22
Жұма,
Қараша

һижри

Орталық Азия Ғұламалар форумының ҚАРАРЫ

Мақалалар
Жарнама

«Келісім мен жасампаздық – Орталық Азиядағы исламның дәстүрлі негізі»

Алматы қаласында өткен Орталық Азия Ғұламалар форумының
ҚАРАРЫ 

Ислам діні экстремизм мен терроризмге қарсы 

بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ

اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ 

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.

Барша мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың ардақтысы пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай! 

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

وَالْعَصْرِ ﴿١﴾ إِنَّ الْإِنسَانَ لَفِي خُسْرٍ ﴿٢﴾ إِلَّا الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ وَتَوَاصَوْا بِالْحَقِّ وَتَوَاصَوْا بِالصَّبْرِ﴿٣﴾

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.

«Заманға серт. Негізінен, адам баласы сөзсіз зиян шегуде. Алайда иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне шындықты үгіттесіп, сабырды өсиеттескендердің жөні басқа».

Ислам – адамгершілік құндылықтарға негізделген биік мәдениет пен өркениеттің діні. Ислам мәдениеті мен өркениеті он бес ғасырдан бері бүкіл адамзатты тегі мен нәсіліне қарамай қайырымдылыққа, жомарттыққа, ізгі ниеттілікке, кешірімділікке және әділдікке шақырып келеді. Ислам діні ғасырлар бойы ғылым-білім мен өркениеттің сарқылмас бұлағы екендігін әлем жұртшылығына паш етуде. Ислам діні зорлықты, зұлымдықты емес,керісінше ізгілік пен игілікті насихаттайды. Құран Кәрімде: 

ادْعُ إِلَىٰ سَبِيلِ رَبِّكَ بِالْحِكْمَةِ وَالْمَوْعِظَةِ الْحَسَنَةِ وَجَادِلْهُم بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ

«Адамдарды Раббыңның жолына даналықпен және көркем үгітпен шақыр әрі олармен  ең көркем түрде пікір таластыр!» – деп, бұйырылған[1].

Сондай-ақ барша ғаламды махаббатпен жаратқан Ұлы Жаратушының соңғы пайғамбары Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.)жер бетіне мейірімділік пен бейбітшілікті тарату үшін жіберілген. Алла Тағала Құран Кәрімде  бұл жайында:

 وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِلْعَالَمِينَ

«(Уа, Мұхаммед!) Біз сені әлемдерге тек рақым елшісі етіп жібердік»[2] – дейді.

Міне, осы ислам дінімен келген мейірімділік әлем халықтарының мәдениетінде ерекше орын алып, ажырамас бөлігіне айналған. Осындай ғажап құндылықтарды бойына сіңірген әлем мұсылмандарын соңғы кездері экстремизм мен терроризм мәселелері қатты алаңдатып отыр. Экстремизм мен терроризм – ешқандай діни, адами құндылықты мойындамайтын зұлмат. Экстремизм мен терроризм алуан түр­лі көрініс­тері­мен, ауқымы және қарқын­дылы­ғымен, зұлымдығы және қані­шер­лігімен қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің біріне айналды. Ең сорақысы экстремистер бей­бітштшілік сүйгіштікке, байсалдылыққа баулитын және өзге діни көзқарастарға төзімділікпен қарауға тәрбиелейтін ислам дінін құбыжық, қатыгез дін ретінде көрсетуге, басқа өр­ке­ниеттермен қақтығыстыруға күш салуда. Осы арқылы тек дінаралық тату­лықты бұзумен  шектелмей, мұсыл­мандар арасына іріткі салуда. Ислам атын жамылған дінбұзарлар қасиетті Құран Кәрім аяттары мен хадистерді бұрмалап, өздерінің қылмыстық идеологияларын іске асыру үшін діни құндылықтарды теріс мақсатта түсіндіруде. Аталмыш дінбұзарлар зұлымдық әрекеттерін ислам дініндегі  қасиетті ұғым болып саналатын «жиһадпен» байланыстыруда. Алайда әлемдегі түрлі лаңкестікті тудырып отырған экстремизм мен терроризмнің Ислам дінімен ешқандай байланысы жоқ. Мұның айқын көріністерінің бірі мұсылмандар тіпті, сәлем бергеннің өзінде бейбітшілік пен тыныштықты тілеп амандасады. Мұсылмандар сәлемдесуде қолданатын «Ассалаумағалейкум» сөзі «сендерге Алланың есендігі, тыныштығы болсын!» деген мағынаны білдіреді.

Бүгінгі таңда исламға телініп жүрген экстремизм және терро­ризмхалықаралық қауіпсіздікке қатер төндіруде. Олардың  құрамы  исламның негізгі қағи­даларын білмейтін діни сауатсыздардан тұрады. Дінбұзар лаңкестердің жасаған қатыгездіктерінің барлығы ислам  шариғатына қайшы келеді. Алла Тағала мұсылмандарға бел­гі­ленген шектен шықпауды бұйырды.Жер бетінде зұлымдыққа, әділет­сіздікке, қан төгуге тыйым салды.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай деп бұйырады:

مَنْ قَتَلَ نَفْسًا بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الْأَرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعًا وَمَنْ أَحْيَاهَا فَكَأَنَّمَا أَحْيَا النَّاسَ جَمِيعًا

«Кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе, ол барлық адамды өлтіргенмен тең. Ал кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең...»[3].  

وَلاَ تُفْسِدُواْ فِي الأَرْضِ بَعْدَ إِصْلاَحِهَا

Сондай-ақ келесі аятта: «Жер бетінде тыныштық орнағаннан кейін бүлік жасамаңдар»[4] деп қатаң ескертеді. Ал қоғам тыныштығын бұзған жанды сүймейтіндігін былай баяндайды: 

وَاللَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُفْسِدِينَ

«Алла бұзықшылық шығарушыларды сүймейді»[5].

Бейкүнә жандарды өлтіру үшін өзіне қол жұмсайтын жанкештілер өздерін «шейітпіз» деп есептейді. Ал шын мәнінде өзін-өзі өлтіру –үлкен күнәлардың бірі. Алла Тағала бұл турасында: 

وَلَا تَقْتُلُوا أَنفُسَكُمْ إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا

«Өздеріңе өздерің қол жұмсамаңдар! Шын мәнінде Алла Тағала сендерге өте рақымды», - деп бұйырады[6].

Біз, Орталық Азия Ғұламалары, осы форумда төмендегідей қарарды қабылдаймыз:

- ислами құндылықтардың қайнар көзі саналатын Құран Кәрім мен пайғамбарымыздың сүннетінде өзіне қол жұмсап, бейкүнә жандардың жанын қиюға қатаң тыйым салынған;

- соғыс жағдайында да соғысқа қатыспаған адамдарды өлтірудің шариғаттағы үкімі – харам;

- ислам діні тыныштық пен бейбітшілікті көздейді. Террорлық әрекеттер исламның бұл ұстанымына қайшы;

- дін атын жамылған лаңкестік әрекеттер – ислам дініне қарсы жасалып жатқан қиянат. 

30 қазан, 2015 ж. Алматы қаласы. 

 

[1]«Нахыл» сүресі, 125 аят.
[2]«Әнбия» сүресі, 107-аят.
[3]«Мәйдә» сүресі, 32-аят.
[4]«Ағраф» сүресі, 56-аят.
[5]«Мәйдә» сүресі, 64аят.
[6]«Ниса» сүресі, 29 аят.

Бөлісу: