10
Бейсенбі,
Қазан

һижри

ЗҰЛЫМДЫҚ ЗҰЛЫМДЫҚТЫ ТУДЫРАР

ЗҰЛЫМДЫҚ ЗҰЛЫМДЫҚТЫ ТУДЫРАР

Мақалалар
Жарнама

         Дінімізде әділдікті ұстануға, өзгеге зұлымдық жасамауға қашан да ерекше мән берілген. Зұлымдық жасау адам баласын осы дүниеде, әрі ақыретте сөзсіз күйзелтеді.

Алла Тағала зұлымдық турасында Құран Кәрімде: «Расында, Алла адамдарға еш зұлымдық жасамайды. Бірақ, адамдар өздеріне-өздері зұлымдық жасайды»[1], – деген. Алла Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) үш адамның дұғасы күмәнсіз қабыл болатындығын айтқан[2]. Солардың бірі, залым адамнан жәбір көргеннің жасаған дұғасы қабыл етіледі.

         Зұлымдық адамнан құлшылықтың ләззатын кетіреді, содан соң құлшылықтың өзінен арылтады. Күнә істер арқылы бәлекетке ұшырайды. Зұлымдық жасаған адам жан рахатынан, отбасылық бақытынан айрылып, қасірет шегеді. Залым адамның істеген істері, арман-мақсаты мен жоспарлары құрдымға кетеді. Адамға болсын, не болмаса жануарға зұлымдық жасау әсте дұрыс емес. Мысыққа көрсеткен зұлымдығы себебінен бір әйелдің тозаққа түскендігі туралы оқиға хадисте келтірледі[3]. Ол хадисте бір әйелдің мысықты бірнеше күн ас-сусыз қалдырып, аштан өлтіргенін, ақыр соңында жануарға қатыгездік танытқан әйелдің тозаққа түскені туралы баян етіледі. Тағы бір хадисте: «Егер сендердің жануарларға жасаған қиянаттарың кешірілсе, онда көп күнәдан арылатын едіңдер», – делінген. Ал енді жануарға жасалған зұлымдықтың зардабы осыншама қатты болса, адамға қатысты жасалатын зұлымдықтың нәтижесі қандай болатынын ойлай беріңіздер.

         Мұсылман бауырға, танитын немесе танымайтынға, туысқанға, көршіге, тіпті мұсылман емеске болсын зұлымдық көрсету дінімізде құпталмайды. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзіне қаншама рет жамандық жасаған яһуди көршісінің сырқаттанып қалғандығын естігенде, қал-жағдайын сұрап, жылы сөздерін айтып үйіне іздеп барған. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) яһуди көршісі үнемі пайғамбардың (с.ғ.с.) есігінің алдына үйінен шыққан қоқысты төгіп кететін. Мұны көрген Алла Елшісі (с.ғ.с.) ол кісіні сөкпейтін. Бір күні пайғамбар (с.ғ.с.) есігінің алдынан әдеттегідей қоқыс көрмейді, осылай үш күн өтті. Яхуди көршіге бір нәрсе болып қалған шығар деген оймен қал-жағдайын сұрауға үйіне барады. Пайғамбардың (с.ғ.с.) іздеп келгеніне таң қалған әлгі яһуди: «Ей, Мұхаммед! Неге келдің?», – деп сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с.) оған: «Сен үнемі есігімнің алдына қоқыс төгіп кететін едің. Үш күннен бері сені көрмеген соң жағдайыңды сұрап келдім», – дейді. Сонда яһуди оған: «Сенің дінің осыған үйрете ме?», – дейді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Дініміз бұдан да көп нәрсеге үйретеді», – деп, жауап берді. Біраздан соң әлгі яһуди: «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі!», – деп, иман келтіреді.

         Әсілі, дінімізде жәбір көргенге қамқорлық көрсетіп, зұлымдық жасаушының теріс әрекетіне кедергі ету туралы айтылады. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Жәбір көрушіге де, залымға да болсын дін бауырларыңа жәрдем беріңдер» деген кезде, «Йа Расулалла, залымға қалай жәрдем береміз?», деп сұралады. (Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Оның зұлымдығына кедергі болу арқылы жәрдем еткен боласыңдар»[4], – деді. Сонымен қатар, зұлымдық жасайтын адамға көркем түрде үгіт-насихат жасаған абзал. Алла Тағала Мұса (ғ.с.) пайғамбар мен оның туыс бауыры Һарун (ғ.с.) екеуіне былай деп бұйырған еді: «Екеуің Перғауынға барыңдар, өйткені ол шектен шыққан. Оған сыпайы сөз сөйлеңдер, мүмкін үгіт алар немесе қорқар»[5], – деген.

         Өзгенің сырын ашу, оны келеке ету, кемшілігі мен күнәларын баршаға  жариялау, сөзде тұрмау, өтірік айту, жалған куәгерлік ету, сөзбен немесе іспен жәбірлеу сияқты әрекеттің барлығы зұлымдық жасау болып табылады. Алла Тағаланың берген нығметтеріне шүкір етпеу, немқұрайлы пайдалану, құлшылық жасамау, темекі шегу, нашақорлық, зинақорлық пен ішімдік ішу адамның өзіне қатысты және айналасына жасаған зұлымдығы, сондай-ақ Алланың аманатына қиянат ету болып табылады. Жүніс (ғ.с.) пайғамбардың балық ішінде жасаған дұғасында Алланың бұйрығын орындамағаны себебінен өз-өзіне зұлымдық жасағандығы туралы айтылады: «Иә, Алла Тағала! Сенен басқа Тәңір жоқ! Сен кемшіліктен пәксің! Мен шынында өзіме зұлымдық етіп қойдым»[6], – деді.

         Қазіргі уақытта күнделікті құлаққа шалынатыны, пәленше деген күйеуі әйеліне зұлымдық жасады, бір мекеменің басшысы жұмыскерлеріне жәбір көрсетті, мұғалім оқушыға зұлымдық етті, сатушы саудагерді алдап қалтасынан қақты және тағысын тағы зұлымдықтың түр-түрі орын алып жатады. Кейде осы жайсыз істер өкінішке орай біздің өз басымыздан да өтіп жататыны белгілі. Ол іс-әрекеттердің біріне шынымен зұлымдық екеніне көзіміз жетіп, одан бас тартып жатсақ, тағы біріне аса мән бермей, жеңіл санап, өзге мұсылман бауырмызды ренжітіп, қаншамасына сауабымызды үйіп төгіп берудеміз?!... Зұлымдықтың үлкен-кішісі болмайды. Немесе зұлымдық, немесе әділдік болады, үшіншісі жоқ.

Зұлымдық зұлымдықты тудырар. Ендеше зұлымдықты қалай жеңеміз? Зұлымдықты зұлымдық тоқтата алмайды, әділдік пен шынайылық, жанашырлық тоқата алады. Өзімізге қалаған жақсылықты өзгеге де қалағанымыз жөн. Сонда ғана шынайы мұсылман бола аламыз. Өйткені «Кімде-кім өзіне қалағанды (басқа) мұсылман бауырына да қаламайынша толық иман еткен болмайды»[7].

Алла баршамызды өзімізге және басқаларға зұлымдық жасаудан сақтасын! Ақиқатында «Алла тәубе етушінің тәубесін қабыл етеді»[8].

Дайындаған: Берікбол Мергенбайұлы

 


[1] «Юнус» сүресі, 44-аят.

[2] Ибн Мәжә, Әбу Дәуіт.

[3] Бұхари.

[4] Бұхари.

[5] «Таһа» сүресі, 43,44 аяттар.

[6] Тирмизи, Ахмад.

[7] Бұхари, Мүслим.

[8] Мүслим, Ахмад.

Бөлісу: