Бұны үш жақты қарастыруға болады.

         Біріншіден, дұғада Алладан нені сұраймыз? Дұға жасағанда, тек ұлы, ірі нәрселерді ғана сұрау керек деп түсініп қалмау керек. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Егер Алладан жәннатты сұрайтын болсаңдар Фердаус жәннатын сұраңдар»[1], – деген. Осы хадисті кейбір бауырлар тікелей түсініп, Алладан тек үлкен нәрселерді сұрап, кіші қажеттіктерін сұраудан өздерін тоқтатады. Алайда, сахабалар (Алла олардан разы болсын) өздерінің дұғаларында Алладан тіпті тамақтың тұзы мен аяқ киімнің бауына дейін сұрайтын болған.

Олай болатын болса, жоғарыдағы хадисті қалай түсінуіміз керек? Алладан қандай да бір қажетіңді сұрасаң, оны өзің үшін қол жеткізе алмайтын, мүмкін емес нәрсе деп қабылдамған жөн. Ақиқатында, барлық істің болуы, не болмауы Алланың қалауында. Өйткені «Шын мәнінде Ол, бір істің болуын қаласа, Оның бұйрығы оған «бол» деу. Сонда ол бола қалады»[2].  Ол, әр нәрсеге күші толық жетуші.

Белгілі бір нәтижеге қол жеткізу, себептерді үздіксіз орындаумен тікелей байланысты. Дұға жасап, Алладан үнемі сұрау болса, себептердің ең ұлысы. Момын-мұсылманның абай болып, ескеру керек болған тағы бір мәселе. Үлкен нәрсені сұраған кезде, тек дүниеге қатысты қажеттіктерді сұрап, ақыретті ұмыту. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Сонда адамдардан кім: «Раббымыз! Бізге дүниеде ғана жақсылық бер!», – десе оларға ақиретте несібе жоқ»[3]. Ал негізінде, Алладан дүниені де, ақыретті де бірдей сұраған дұрысырақ. Құран Кәрімде бұған қатысты: «Және олардан кім: «Раббымыз! Бізге дүниеде де жақсылық бер әрі ақыретте де жақсылық бер. Және тозақ отының азабынан сақта!», – дейді. Міне олар үшін амалдарынан үлес бар»[4], – делінеді.

Сонымен, дұғамызда Алладан нені сұрауымыз қажет? Алла Тағала әлбетте жауап береді деген сеніммен дүние мен ақыттің қайырлысын сұрағанымыз абзал.

Екіншіден, кім үшін дұға жасаймыз? Кейбір адам тек өзіне ғана дұға жасайды. Кейбір момын-мұсылман өзінен басқа әке-анасына, бала-шағасына, жарына, өзге мұсылман бауырына дұға жасайды. Өзінен басқа өзге үшін дұға жасамау ізгі пайғамбарлардың сүннеттеріне қайшы болып табылады. Шын мәнінде, момын-мұсылман өзіне ғана емес, барлық мұсылман бауырларына Алладан дұға жасап, тілекші, ниеттес болғандығы дұрыс. Алла Тағала бізге өнеге болсын деп, Құран Кәрімде пайғамбарлардың жасаған дұғаларынан үзінді келтіреді. Нұх (ғ.с.) пайғамбар өз дұғасында былай деп жалбарынған: «Раббым! Мені, әке-шешемді, мүмін болып үйіме кірген кісіні және мүмін ерлер мен мүмін әйелдерді жарылқа!»[5].

Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың дұғасында: «Раббым! Бұны бір тыныш қала қыла көр! және оның тұрғындарынан кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірсе, әр түрлі өнімдермен ризықтандыр» деп, жалбарынды»[6], – делінген.

Сондай-ақ, періштелердің Аллаға қалай жалбарынатындығы туралы Құран Кәрімде баян етіледі: «Сондай ғаршыны көтерген және оның маңындағы періштелер, Раббыларын мақтаумен дәріптейді, Оған сенеді. Сондай-ақ иман келтіргендер үшін: «Раббымыз! Мәрхаметің, білімің әр нәрсені сидырып, ішіне алған. Сондықтан тәубе етіп, жолыңа түскендерді жарылқа! Әрі оларды тозақтан сақтай көр!», – (деп тілейді)»[7]. Періштелер мүміндердің жасаған дұғаларына да «әмин» деп тұрады. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Мұсылман адамның бауырына жасаған дұғасы өзі үшін де қабыл. Өйткені ол жерде періште болады. Ол адам дұға еткенде «Cен үшін де әмин» дейді»[8], – деп келеді.

Өзіне ғана жасалған дұға – нағыз сараңның дұғасы. Керісінше, мұсылман үмметі үшін, жақын туыстарға, танитын және танымайтын бауырларға, тірілер мен өлілерге жасалған дұға – ең қайырлы, мәртебесі биік дұға.

Үшіншіден, қай кезге дейін дұға жасаймыз? Момын-мұсылман тапжылмай, үздіксіз Аллаға жалбарынып, үнемі дұға жасайды. Алла Тағала тапжылмай дұға жасайтын пендені жақсы көреді. Тапжылмай жасалған дұға – жеміс алқабы, жеңістің нәтижесі, істің қорытындысы. Кім үздіксіз сұраса, діттегеніне жетеді. Сұраудан тайынса, қалаған нәрсесіне жете алмай, арманда қалады. Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Мұсылман баласы күнәлі емес және туысқандық қатынасты үзуге бағытталмаған бір дұға жасаса, Алла оған үш жауаптың бірін береді, олар: не дұға-тілегін лезде кешіктірмей қабыл етеді, не қиямет күнге сақтап қояды, немесе дұға-тілегіне тең келетін жамандықты қайтарады», – дейді. Сонда мұны естіген сахабалар: «Ондай болса, дұғаны көптен-көп жасайық», – дейді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) де: «Алла одан да көп береді(яғни, жомарт)», – дейді»[9].

«Алладан сұраймын, сұраймын, бірақ жауап бермейді», деген сөздерді қойып, Жаратқаннан шаршамай сұрап, өзімізге, бізден өзгеге осы дүние мен ақыреттің қайырлысын тілеп, дұғада болайық! Алла Тағала жасаған дұғаларымызды қабыл еткей!

Дайындаған: Берікбол ЖАНАҚ

 

[1] Тирмизи.

[2] «Иасин» сүресі, 82-аят.

[3] «Бақара» сүресі, 200-аят.

[4] «Бақара» сүресі, 201, 202 аяттар.

[5] «Нұх» сүресі, 28-аят.

[6] «Бақара» сүресі, 126-аят.

[7] «Ғафир» сүресі, 7-аят.

[8] Бұхари, Әбу Дәуіт.

[9] Әбу Сағид әл-Худри риуаят еткен хадис.

Бөлісу: