19
Жұма,
Сәуір

һижри

Құрбан шалу оқиғасы

Мақалалар
Жарнама

Ибраһим өзіне ерген адамдарымен бірге керуенмен Ирақ елінен шықты. Олар Палестина еліне қарай бет алды. Күні-түні жүріп отырып олар ақырында Палестина жеріне аяқ басты. Мұндағы халықтар да Алладан басқа жұлдыздар мен ғаламшарларға табынады екен. Ибраһим бұл жерде біраз уақыт қоныстанды. Палестина халқын Алланың тура дініне шақырды. Ғалам мен жұлдыздардың шынайы жаратылысын оларға әбден түсіндіріп бақты. Аспан денелерінің адамдар сияқты жай жаратылыс екендігін ұғындыруға тырысты. Алайда Бабыл шаһарының жұрты секілді бұл жердің халқы да өздерінің азғын діндеріне әбден берілген ел еді. Олар Ибраһимнің айтқан насихатына құлақ аспады. Түсінгілері де келмеді. Алла Тағаланы жеке дара құдай деп танудан бас тартты. Баяғыларынша аспан денелеріне табынуларынан таймады. Өзінің елшісіне мойынсұнбаған бұл халықты Алла Тағала таршылықпен, құрғақшылықпен жазалады.

 

Бұл елде үгітіне құлақ асатын жан таппай, әбден күдерін үзген соң Ибраһим Мысыр еліне өтті. Мұнда да халықты Алланың тура жолына шақырды. Оның қасында әйелі Сара мен ағасының ұлы Лұт бірге еріп жүрді.

Бұл уақытта Мысырды бір қатыгез әрі залым патша билеп тұрған болатын. Бүкіл ел аумағында оның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып есептелініп, толық билігін жүргізіп тұрған еді. Патшаның жанындағы жандайшаптары елге Шам аймағынан жатжерліктердің керуенінің кіргенін хабарлап үлгірді. Жансыздары патшаға осы керуенде Сара атты өте сұлу әйелдің келе жатқандығын да жеткізді. Мұны естіген патша сол керуеннің басшысын дереу алдына әкелуге бұйрық берді. Ибраһим пайғамбар осындай қиын сынаққа душар болды. Өзінің әйелін әпербақан патшаның алдына қалай жалғыз жібермек? Қалайша жұбайын залымның қолына бермек? Ол тығырықтан шығатын жол іздеуге тырысып бақты. Ибраһим аса сабырлы еді әрі Раббысына деген иманы өте берік болатын. Ирақтың залым патшасы Нәмрудтан құтқарған Раббысының Мысырдың залымынан да құтқаратынына нық сенді. Өйткені Ол – барлық нәрседен хабардар және бүкіл әлемдердің Патшасы.

Сөйтіп, Мысыр патшасы Ибраһимді өзінің сарайына алдырды. Ол салған жерден керуендегі Сара атты сұлу әйел туралы сұрай бастады. Ибраһим пайғамбар еш саспастан: «Ол менің қарындасым», – деді. Ол дін қарындасым деген мағынада айтты. Патша ол әйелді өзіне әкелуді бұйырды.

Ибраһим мүмін әйеліне барып, патшамен болған әңгімені баяндады. Әрі қарай не істеу керектігі туралы ақылдасты. Екеуі де Алла Тағалаға жалбарынып, осы тығырықтан шығарып, озбыр патшаның зәбірінен сақтауды тіледі. Содан соң Сара амалсыздан патшаның сарайына барды. Әпербақан патшадан құтылуды ойлап, мұңайып кірді. Қызметкерлердің айтуымен сарайдың бір бөлмесінде патшаны күтіп отырды.

Патша бөлмеге кіргенде Сараның мұңайып отырғанын көріп, оның қасына жақын барып, құшақтамақшы болды. Бірақ Сара патшаны жақтырмаған пішінмен артқа қарай шегінді. Патша оған жақындағысы келген сайын денесі өзіне бағынбай, қатты дірілдеп, селкілдей бастады. Қолын созса, қолы да жансызданып қала берді. Патша бұған қатты таңданды, өне бойын әлдебір үрей, қорқыныш биледі. Өз-өзінен айқайлап, жын соққан адамның күйін кешті. Сараға жақындамақ болған әрекетінен түк шықпаған ол өзінің жатар бөлмесіне барып дем алғысы келді.  Төсегіне барып қисайса да жақын арада көзі ілінбеді. Ақырында таң алдында ғана ұйықтады. Бірақ ұйқысы да жөнді болмады, қорқынышты түстер көріп, шошып оянды. Сонда барып залым патша сарайындағы әйелді қорғайтын әлдебір күштің барлығын сезді. Еліне келген әлгі адамның тегін адам емес екендігіне көзі жетті. Оларға зәбір көрсетсе бірдеңеге ұшырауы мүмкін екендігін сезіп, қорықты. Ақыры ұйқысыз түн өтіп, таң атқан соң патша Сараны Ибраһимге қайтарды. Жай қайтармады, мол сый-сияпатпен, Ажар атты күңді бірге қосып шығарып салды. Содан кейін оларға Мысыр елінде қалағандарынша тұрақтауларына рұқсат берді.

Ибраһим өзіне ерген иман келтірген топпен бірге Мысырда тұрақтап қалды. Өз еңбектерімен күн көріп, жағдайларын жақсартты. Алла Тағала оған құт-берекетін төкті. Біраз уақыт өткен соң Ибраһим Шам аймағына қайта көшуге бел байлады. Ондағы халықты Алланың тура жолына шақыруға ниеттенді.

Ибраһим пайғамбардың керуені Мысырдан шығып, шығысқа, Шам аймағына қарай бет түзеді. Синай тауларының жанынан өтті. Біраз уақыттан соң Палестина жеріне ат басын тіреді. Ағасының ұлы Лұт жанұясымен бірге Шам аймағының шекарасында қалды. Сол өңірдің елін тура дінге бастау үшін сондағы Садум атты ауылға тоқтады.

Ибраһим пайғамбар әйелі Сара және Мысыр патшасы сыйға тартқан күңі Ажармен бірге бақытты ғұмыр кешіп жатты. Бұл кезде Ибраһимнің жасы алпысты алқымдап қалған еді. Солай бола тұра әлі күнге дейін баласы жоқ-ты. Өйткені әйелі Сара бала тумайтын бедеу болатын. Ибраһим өзінің қасында серік әрі мұрагер болатын ұлы болғанын қатты армандайтын. Әйелі Сараның да балаға деген құштарлығы аса зор еді.

Бір күні Сара күйеуіне: «Уа, Ибраһим! Осы сен неге Ажармен көңіл қоспайсың? Бәлкім, Алла Тағала сол арқылы сәби берер», – деп ұсыныс айтты. Бірақ Ибраһим: «Дұрыс қой. Бірақ мен сендердің араларыңда қызғаныш оты тұтанып кете ме деп қорқамын», – деген уәжін білдірді. Алайда Сара күйеуіне өзінің ұсынысын күн сайын оңашада айта берді, айта берді. Өйткені ол өзінің себебінен күйеуінің ұрпақсыз қалуын қаламайтын.

Ақырында Ибраһим өзінің күңі Ажармен көңіл қосып, екінші әйелдікке алды. Бір жылдан соң араларында Исмаил атты сәби дүниеге келді. Ибраһимнің қуанышында шек болмады. Бірнеше жылдардан бері күткен тілегі орындалып, ұлды болды. Сол үшін Раббысына мың сан мадақ айтып, шүкіршілік қылды.

Бірақ көп өтпей оның отбасында өзі бұрыннан қауіптенген нәрсе орын алды. Әйелі Сараның бойын қызғаныш биледі. Ол Ажарды да, оның ұлы Исмаилды да жақтырмайтын болды. Оларды көз алдында көргісі де келмеді. Ақырында өзінің сезімін бағындыра алмаған ол күйеуі Ибраһимнен Ажар мен оның баласын көз көрмес алыс жерге апарып тастауын өтінді.

Бір күні Ибраһим Ажар мен Исмаилды алып, ұзақ сапарға аттанды. Шам елінен шығып, оңтүстікке қарай бағыт алды. Біраз күндер өткен соң сусыз қу медиен шөл далаға ат басын тіреді. Ибраһим көлігінен түсіп, жан-жағына қарады. Бұл кіші-гірім таулардың арасындағы бір үлкен аңғар болатын. Ағын су да, қылтиған шөп те жоқ айнала құм. Тіпті аң-құс, тірі жәндік те көзге көрінбейтін, ешбір тіршіліктің нышаны да байқалмайтын нағыз сахараның ортасы. Ажар да түйеден түсіп, айналаға көз жіберді. Меңіреу таулар, құмнан басқа ештеңе жоқ. Ибраһим біраз үнсіз тұрды да, көкке қарап, күбірлеп дұға оқыды: «Уа, Раббым! Мен ұрпағымды ел-түзсіз жерге, қасиетті үйіңнің қасына тастап кетіп барамын. Олар осы жерде өсіп-өнсін. Өзіңе құлшылық қылып, намаз оқысын. Бұл жерге құт-береке дарытып, өзіңнің кеңшілігіңмен басқа жұрттан артық еткейсің. Адамдардың жүрегі баруға құлшынып тұратын киелі мекенге айналдырғайсың. Тілегімді қабыл ала көр. Жанұямды бір өзіңе ғана тапсырдым».

Осылайша Ибраһим ұлы мен әйеліне деген қимас сезімін сыртқа шығармай, олардың беттерінен сүйіп қоштасты. Сосын көлігіне мініп, қайтуға бет алды. Ажар жыламсырап: «Уа, Ибраһим! Бізді мына елсіз далаға тастап бара жатсың ба?» – деп етегіне жармасты. Ибраһим салмақты кейпін бұзбай: «Мен сендерді Раббыма қалдырдым», – деді. Ажар көзінің жасын сүртіп, Алланың әміріне көнгендей болып: «Олай болса Ол бізді жоғалтпас. Алла жар болсын саған», – деп қоштасты.

Сонан кейін Ажар құндақтаулы баласы Исмаилдың жанына келді. Күн аптап ыстық болатын. Айналада ешқандай көлеңке де жоқ. Сәби де, оның анасы да қатты шөлдеді. Ажар су іздеп көрмекші болып орнынан тұрды. Әрі-бері қарағанымен, жан-жақтағы таулардан басқа ештеңе көрінбеді. Жақын маңдағы Сафа тауы жақтан бұлдыраған сағымды байқады. Ажар оны су екен деп ойлап соған қарай жүгірді. Бірақ бұл таудың қасынан ештеңе таппады. Әбден шарасы таусылып, шөлдеген оған екінші тұстағы Мәруа тауында су бар сияқты көрінді. Дереу сол тауға қарай жүгірді. Бірақ бұл да су болмай шықты. Осылайша оның көзіне сағым су болып елестеп, екі таудың арасында әрлі-берлі жеті рет жүгірді. Бірақ бұл қарекетінен ештеңе шықпады. Жақын арада су жоқ. Кішкентай сәбиі шөлден қаталап, жылап жатыр. Өзі де әбден шаршады. Ақырында Ажар байғұс баласының қасына оралды. Тағдырдың жазуына мойынсұнып, Алладан медет тіледі. Сәбиі Исмаил болса қасында жер тепкілеп шырылдап жылап жатты.

Осылайша біраз уақыт өтті. Кенеттен бір керемет оқиға болды. Алла Тағаланың жәрдемі келді. Сәбидің аяғының астындағы жерден шым-шымдап мөлдір су шыға бастады. Ажар Алланың бұл кереметіне шүкіршілік етіп, судан өзі де ішіп, сәбиіне де берді. Жоқ жерден ризық бергеніне Жаратқанға мадақ айтты.

Сонан соң судың жерге сіңіп кетуінен қауіптеніп, топырақты қолдарымен ысырып: «Ей, су! Мына арнаны толтыр, толтыр» – «зәммә, зәммә», – дей жүріп, арна қазды. Кейіннен бұл бұлақ Зәмзәм бұлағы атанып кетті.

Сөйтіп, Алланың құдыретімен бұрын-соңды тіршілік нышаны болмаған бұл жерден су шығып, тіршілік басталды. Алыстан қалықтап құстар келе бастады. Сайын сахарадан су іздеп шөліркеген жан-жануарлар осы бұлақтан шөлін қандырып кететін болды. Осы өңірді мекендеген көшпелі арабтар алыстан құстардың ұшып барып жатқанын көріп, мұнда су бар болар деп топшылады. Түйелерімен келіп, бұлақ басында отырған балалы әйелден жақын маңға қоныстануға рұқсат сұрады. Ажар оларға рұқсат берді. Осылайша бұрынғы меңіреу шөл далаға жан бітті. Ажар мен оның ұлы Исмаил Зәмзәм бұлағының жанында жаңа көршілерімен бірге тату-тәтті өмір кешіп жатты.

Біраз жылдар өтті. Исмаил ер жетіп, жігіт болды. Көрші тайпалардың балаларымен құлын-тайдай бірге өсіп, бірге жетілді. Тілі де осы тайпалардың тілінде – араб тілінде шықты. Ибраһим алыстағы сүйікті ұлы мен әйелін сағынғанда мұнда келіп-кетіп тұратын болды.

Бір түні Ибраһим түсінде ұлы Исмаилды қолымен бауыздап жатқанын көрді. Пайғамбардың түсі Алладан келген аян. Бұл түсінің мәнін түсінбей Ибраһимнің басы қатты. Бірақ бұл түсі ұйықтаған сайын қайталана берді. Бұл ол үшін өте қиын сынақ болды. Жан дегенде жалғыз ұлын өлімге қалай қимақшы? Қалайша оны өз қолымен өлтіріп, топыраққа көмбекші? Алайда Алланың әміріне шара бар ма? Қайткенде де Жаратқанның жарлығын орындау керек. «Уа, Раббым! Бұл сенің жазған тағдырың ғой. Тағдырыңнан қашып құтылу болмас. Бірақ өзіңнен рахымыңды сұраймын», – деп жалбарынды Ибраһим. Сөйтіп, ол Алланың әмірін орындауға ниеттенді. Қылшылдап тұрған жас жігіт – жалғыз ұлы Исмаилды ертіп алыс жолға шықты. Жас жігіт әкесіне өзінің басынан өткен қызықты жайттарды әңгімелеп келе жатты. Ал, Ибраһим болса мұңлы ойға шомып, үнсіз келеді. Сүйікті ұлына оны өлтіретіні туралы қалай айтпақшы? Ақыры біраз жер жүрген соң: «Уа, ұлым! Мен түсімде сені бауыздап жатқанымды жиі көретін болдым. Сен бұған не дейсің, балам?» – деп сұрады.

Исмаил ата-анасының тілін екі етпейтін елгезек әрі қайырымды бала болатын. Әке-шешесін қатты сүйіп, әрдайым олардың өзіне разы болғанын қалайтын. Ешқашан да оларға қарсы келіп көрмеген еді. Әкесінің айтып тұрғаны – Алланың әмірі. Исмаил әкесіне мойынсұнған қалпы: «Уа, әкетай! Алланың өзіңе бұйырғанын орында. Иншалла, мен сабырлы боламын», – деп жауап берді. Содан соң: «Уа, әке! Анам мен достарым көріп қалып қайғырмаулары үшін мені алыс жерге апарып бауыздағайсың», – деді. Жалғыз ұлының мына сөздері қатты тебірентіп, Ибраһимнің жүрегі езіліп қоя берді. Өзін-өзі ұстап, көзінің жасын әрең тежеді. Ұлы сөзін одан әрі жалғастырды: «Әке! Мен үйден өткір пышақ пен жіп алып, Мина ойпатына қарай барайын. Сол жерде Алланың әміріне бойсұнып, менің мойныма пышақты қойып, тартып жібер».

Сөйтіп, Исмаил үйіне кіріп шығып, Мина ойпатына қарай жүрді. Бір кезде артына малғұн шайтан ерді. Ол Исмаилға: «Ия, Исмаил! Алжыған шалдың айтқанын істеп не қыласың. Өзіңді қор қылма. Сен әлі жассың, өміріңді босқа қима. Артыңдағы анаңды аңыратып қалдырма. Ол сені қатты жақсы көреді. Сенің өлгеніңді естісе қара жамылып, өмір бойы қайғырып өтетін болады», – деп азғырды. Исмаил оның сөздерін тыңдамай, назар аудармай жүре берді. Өйткені ол Аллаға бар ынтасымен иман келтірген болатын. Сабырлы әрі салмақты еді. Сондықтан да шайтанның уәсуәсасы оған әсер ете қоймады. Ол жолдың шетінде жатқан майда тастарды алды да, қыр соңынан қалмай келе жатқан шайтанды атқылады. Сосын жолына түсіп кете барды.

Бірақ шайтан қайта оралып, жас баланы екінші рет азғырып, жолынан қалдыруға тырысып бақты. Ал, Исмаил жақындап келген сайын оны қолындағы тастарымен атқылады.

Минаға жеткенде әкесі Ибраһим құшақтап қарсы алды. Содан кейін Исмаил бір тастың шетіне жантайды. Ибраһим жіппен ұлының аяқ-қолын соятын малдың аяғын байлағандай мықтап байлады. Бауыздағанда ұлы қиналып, аяқ-қолдары қозғалып кетпесін деп солай істеді.

Исмаил болса әкесіне: «Уа, әкетай! Алланың әмірін орындай бер. Менің көзіме қарамауың үшін жүзімді басқа жаққа бұрғайсың. Мен Алланың тағдырына разымын. Оның әмірін екі етпеймін», – деп жұбатты. Ибраһим барлық күш-жігерін жинап, қанша қиын болса да баласын бауыздауға бел буды. Өткір пышақты қолына алды да, жалғыз ұлының тамағына апарды. Апарды да бар күшін жинап тартып жіберді. Бірақ пышақ өтпеді. Баласының тамағына дәнеме де болмады. «Уа, Раббым! Өзің кеше гөр. Рахымыңды төге гөр. Нәпсіме ерік бере көрме», – деп күбірледі Ибраһим. Ол пышақтың өтпегеніне өзін кінәлады. Жүрегім елжіреп, дұрыс кеспеген болармын деп ойлады. Сөйтіп, екінші мәрте тартып көрді. Бірақ.. Пышақ тағы да өтпей қалды. Ибраһим ұлының маңдайынан сүйді. Исмаил да көз-жасын әрең тежеп, шыдап жатты. Қайырымды әке пышақты қолына алып, үшінші рет тартып көрді. Бірақ еш өзгеріс болмады. Пышақ өтпей қалды.

Осы кезде аспандағы сан мыңдаған періштелер Алла Тағаладан мына қарт пайғамбар мен оның ұлына рахым етуін тілеп, жалбарынып жатыр еді. Алла Тағала олардың тілектерін қабыл алып, Ибраһим мен Исмаилға жәннаттың бір көк қошқарымен бірге Жебірейіл періштені түсірді. Жебірейіл олардың жанына келіп: «Уа, Ибраһим! Раббың саған: «Уа, Ибраһим! Сен түсіңді дұрыс жорыдың. Ізгі жандарды осындай сыймен сыйлаймыз. Бұл өте қиын сынақ. Біз саған ұлы бір құрбандық түсірдік», – деп сәлем жолдады. Ұлың екеуіңе рахым етіп, құрбандыққа шалуларың үшін мына жәннаттың қошқарын түсірді», – деді.

Жебірейілдің бұл сүйінші хабарын естіген әкесі мен баласы қуаныштан жарылардай болды. Аллаға мадақ айтып, шүкірлік етті. Сол кезден бастап осы күн мұсылмандардың айтулы мерекесіне айналды. Ол күн – құрбан айт күні.

Қиссаның Құран Кәрімдегі нұсқасы

Алла Тағала былай деген: «(Ибраһим) «Уа, Раббым! Маған салихалылардан болатын (ұл) бер!» – (деді) (100). Біз оны қайырымды ұлмен қуанттық (101). Ұлы (Исмаил) өзімен бірге жүретін жасқа жеткенде: «Балақайым! Сені түсімде бауыздап жатқанымды көремін. Қара! Сен не дейсің?» – деді. Ол: «Әй, әкетайым! Өзіңе әмір етілгенді орында. Алла қаласа, мені сабырлы деп табарсың», – деді (102). Олар екеуі мойынсұнғанда, ол оны маңдайымен жатқызды (103). Біз оны: «Әй, Ибраһим!» – деп шақырдық (104). «Сен түсіңді шындыққа шығардың. Біз ізгі іс істеушілерді осылай сынаймыз» (105). Шынында бұл ашық сынақ еді (106). Біз оны (Исмаилды) ұлы құрбандықпен ауыстырдық (107). Кейінгілерге ол (Ибраһим) үшін жақсы ат қалдырдық (108). Ибраһимге сәлем! Шынында ізгі іс істеушілерді осылай сыйлаймыз (109)».(Саффат сүресі, 100-109-аяттар).

Аударған Сәбит ИБАДУЛЛАЕВ

Бөлісу: