25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Әнас ибн Мәлік (р.а.) қандай еді?!

Мақалалар
Жарнама

«Жанжалды жаны сүймейтін»

Хазреті Әнас ибн Мәлік (Алла оған разы болсын)  адал болғандығы соншалықты кез келген жағдайда пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үшін жанын пида етуге дайын еді. Ол салт-дәстүрді жақсы меңгеріп, пайғамбарымыздың әрбір іс-әрекетіне мұқият қарап, діни рәсімдерді де дәл пайғамбарымыздай етіп орындауға тырысатын.

Әрбір ісінде оған еліктейтін. Оның ықыласы, адалдығы өте жоғары деңгейде едіБасра қаласында Камин ибн Рабий’ғ деген кісі өмір сүрген екен. Оның сыртқы келбеті, жүріс-тұрысы, барлығы пайғамбарымызға ұқсағандығы соншалықты Әнас ибн Мәлік (Алла оған разы болсын) оны кездестірген жерінде қатты толқып, көзіне жас үйріліп, турасын айтқанда, жас балаша егіліп жылайтын еді. Өзі ерекше құрметтейтін жәдігері пайғамбарымыздың (Алла оған разы болсын) су ішкен кесесі мен аяқ киімінің бауы еді.Осы қастерлі жәдігерді аса ұқыптылық пен көзінің қарашығындай етіп сақтайтын. Оны таңдаулы адамдар ғана ұстап, көру мәртебесіне қол жеткізіп, тек жақын болған әрі құрметті адамдар ғана кеседен су ішу бақытына ие болатын. (Аталмыш жәдігер 800 мың дирхамға бағаланып мұралық мүлік ретінде Әнас ибн Мәліктің (Алла оған разы болсын) ұрпағына қалған).

Бір деректерде имам Бұхари сол кесені тамашалап, оны қолында ұстап шөлін қандыру құрметіне ие болғандығы туралы айтылады. Хазреті Әнас ибн Мәлік (Алла оған разы болсын) кең пейілді, ашық мінезді, айтқан уәдесіне берік сахаба болды. Қандай іс болмасын, әрбіріне аянбай жәрдем беруге жанын салатын. Ешқашан ұрыс жанжалды жаны сүймейтін, егер де бір-бірімен жауласып, жек көріп жүрген адамдар болса, хазреті Әнас ибн Мәликке барып ақыл-кеңестерін сұрап сол келеңсіздіктердің шешімін тауып қайтатын еді. Жағдайы төмен жетім, жесірлерге өте қайырымды, мейірбан, қонақтарға құрмет көрсетіп тәтті тағамдармен сый көрсетуді жақсы көретін. Ол қызметкерінің көмегіне жүгінбей, үйіне келген қонақтарына өзі қызмет ететін. «Қонақ болмайтын үйде Алланың берекесі, рызығы болмайды» деген сөзді жиі қайталайтын. Хазреті Әнас ибн Мәлік дәулетті бола тұра тұрмыста, тағамда талғампаз емес, қатқан нанның үзімін, бір уыс кепкен құрманы да қанағат тұтатын.

«Пайғамбардың (с.а.с.) өзі менің шашымды сипаған»

Ол садақ атудың әуесқой жанкүйері еді. Балаларын садақ атуға үйретіп жиі жарыстар ұйымдастыратын. Хазреті Әнас жүннен тоқылған, мақтадан тігілген нақышты әдемі киімдерді ұнататын. Сәлдесінің өзі соған ұқсайтын маталардан тігілген болатын. Оның шашы иығына дейін төгіліп тұратын. «Одан неге шашыңды қысқартпайсың» деп сұрағанда«Менің шашыма ардақты пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қолы тиген, мен оны қысқартуға дәтім бармайды» деп жауап жауап беретін. Бір шынтағында ақ дағын кей кезде сары түсті хош иісті мискпен бояп қоятын.

Бірде хазреті Абу Бакр (Алла оған разы болсын) Әнас ибн Мәлікті зекетті қадағалап отыру үшін Бахрейн қаласына жіберуге шешім қабылдайды. Бұл аманатты іс хазреті Омардың (Алла оған разы болсын)  Әнасты ақылды, зерек, жазу, сызуға шебер екендігі жайында айтқан сөзіне байланысты қабылданған шешім еді. Әнас ибн Мәлік айтылған аманатты үлкен абыроймен атқарып өтті. Халифа Омардың (Алла оған разы болсын) кезеңінде Әнас ибн Мәлікті ислам дінін жеткізу үшін, адамдарға пайғамбарымыздың сүннетін үйрету үшін Басраға жіберді. Ол тек оқытумен шектеліп қана қоймай, мемлекет істеріне де белсенді араласып, өмірінің соңына дейін Басра қаласында қалды. Соңғы екі жылда ораза ұстауға шамасы келмей,фидия (кәффараттардағыдай әр күні бір мұқтажды тамақтандыру) төлеуге мәжбүр болды.

Бір жылдары егін шықпай құрғақшылық жайлаған жылы хазреті Әнас (Алла оған разы болсын) дәрет алып, сахарада оңаша қалып екі рәкағат намаз оқып, дұға еткеннен кейін мол жаңбыр жауып көптеген егіс алқабы аман қалады. Әнас ибн Мәлік  (Алла оған разы болсын) пайғамбарымызға деген сүйспеншілікпен оның мүбарак бірнеше тал шашын сақтап, өмірінің соңында сол шаштарды бетіме қойыңдар деп өсиет етті. Одан басқа пайғамбарымыздан (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қалған жіңішке таяқшаны кебініне орап қоюын сұрады.

Хазреті Әнас ибн Мәлік соңғы сахабалардың бірі. Ол хиджренің 93 жылы 103 жасында Басра қаласынан төрт шақырым жердегі Тайф өңірінде дүние салады.

Ерлан ЕСІРКЕПҰЛЫ

Бөлісу: