22
Жұма,
Қараша

һижри

Сарапшы пайымы: «ИШИМ» қандай құбылыс?

Мақалалар
Жарнама

Басында Ирақта сыртқы басқыншыларға қарсы Әбу Мұса Заркауи бастаған «жамаағат ал таухид уа ал жиһад» тобы құрылады. Бұлардың мақсаты Иракты езіп отырған сыртқы батыстық орталықтар мен әскери күштерді елден аластамақ болатын. Сосын сол батыстық күштермен одақтасып құрал болып отырған Ирак мұсылмандарын «тазалауды» мақсат етті. Сосын белгілі Ирактағы шиизм идеологиясы мен олардың әскери потенциалын құртуды көздеген, толығымен тек шариғат заңымен басқарылатын Ислам мемлекетін құру болатын. Идеологиясы — салафизм.

Бұл Батыс пен Шығыс арасындағы дилемманы көріктеген жаһандық құбылысқа айналды. Себебі салафизм глобализмнің құралы болып келеді. Оған қоса мұсылмандардың артта қалушылығы мен езілуінің артындағы себеп осы Батыс деп танылды. Содан Батысқа жиһад жариялауды көксеген діни сана мен психологиядағы мұсылмандар осы Ишимге ағылып жатыр.

 

Сонда бұл құбылыстың мазмұнында қандай сыр бар?

 

Уахабизмнің діни танымы хадиске негізделген формализм мен мәтінге беріктік, сосын «таза ислам, яғни өздерін хидаят орталығы» ретінде танытып, басқаларды бөлектеуге негізделген. Бұлардың хадисшілігі мен мәтіншілігі негізінен грек философиясынан енген «болмыс пен сананың қатынасынан» тұратын ойлау шаблонына барып тіреледі. Таза ислам түсінігі де «пайғамбар айтты деп танылатын жетпіс үш жамағатқа бөлінген үмметімнің тек бірі ғана хидаятке жетеді» деген хадиске негізделеді. Ал өздерінен басқаларды бөлектеуі де «ширк, куфр, бидғат» анықтамаларымен сипатталады. Бұл — толығымен ислам әлемін бөлшектеуге апаратын тетік.

 

Ислам тарихында қандай орны бар?

 

Бұл діни танымның тарихы бар. Тоғызыншы ғасырда Ахмед бин Ханбал «асхаб ал хадис» жамағатымен белгілі болса, он төртінші ғасырда Ибн Таймийа, он сегізінші ғасырда да Мұхаммед Ибн Абдулуаххаб арқылы осы танымды жалғастырып келеді. Бұл араб мұсылмандығы ретінде қазір әлемде, араб ислам фундаментализмі, араб мұсылман метатрадиционализмі деп танылады. Себебі бұл таным толығымен тек қана арабтар тарапынан исламды өздерінің ғана басты құндылығы ретінде танытады. Дін мен мәдениет, дәстүр арасындағы үндестік пен үйлесімділік деген таныды, ойлауды толығымен жоққа шығарады. Кезінде Әбу Ханифаның ұстанымын «ахл ал рай» ретінде бидғат деп үкім берген еді. Кезінде уахабизм идеологиясының жалауын көтерген Абдулазиз Мәдине халқына «сендер кәпір болдыңдар, енді исламға қайтыңдар» деп хат жазғаны белгілі. Бұған мұқият қарау керек. Кім кімді исламға шақырып отыр? Мәдине тарихи тұрғыдан ислам дінінің орталығы, отаны. Өздері Наждиде отырып алып, бүлік шығарып отыр. Міне сол тарихты толығымен жоққа шығарып отыр. Бұл революция болатын. Бұл христиандық тарихындағы лютерандық тенденция болатын. Міне сол кездегі танымның бүгін уахабизм ретінде жалғасып отырғандығын көруге болады. Осындай танымы үшін де уахабизм қазір исламофобияның құралына айналып үлгерді. Бұл таным қазір қазақтар арасында да бар. Олар кешегі қазақтың жүріп өткен жолы мен діни тәжірибесін жоққа шығару арқылы, осы идеологияның, сананың өкілі екендігін дәлелдеп отыр.

Енді Ишим құбылысы да осы уахабизм идеологиясына негізделіп отыр. Себебі бұл идеологияда экстремизм мен терроризм бар, қорқыту, үркіту бар. Уахабизмнің ең басты дұшпаны – шиизм, суфизм.

 

Таяу шығыста «жихад» бар ма?

 

Сириядағы соғыс ешқандай да жиһад шеңберіне сыймайды. Біз мұсылмандар Сирияда жиһад жоқ дейміз. Соғыс бар, бірақ бұл жиһад емес. Сирияда Батыс пен Ресейдің өзара алынбаған үлестері бар. Димашқ сол кеңестік кезеңнен бері стратегиялық одақ болып табылады. Бұл топырақ үш өркениеттің тоғысқан жері, көпір. Осы құбылысты сараптаушылар, Таяу Шығыстан Батысқа қашқан босқындар да келесі жахандық саяси ойынның бастамасы деп бағалайды. Ол қандай ойын екенін көре жатармыз…Бірақ қазіргі Таяу Шығыс шырғалаңы Қазақстанға да қатысты болып отыр. Себебі бізде де «уахабизм» идеологиясының әскерлері сап түзеп келеді.

 

Таяу Шығыс пен бүгінгі Қазақстан жастары туралы…

 

Жалпы Таяу Шығыс шырғалаңы — ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНА ҚҰРЫЛҒАН ТҰЗАҚ…

Біріншіден: Қазақстанды «тағут» мемлекеті режимі ретінде көрсетеді. Дар ал харб, яғни кәпірлердің мекені;

Екіншіден, жиһад Алла дін жолына шақырып жатыр;

Үшіншіден, ол жерде күресе алмайсыңдар, сондықтан, «хижра» жасаңдар Шамға, Сирияға, Ауғанстанға деп бағыт береді;

Құранды ережелер мен заңдар жинағы ретінде кодекс деп танытады;

«Дарежелеріңді көтеріңдер» деп ұран тастайды. Ол да қару алып жихад, хижра жасау екен;

Алланың жаннаты сол жерде жиһад пен хижрада деп түсіндіреді;

ҚМДБ ғалымдары «тағутқа» қызмет етеді, оларды тыңдамаңдар деп отыр;

«Тағут» деп отырғаны — біздің ата бабаларымыз ғасырлар бойы армандап кеткен егемен қазақстан бабалар аманаты!!!

Қазір етіміз өліп, көзіміз үйрене бастады…..Ол жер соғысқа дайындайтын жақсы практикалық орталық дегенді айта бастадық..Шахидтік дегенді мәнін түсінбесек те «модаға» айналдырдық…

 

Сонда кіммен қалай соғыспақпыз? Қай соғысқа дайындалып жатырмыз?

 

ФСб тыңшылары деп қазақты қазаққа қырқыстырып қойды. Саған шаблон дайындап жатыр. Қазақтың жауы қазақ деген. Ол ертең ұлғая береді… «Сопы қазақ — салаф қазақтың жауы, сары қазақ — қара қазақтың жауы» болып тереңдей береді… Олар исламды дін емес қағидаға, мақсатқа емес құралға, арға емес жарға, ойшылдыққа емес надандыққа, бейбітшілікке емес фанатизмге ағызып бара жатқан ақпанның селі сияқты…

 

Батыс пен Шығыс өзара ықпалды әлем…Уахабизм мен Батыстық ойлау арасында ортақ тұстары бар ма?!

 

Сонымен, уахабизм — Батыс жаулаушыларының ойлап тапқан исламдағы «лютерандық жіктері». Мен бұл жерде терең теологиялық ойлар емес, уахабизмнің қалай ислам әлеміне «шайналып жұттырылғандығын» қысқаша айтпақшымын. Себебі Батыс бұл торды сонау он алтыншы ғасырлардан бастап, жүйелі түрде зерттеп, дамыта бастады. 1517 жылы Мартин Лютердің Виттенберг шіркеуінің маңдайшасына тоқсан бес баптан тұратын өзінің тезистерін асып кеткені туралы білесіздер. Лютердің күресі Папа мен Түріктерге қарсы бағытталды. Лютер папа мен түрік екеуін «тажалдың» рухы мен тәні ретінде танытты. Папа құдайдың қаһарын христаин дінін бұрмалау арқылы, ал түріктер құдайдың жазасы ретінде бағалаған «Түріктердің соғысы туралы» еңбегін жазды. Осы әрекеті арқылы ислам халифатына Батыс болып түрегеліп, бірігуге ықпал етті. Алғашқыда Ватикан Лютерді жазғырғанымен, оның осы ерен еңбегіне бас иіп, кейіннен ислам әлемін бөлшектеудің озық үлгісі ретінде қабылдады. Оның лютерандықтың революциялық рухын алып, ислам халифатынынң тізгінін ұстаған Османлыға қарай ойысты. Сол мақсатта сырттан Батыс, іштен,»ислам люрерандығының» уахабизм топырағы суарыла бастады. Арадан үш ғасыр өткенде бұл мақсат жүзеге асты. Әлі күнге жалғасып келеді. Бұл ойынды әрі қарай Батыс пен Шығыс сұхбатында исламды эпистемиологиялық мешеулікте қалдырудың таптырылмас тұғыры ретінде дамытып келеді. Бұған ислам әлемінде қаншама революциялық рухтағы Маудидилер дайындалды. Мақсат ислам тұтастығын іштен сырттан қатар әлсірету. Бұл ойынды Ресей де қолданды. Кешегі Кеңестік режим де қолданды. Себебі ориенталистика Шығысқа бағытталған тек құрал болып қала береді. Ал бізде әлі сана жоқ. Университеттерімізде әлі күнге «шығыстанушылар» мамандық ретінде дайындалып келеді. Кешегі сана бүгінге жауап бермесе де оның аты мен заты сіресіп тұр, мызғымай.

Сонымен, уахабизм, яғни исламдағы лютерандық тұғырдың сойылын соғып жүргендер кімдерге құрал болып келе жатқандығын сезінетін кез келе жатыр. Саудия оның ішінде «Мекке Мукаррама» бүкіл ислам әлемінің рухани орталығы. Сол орталықты уахабизм арқылы ислам әлемінен изоляциялап, керісінше сол орталыққа құндылық ретінде емес, тек қажылық парыз орындау жеріне айналдырды….

«Әл-Каида», «Ислам мемлекеті» сияқты лаңкестік ұйымдар әлем саясатына күрт өзгерістер енгізуге тырысып жүрген әлемдік алпауыттар тобының арнайы жобасы деген қауесетке сіз не деген болар едіңіз? Сондай-ақ, «Ислам экстремизмі» деген түсінік неге тек қана Исламға таңылады — осының сыры неде деп ойлайсыз?

Бұл тіркестер ғылыми танымдық негізге де, Исламның рухына да қайшы келетін анықтамалар. Батыстық жобалар. Мұсылман сол жобаның құралы ғана. Жахандық қысымның, саясаттың көрінісі. Үрей мен қаралаудың орталығы. Кез-келген діннің мәнінде экстремизм, терроризм жоқ. Ол саяси ұстаным. Ислам қазір әлемдік діндердің ішіндегі ең белсенді дін. Оның жер шарына жайылып кетуінен Батыс алаңдайды. Олар да Ислами құндылықтардың басымдыққа ие болуынан қорқады да, алдымен әрекет етіп, әлемді үрейлендіріп отыр. Жалпы, адамдық рухани құндылықтар мен ақылдың ұстанымы Исламда тұнып тұр. Оны рационалды қолдануды мұсылмандар ұмытқан. Христиандар меңгерген. Сондықтан Ислам дін ретінде мұсылмандарда, ал өркениет ретінде христиандарда тіршілігін жалғастырып отыр. Мына бүгінгі адамзаттың дамуында Ислам үлкен рөл ойнайды. Онда адам, әлем және Алла арасындағы байланыс тетіктері ең кемел мәнде қалыптасқан. Бүгінгі Батыс өркениетінің негізінде де осы Ислам жатыр. Ал европацентризм психологиясы мұны мойындауға жар бермейді.

 

«Жиһадшылар» қаумалаған дүниежүзілік дүрбелең кезеңінде ҚАЗАҚтар не істеу керек?

 

«Жиһад» деген — Исламдағы ең керемет, ең қасиетті ұғым. Онда адамның өзімен-өзі күресі, ақылды қолдану еркі, Аллаға бет түзеу тәжірибесі, арды ойлау, ниет пен сананы тазартудың үздіксіз үдерісі орын алған. Бұл қасиетті ұғымның да ішін босатып, оны «сақал мен балаққа», «калашниковқа» (автоматты айтады), содырлыққа толтырдық. Өзіміз бұған кінәліміз. Біз бүгін қазақ деген болмысқа, ұлтымыздың және мемлекетіміздің де атауы мен анықтамасына ие болып отырсақ, оның тұғыры осы — Исламда жатыр. Қазақ өзіне өзі оралуы үшін де, өзін өзі тануы үшін де өзінің Исламмен бүгінге дейінгі жүріп өткен тарихи тәжірибесі мен санасына қайта үңілуі шарт. Ол дегеніміз қазақтарды тарихқа шегеру емес, керісінше — тарихымен үндесуге шақыру. Сонда ғана қазақ пен құндылықтар арасында анық, нақты сұхбаттар пайда болады. Қазақты мына жахандық дүрбелеңнен алып шығатын жол — оның сол құндылықтарымен шынайы қатынасы, адалдығы, махаббаты, беріктігі, саналылығы, өзімен-өзінің жиһады ғана.

Досай КЕНЖЕТАЙ,

Теология және философия 

ғылымдарының докторы

Бөлісу: