03
Жұма,
Мамыр

һижри

Бақытбек СМАҒҰЛ: Иманды айдаладан емес, айналаңнан ізде

Мақалалар
Жарнама

Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек СМАҒҰЛМЕН әңгіме

 – Бүгінгі күні Сирия мен Ирак аумағында орын алып отырған қанды қырғын бүкіл әлемді әбігерге салуда. Әу баста сырт көзге «Араб көктемі» атты көтерілістің Сириядағы жалғасы секілді көрінген бұл үрдіс 2014 жылдан бастап жаңа сипатқа ие болды. «Араб көктемі» – әлеуметтік аз қамтылған қалың бұқараның авторитарлық билікке қарсы көтерілуі еді. Ал 2014 жылы осы дүрмектен бөлініп, «Ислам мемлекеті» («ДАИШ») атты жаңа дүмпу шықты. Халықты қанға бөктірген қанқұйлы топ өздерінің барлық сорақы істерін ислам шариғатымен ақтап алуға тырысып бағуда. Бірақ, сарапшылар «ДАИШ»-тың сыртқы күштердің әсерімен жасалған исламофобиялық ойын екенін алға тартады. Сіз не айтасыз?

 − Иә, «ДАИШ» бүгінде қантөгіс жолымен Сирия мен Ирактың біршама аумағын жаулап алды. Қазір террорлық ұйымның аталған аймақтардағы қанды-қасап іс-әрекеттері әлем жұртшылығын шошындырып отыр. Оның қызметіне БҰҰ-ға мүше көптеген мемлекеттермен бірге, Қазақстанда да тыйым салынған.

Ислам атын жамылған бұл қарулы құрылым бір күнде пайда болған жоқ. Бұл трансұлттық террорлық топ Ирактағы атышулы «Әл-Каида» террорлық ұйымы секілді он шақты әр­түрлі экстремистік топтардан құрылғандығы белгілі. «ДАИШ» террорлық ұйымы 2014-2015 жылдардың өзінде Таяу Шығыстың талай жерін қанға бөктірді.

Таяу тарихтан белгілі болғандай, мұндай ұйымдар Сирия­дағы 2011 жылы басталған сұрапыл соғысты ұтымды пайдаланып, қару-жарақ, мұнай көздерін және тағы басқа байлықтарды оңай қолға түсіруді ғана қалайды. Өкінішке қарай, олар осы мақсаттарын жүзеге асыруға біршама қол жеткізгені бәрімізге мәлім. Алайда, мұның барлығы қандай құнмен іске асты? Толыққанды қалыптасқан, тарихы мен өркениеті бай бүтіндей бір елді геноцидпен қырып-жою орын алуда. Бү­гінде әлемдік БАҚ өкілдерінің мәлімдеуінше, соғыс зардабынан 1 миллионнан астам адам қырылып, 4 миллиондай адам елін тастап, босқынға айналып кетті. Қарулы қырғыннан аман қалғаны оқшауланған қалаларда аштық пен аурулардан жапа шегіп жатыр. Мұндай сұмдықтың басталуы мен жалғасуына жол берген қарулы топтарды әсте діни ұйым немесе мемлекет деп атауға болмайды.

– «Ислам мемлекеті» делінетін лаңкестік топтың артында кімдердің тұруы ықтимал? Олар кімдер деп ойлайсыз?

– Әрине, ешбір қарулы топ бір мемлекеттің әскери қорғанысын тек өз күшімен бұза алмайды. Ол үшін көп қаражат пен сыртқы күштердің қолдауы қажет. Айталық, Ауғанстандағы «Талибанмен» жүргізілген соғыс, сондай-ақ, Солтүстік Кавказдағы қарулы қақтығыстардың ешқайсысы сыртқы күштердің қолдауынсыз жүзеге асқан емес.

Сирия мен Ирак − алпауыт мемлекеттердің саяси-экономикалық мүдделері тоғысқан жер. Яғни, «ДАИШ»-тың пайда болуы, қаржылай қолдау табуы, қанатын кеңге жаюы сыртқы күштердің ықпалымен болып отыр. Әйткенмен, лаңкестік топқа көмек қолын созғандардың кімдер екенін дөп басып айту қиын. Бұл сауал аясында ақпарат кеңістігінде таласты пікірлер көп.

− «ДАИШ»-тың мұсылмандардың мүддесін қорғаған болып көрінуінің астарында не жатыр?

− Біз кез келген дін атын жамылған ұйымдардың жалған ұрандарына емес, шынайы мұрат-мақсатына, нақты іс-әрекетіне қарап баға беруіміз керек. Бір діни қозғалысқа толымды баға беру үшін оның қандай мәселелерге көбірек назар аударатынын, қандай істе белсенділік танытатынын бағамдау қажет. Осыдан кейін барып ол ұйымның шынайы мұрат-мақсаты айқындалады. Ал «ДАИШ-тың» қанды-қасап қарекеті мен саяси ұстанымдары оның діни емес, дін атын жамылған террорлық топ екенін әйгілейді. Шынтуайтында, «ДАИШ» − жай ғана лаңкестік топ емес, жаһандық терроризмнің аса қауіпті көрінісі.

− Бүкіл әлемде ислам ғалымдары «ДАИШ» ұйымын ислами емес деп таныған. Осыған қарамастан, бұл ұйым өзін жарнамалауды жалғастыруда. Себебі неде деп ойлайсыз?

− «ДАИШ» содырларының қантөгіс әрекеттері шариғаттың ешқандай моральдық және құқықтық қағидаттары мен нормаларына сәйкес келмейді. Естеріңізде болса, таяуда дүниежүзінің жүзден астам ислам ғалымдары бұл ұйымға ашық хат жазып, олардың іс-әрекеттерін қатаң сынға алғандығы осыған айғақ. Бұл жөнінде көптеген БАҚ жариялаған болатын. Сондай-ақ, былтыр елордамыз Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті съезінде біз білетін барлық танымал дінбасылар мен халықаралық ислам ұйымдарының өкілдері «ДАИШ» террорлық ұйымының іс-әрекеті ислам қағидаттарына үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын атап көрсетті.

ХХІ ғасыр, төртінші билік өкілдері айтпақшы, ақпарат ғасыры. Қазіргі ақпарат кеңістігіндегі жүргізіліп жатқан ойындардың залал-зардабы қарулы қақтығыстардан ауыр болмаса, жеңіл емес. Қаржылық тұрғыдан әлеуеті жоғары «ДАИШ» ұйымы бүгінде техниканың заманауи құралдарын пайдаланып, ғаламтор кеңістігіндегі насихат жұмыстарын кеңінен жүргізуде. Сол арқылы бұл ұйым әлемнің әр түкпірінен қаржылық ресурстар мен адамдарды көбірек тартып жатқандығын түсіну қиын емес.

«ДАИШ» ұйымының негізгі кадрлық құрамына назар салсақ, олар, ең алдымен, Саддам Ху­сейн кезіндегі тәжірибелі арнайы қызметтің мамандарынан, жоғары шенді әскерилерден құралғандығын байқауға болады. Яғни, ұйым мүшелерінің саны кәсіби білікті рекрутерлерді пайдалана отырып көбеюде. Сонымен қатар, «ДАИШ» өзінің қаржылық әлеуетінің арқасында арнайы әскери дайындықтан өткен мамандарға мол жалақы төлейтінін жарнамалап және тағы басқа түрлі алдап-арбау тәсілдерін қолдана отырып, қатарластарының санын арттырып жатқанын көреміз.

− Қазақстан Республикасының соты «ДАИШ» және «Ан-нусра» ұйымдарын террорлық ұйымдар деп шешім шығарды. Алайда, бұл ұйымдарға кетушілердің саны неліктен азаймайды және осы мәселені қалай шешуге болады?

− Қазақстан сотының «ДАИШ» және «Ан-нусраны» террорлық ұйымдар деп тануы дер кезінде қабылданған шешім болды. Өткен жылы «Ат-такфир уәл-хижра» ұйымының да қызметіне тыйым салынды. Қазақстан сотының мұндай шешімдері теріс пиғылды лаңкестерге қосылатын адасушылар легін азайтуға ықпал етеді деп ойлаймын.

«ДАИШ» пен «Ан-нусра» секілді террорлық ұйымдарға түскен жандар – зайырлы қоғам­нан оқшауланған адамдар, психологиялық арбау салдарынан ұстанымдары мен өмірге көзқарастары агрессивті идеялармен уланған.

Жалпы, шетін көзқарастарды ұстанатын діндарлар ресми ақпарат көздері арқылы немесе діни институттар тарапынан таратылатын түсіндіру мақсатындағы жарияланымдарды қабылдамайды. Мұның мысалын қазіргі таңда мешіттерде көруге болады. Көп­теген жастарымыз мешіт имамдарына құлақ аспай, өз білгенімен құлшылықтарын орындап жатыр. Бұл – қазақ үшін ерсі қылық. Көзіқарақты жұртшылықты біздің бүгінгі қоғамымызда бой көрсетіп жүрген ислам атын жамылған теріс діни ағым­дар жақтастарының мешіттегі жүріс-тұрыстары мен өзін өзі ұстау мәдениеті ойландырмай қоймайды… Бұл, жұмсартып айтқанда, әдепсіздік.

Ата-бабаларымыз дін ұстанғанда имам-молдаларға әр­дайым құрмет көрсетіп, тура жолдан таймас үшін ізін де ту­ра басқан. Қазақтың ешбір ұлттық салт-дәстүрлері мен жиындары елдің, жұрттың рухани көшбасшыларынсыз өтпейтін. Оған тарихымыздың өзі куә. Ал діндегі тура жолдан адасқандардың әрекеттері олардың қалың жұрттан оқшауланып, бөлініп кетіп бара жатқанын көрсетеді. Бұл – біз үшін алаңдатарлық жайт.

Осы бір мысалдан-ақ атышулы «ДАИШ» ұйымының белсенділері қатарластарын ресми дін мамандарын тыңдамауға үгіттеп, ақпараттық тұрғыдан оқшаулап тастайтындығын байқауға болады. Олар өзара әлеуметтік қатынастар арқылы жаңа­дан қосылған немесе екі ойлы адамдарды жедел баурап, өз қатарларына біржола енгізуге ықпал етеді. Осыған орай, біз олардың артынан ерген жастарымызбен кешенді түрде көбірек жұмыс істеуіміз керек деп ойлаймын. Радикалдардың шырғалаңына түскен қаракөздерімізге рухани әрі психологиялық көмек беру қажет. Ол үшін, әрине, ең алдымен, жастарымыздың діни сауаттылығымен қатар, кәсіби зайырлы білімін көтеріп, патриоттық пен ұлттық сананы жандандыруға көп көңіл бөлу керек.

Сондай-ақ, мұндай жағдайларды болдырмау үшін радикалды идеологиядан азат аудиторияға алдын алу бағытындағы жалпы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қарқынды түрде жалғастырған жөн.

− Соңғы уақытта «ДАИШ» ұйымына қосылуға кетушілердің жолы құқық қорғау органдары тарапынан жиі бөгелуде. Осыған орай, бұл ұйымның идеологтары «қарулы жиһадты» Орталық Азия аумағында, соның ішінде, әсіресе, Қазақстанда жүзеге асыруға үндеп жатыр. Лаңкестік ұйым үндеген бұл қауіптің іске асырылуы қаншалықты ықтимал?

− Жалпы, экстремистік және террорлық идеологияның негізінде «қарсылық таныту», «қанды оқиға арқылы өзіне көңіл аударту» секілді түсініктер жатыр. Осы түсініктер негізінде экс­тремистік ұйымдардың идеологтары топ мүшелерін ресми үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан «әділетсіздіктерге» қарсы шығуға, діни емес мемлекеттік жүйені қарулы төңкеріс арқылы жоюға үндейді. Лаңкестік ұйым­дар үшін бұл – әдеттегі түсінік. Өйткені, олардың құрылу миссиясының өзі осындай қанқұйлы теріс пиғылдардан тұрады.

Бүгінде халықаралық терроризм қаупі барлық елде бар. Оған соңғы уақытта Еуропа елдеріндегі және Түркиядағы қанды оқиғалар айғақ бола алады. Бұл індетке қарсы тұрудың ең дұрыс жолы – тиянақты алдын алу шараларын жүргізу. Қоғам мүшелерінің діни және дінтанулық сауаттылығын арттырып қана қоймай, азаматтық белсенділігін күшейту, отансүйгіштік сезімдеріне соны серпін беру, ғасырлар бойы қалыптасқан діни таным мен рухани құндылықтарды жаңғырту, мәмілегер, бірлікшіл, бейбітсүйгіш ұлттық мінездерге қозғау салу қазіргі таңдағы идеологиялық бағдарымыздың негізгі тіндеріне айналуы тиіс. Тұтастай алғанда, жаһандық терроризмнің салдарымен күресумен шектелмей, пайда болу себептерін түбірімен жойсақ, әлдеқайда үлкен жетістіктерге жете аламыз.

– Бәке, теріс көзқарасқа елігіп, жаңылып жүрген жастарға айтар ағалық ақылыңыз болса...

– Мен – Ауған соғысына қатысып, талай қанды қырғынды көзімен көрген жанның бірімін. Адамның соғысты сырттан ес­тіп-білгені бір басқа да, қанды қасапты бастан кешіру бір басқа. Қазіргі күнде «ДАИШ» содырларынан қиянат көріп отырған Таяу Шығыс жұртшылығына да, теріс идеяның жетегінде кетіп, жат елдегі сойқанға алданып барып ұрынған біздің кейбір қаракөздерімізге де өте ауыр сын сағаты туып тұр. Бейбіт ел­дің басындағы бағын ұшырған Сириядағы соғыс аумағында лаңкестердің қатарында жүрген қаракөз бауырларымыз ғаламтор желілеріндегі жалған бейнематериалдарда көрсететіндей алаңсыз өмір сүріп, жұмақ-дәуренді бас­тан кешіп жатқан жоқ, керісін­ше, олар өз бастарынан нағыз қия­мет-қайымды өткеріп, басқа елдегі жат соғыста ажал құшуда.

Сондықтан мен бүгінгі жастарға айдың, күннің аманында адаспаңыздар, тәуелсіздік пен тыныштықтың қадірін біліңіздер, бастарыңыздағы бақытты бағалаңыздар дер едім. Ата-ана, туған жерден артық жұмақ жоқ. Дін-исламның шынайы жолымен жүргің келсе, Отаныңа, еліңе, ата-ана, бауырларыңа қызмет жаса, оқы, ізден, еңбек ет! Бабаларымыз қанымен де, жанымен де, арымен де қорғаған туған жерге туың тік! Иманды айдаладан емес, айналаңнан ізде дер едім…

Біздің топырағымызда орныққан ислам дінінің ханафи мазха­бына қатып қалған қасаң қағидалар мен біржақтылық жат деп ойлаймын. Мен теріс идеялардың жетегінде кеткен бәзбіреулер айтатындай, «сақалың бір тұтамнан аспаса, мұсылман емессің» деушілерді өз басым құптай алмаймын. Мәселе тек сақалда болса, мен көрген Ауғанстан дүниежүзіндегі озық елдердің қатарында болар еді ғой… Мен сондықтан да Қазақстан азаматтарын алауыздықтың әсерінен басынан бағы тайып, соғыс өртіне оранған алыс-жақын елдердің бүгінінен сабақ алып, өз елімізде берік орныққан тыныштық пен келісімді қадірлеуге шақырамын. Біз түтіні түзу шығатын қуатты ел болуымыз үшін ғылымға, білімге, жаңашылдыққа жақын болып, еліміздің тұтастығы мен тұрақтылығын қашанда басты орынға қоюымыз қажет деп біле­мін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 Әңгімелескен

Самат МҰСА, 

«Егемен Қазақстан».

Бөлісу: