22
Жұма,
Қараша

һижри

Мұқағали: «ЖАРАТУШЫ, ЖАЛҒЫЗ ИЕМ, ҚУАТ БЕР...»

Мақалалар
Жарнама

Бір қызығы, жыр сүйер қауымның қатары жас өскіндермен толыққан сайын Мұқағали Мақатаевтың жыр әлеміне деген оқырман қызығушылығы үдей түсіп, жырларын жатқа оқып, оны өзіне ұстаз тұтатындардың саны толастамақ түгілі, жылдан-жылға еселеп кетті десе болғандай.

 

Мұқаң жайлы құлаш-құлаш естеліктер жазып, шығармалары туралы пікірлерін білдіріп жатқан жасы бар, жасамысы бар қай-қай авторды алсаңыз да біреудің мәжбүрлеуімен қолына қалам ұстай қоятын жандар емес. Солардың басым бөлігі: «Ақиық ақын поэзиясы өміршеңдігінің сыры неде?» деген тектес өз сауалдарына өздері жауап іздеп шарық ұруда. Олары жазғандарынан көрініп тұр.

Оқырман ретінде сондай риторикалық сауалдарға жауабымызды біз де университет қабырғасынан бері жұптаумен келеміз. Әсіресе, Желтоқсан көтерілісінен кейінгі кремльдік ызғарлы саясаттан рухымыз жүдеп, жанымыз жаураған біздер Мұқағали ақынның имандылық тұнған жырларынан демеу тапқандай едік. Қапаланған сәттерімізде ақын шығармаларына жиі-жиі қайырылып жүретіндіктен, 1989 жылы республикалық басылым бетінен қасиетті Құран аяттарының кейбірінің қазақша мағыналарын оқыған сәтімізде ғана Мұқағали жырлары бастауларының сырын, ішкі түйсікпен сәл де болса аңғарғандай болдық. Ол жырлар өз оқырмандарының рухын осы қасиетті аяттарға қол жеткізетін аталған сәтке сүйемелдей әкеп, жалғап жіберген алтын арқаудай екен-ау! Арада екі жылдай уақыт өткенде, дәлірек айтсақ, 1991жылдың 8 ақпанында республикалық «Лениншіл жас» газеті бетінде «Алла Ақиқат, Аллаға сеніп өтем!» деген тақырыппен, ақынның бір топ өлеңдері «Жарияланбаған жырлар» атты айдар аясында, жарық көрген болатын. Бұл топтама бар болмысымен бір Аллаға ғана бас иген мұсылман Мақатаевтың имандылық тақырыбына арналған жырларын қамтыған еді. Жылдар бойы жанымды тербеп келген жоғарыдағыдай ішкі сауал-жауаптарыма ақынның осынау өлеңдерінен, күтпеген жерден, нақ осындай дәлелдер тапқан сәтімдегі қуанғаным-ай! «Иә, бәсе, айтып ем ғой, айтып ем ғой!» дей беріппін өз-өзіме.

Енді аталған топтамадағы жырларға назар бұрсақ. Ондағы «Сатқан емен. Сатпаймын дінімді мен» атты өлең назарға бірден іліккендей. 

         «Сатқан емен. Сатпаймын дінімді мен.

         Өлмейтұғын, өшпейтін күнін білем...»

Иә, қасиетті Құранның бір әріпінің де өзгертілмей мәңгіге сақталатынына Өзі кепілдік берген Алла Тағаланың сөздерін білген жан ғана «Өлмейтұғын, өшпейтін күнін білем», десе керек. Себебі, «Мәида» сүресінің 3-аятында: «...Сондай-ақ сендерге Ислам дінін қош көріп, ұнаттым...» деген еді Жаратушы Иеміз. Одан әрі Мұқағали ақын не дейді екен?

         «Алла есімі – жүрегім жұдырықтай,

         Жүрегімнің соққанын біліп жүрем.

            ***

          Алсын тағалам, ант етем, ант етемін,

         Алла есімін кеудемнен ұшырған күн».

Иә, тек бір Жаратушыға ғана бас иіп, Содан ғана көмек сұрап, Оның құдыретін әрі әдемі есімдерін ұдайы жүрегінде тұтқан пендесі ғана шынайы бақыт тауып, тыныштықта өмір сүреді екен. Себебі: «Ең көркем есімдер Аллаға тән. Оған сол аттарымен жалбарыныңдар...» делінген қасиетті Құрандағы «Ағраф» сүресінің 180-аятында. Иә, Алла есімдері ақынның жүрегіне сіңіп, оның өмір сүру бағдарына айналып кеткендей. Бұл мінәжат- Жаратқанға жалбарынуға арланып: «Құдай менің жүрегімде. Жүрегім таза. Сол жетеді маған»,-деп, әлемдердің ұлы Раббысын, шексіз Құдырет Иесін өзінің тар кеудесіне сыйғызбаққа тыраштанатын қаперсіздердің жағдайынан түбірімен бөлек мәселе. Хадистердің бірінде: «...адам денесінде бір кесек ет бар. Егер ол жақсы болса, онда күллі дене жақсы. Егер жаман болса, онда күллі дене бұзылады. Расында ол-жүрек»,-делінген. Алла Өзінің ғажайып есімдерін үздіксіз қайталап, мінәжат еткен құлдарының жүрегін мейірімге толтырып, жұмсартып қояды екен. Бұл жөнінде Жаратқан Иеміз қасиетті Кітабының бірнеше аяттарында ескерткен ғой.

Естелік айтушылар мен ақын жырлары жайлы пікірлерін білдірушілердің бір кісідей-ақ Мұқаң мінезінің жайшылықта жібектей жұмсақ, тіпті кейде баладай аңғал күйде үлкенге де кішіге де мейірленіп, қолынан келгенінше жақсылық жасауға ұмтылған сәттерін қайталаудан, бірін-бірі толықтырудан неліктен жалықпауларының сыры енді айқындала түскендей. Себебі жүректерді құбылтып, қалаған жағына бұрып тұратын бір Алла ғана. Сондықтан болар:

          «Жаратушы, жалғыз Ием, қуат бер.

         Азабымды-тозағымды жеңейін.

         Жаратушы, жалғыз Ием шуақ бер,

         Өзіме де, өзгеге де төгейін»,-

дейді замандастарының бәрін «бауырым» деп сүюге пейіл болған қайран ақын. Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Иесіне ақтарған мінәжат-сыры іспеттес осынау топтамасындағы кез-келген шумағынан аңқылдаған ақынның иманды болмысы ә дегеннен-ақ аңғарылып жатады. 

                    «Адаспаймын, Аллама сеніп өтем»

Тағы бір өлең жолдары:

           «Мұхамметтің үмметі, мұсылманмын.

         Пайғамбарым қолдайды қысылған күн»,-

деп сыр тарқатқан екен. Адамзат баласының нағыз Әділет сотына түсіп, жанының шын қысылатын кезі-Қиямет күні. Мынау жалған дүниеде, яғни, көзі тіріңізде атқарған сауапты істеріңіз ғана арашашыңыз боп, ал жасаған күнәларыңыз Тозаққа сүйрелейтін айғағыңызға айналатын дәл сол Ақырет күні мұсылмандарға шапағат етіп, Алла алдында кепілдікке шығатын жан- шынайы хадисте айтылғанындай, Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) екен. Мұқағали ақын сол ұлы болысуға мегзеп отыр жырында.

          «Алла-Ақиқат. Аллаға сеніп өтем,

          Адалдық пен Ақиқат серігі екен.

          Адаспаймын, Аллама сеніп өтем,

          Арамдыққа баспаймын жолы бөтен»,-

дейді сардар ақын. Расында Ислам ғұламаларының айтуынша: «Егер пенде харам аралас немесе күмәнді жолдармен келген нәрселермен және өсімқорлық, біреуді алдап-арбау арқылы тапқан малдармен қоректене беретін болса немесе дінді дүниелік мақсат үшін пайдаланса, мұның бәрі адамды дүние-ақыретте қор етеді. Бұл жерде Аллаға тәуекел етудің терең мағынасы жатыр. Сондықтан, ей, мұқтаждықта күн кешіп жатқан бауырым! Аллаға сенгін, жасыма, харамға жақындама. Жақсылық қыл да, өзге мұқтаж жанды өзіңнен артық көр!» Осы үзінді пікірді қамтыған «Мұсылманның рухани тіректері» атты кітап қазақ оқырмандарының қолына 2003 жылы тиген еді. Ал, қасиетті Құранның бірді-екілі аяттарының алғаш қолымызға тиген кезі 1989  жыл болғандығын жоғарыда айтып өттік. Мақатаевтың Ислам тақырыбына арнаған осынау топтама жырлары болса, газетте көрсетілгендей, 1970 жылдың жетінші және жиырма бірінші шілдесінде жазылған екен.

Енді сәл ғана шегініс жасап көрелікші... Еске түсірер болсақ, 1970 жыл дегеніңіз- советтік атеизмнің қылышынан қаны тамып тұрған шақ емес пе еді?! Кеңес Одағының алғашқы жылдарынан бастап-ақ діни көзқарасы, өмірлік терең ұстанымы бар жандардың атылып, айдалып, халық көзінен ғайып болып; тұтас қазақ даласында көзді ашып-жұмғанша, «Құдайсыздар қоғамының» жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені тарихтан белгілі. Одан кейінгі дүркін-дүркін қайталанған қуғын-сүргін науқандары «совет» азаматтарының санасын біржолата езіп-жаншып, «Дін-апиын» деген «тұжырымсымақты» олардың жүректеріне шегелеп тастағанына куәміз. Осы айтылғанға қоса, дін тақырыбына арналған қандайда бір мәлімет немесе ой-пікір атаулының Мұсылман елдерінен сол кездегі қызыл шекара арқылы «совет» жеріне өтуінен гөрі түйенің ине көзінен лып етіп өте шығуы көбірек мүмкін болған кезең еді ғой. Сондай дәуірде деймін да..., Мұқағали ақын жоғарыда біз тоқталып өткен Исламның мәңгілік шарттарын, Алла тарапынан жіберілген нығыметтер туралы ойларды қалай білген? Қайдан алған?! Таң қалмасқа шараң қалмайды...

Ақынның қарапайым азаматтық жырларындағы оқырманын сезім мен ой шамырқаныстарына түсіріп, имандылық әлеміне шақыратын жолдарын оқып отырып та осылайша қайран қалатынбыз. Себебі, ол заманда тұтас қазақ ауылының бірен-саран ғана отбасыларында намаз оқитын аталар болушы еді. Олардың өзі есік-терезелерін қымтап дегендей, жасырынып намазын оқып, тымпиып оразасын ұстаушы еді. Жетпіс төрт жыл бойы радио-теледидарды басып қалсаңыз да, газет-журнал, кітаптарды ашып қалсаңыз да: «Дін-апиын, дін-апиын» деп «атеизм» атты құзғын жағы талмастан қақсай бергендіктен, «совет» адамдарының шамамен 1917 жылдан кейін дүниеге келгендері Алланың тұтас адамзатқа жіберген осынау ұлы Сыйы, яғни, Ислам қағидаларынан мақұрым боп өскені кәдік қой. Шүкір, тәуелсіздігімізбен бірге елімізге Ақиқат нұры қайта тарай бастады.

Қазан төңкерісінен бұрын, 1910-1915 жылға дейін дүние есігін ашып, азды-көпті молданың алдын көріп, имандылықтың ләззатын сезінген аталарымыз «сәбет үкіметі» жылдарында, өзге түгілі өз кенересінен шыққан балаларына да осынау мәңгілік Құндылықтар жайлы там-тұмдап болса да, сәл сескене отырып жеткізуге тырысқандары есімізде. Сондай сәттерде иба сақтағандары үндеместен тыңдаған болып, әңгімені аяқсыз қалдыратын еді. Ал ерке-тотайлары: «Ой, көке, қойыңызшы. Ол айтып отырғандарыңыз миды улайтын бос әңгімелер ғой!»-деп, орындарынан тұрып кетісетін. Кеңестік идеологияның алып «мәшинесінің» алдында дәрменсіз боп қалған байқұс әке сол баяғы бала кезінде медреседен алған Ақиқи ілімін ұрпағына жалғастыра алмай: «Пә-әлі, мінезіңе болайын»,- деп шарасыз күйде отырып қалатын еді.

Жетпіс, сексеніңізді алқымдаған сол қариялар ауыл-үй дастарқандарында әңгіме айтатын. Біз құлақ түруші ек. Дінімізге қатысты шерткен әңгімелері негізінен қасиетті Құрандағы хикаялар мен шариғат бойынша мінез-құлықтың қандай болмағы төңірегінде-тін. Бірақ Исламдағы наным-сенім, мынау шексіз ғаламды басқарушы Алланың құдырет-қасиеттері, дүниенің жаратылу сырлары, әсіресе Құран аяттарына түсініктемелер деген тақырыптар «жабулы қазан-жабуымен» қалушы еді. Бәлкім, қоғамнан қаймыға жүріп ондай құнды ойларын өздері де ұмытып қалған болар. Әлде, «қудалауға өзіміздің түскеніміз жетер, ұрпағымыз тыныш болсыншы» деген ниетте болды ма екен қайран жандар!? Оңашаларда: «Құдайды ұмытпай, естеріңе алып жүріңдер»-деуші еді жарықтықтар. Бұл айтылғандар-Ислам құндылықтары жөнінде мәліметтерді ауызша алудың да «совет» кезінде ауыр болғанын айғақтайтын жағдайлар.

Ал, жазбаша бұлақтарға келер болсақ... халіміз мүлдем мүшкіл болатын. Оған нақты бір мысал келтірейін. Мен Мәскеуде оқыған 1978-1980жылдары біздің журналистер тобына философия пәнінен өзбекстандық бір азамат кісі сабақ берді. Өзі біршама батыл ойдың иесі болатын. Бір жолы тіпті біз ойлағаннан да «характері» асып түсті. Диалектикалық материализм ілімі бойынша себеп пен салдар қарым-қатынастарын түсіндіріп тұрған еді. Сәл-кем іркіле ойланып алды да:

-Біз, советтік бір топ философ-ғалымдар былтыр пәлен деген мұсылман еліне (қай ел екені де, ұстаздың аты-жөні де есімде қалмапты-Н.Ү.) ғылыми конференцияға барып, Ислам ғұламаларымен айтысқа түстік. Шынын айтқанда, сонау ғарыштық деңгейдегі жаратылыс құбылыстарының сырын түсіндіруде біз олардың шаңына да ілесе алмай қалдық. Материалдық әлемнен көтеріле алмадық. Олардың дәлелдері мығым, түсіндірулері байыпты еді. Бірақ біз елге оралғанда: «олардың дәлелдері құрғақ идеализмге құрылған, таяз екен», деп жамандап қайттық,- деді еш қаймықпастан. «Мына кісіні біреу ұстап бермесе жарар еді» деген оймен жүрексініп жүрдім. Дегенмен, ұстазымыз сол семестр бойы көз алдымызда аман жүрді. Мүмкін кейін де ол кісіге ешнәрсе болмаған шығар... Журналистер тобында бір түркімен, бір қырғыз және мен бар едік. Бір жолы сабақ арасындағы үзіліс кезінде ол кісі үшеумізді қасына шақырып алды да:

-Ешқашан Алла жоқ деп ойламаңдар. Мұсылман екендіктеріңе іштей мақтанып жүріңдер,-деді. Бірінші сөйлемді бізге бала жасымыздан ата-әжелеріміз сыбырлап болса да санамызға құйып отыратын. Ал, екінші сөйлем мені едәуір ойландырып тастады. Исламға қатысты молырақ мәліметтер білгім келгені есімде. Бірақ ақпараттарды қайдан, қалай іздеу керектігінен бейхабармын. Интернет тұрмақ компьютер деген ол кезде атымен жоқ. Сөйтіп, талай ірі кітапханаларға барып сұрастыра бастадым. Маған көздері атыздай боп қарасады олар. «Не тантып тұрсың?»-дегендей... Содан әрі ойланып, бері ойланып, ірі атеист «ғалымдардың» кітаптарын ақтарыстыра бастадым. Олар бір абзацта Ислам шарттарынан үзінді келтіреді де келесі екі-үш абзац бойы оның «түгін қоймай» жамандап, тіпті балағаттайды. Содан не керек балағаттаған абзацтарды аттап өтіп, «Ислам әдебиеттерінен үзінді келтірілді» деген жерлерін жазып алудамын. Бірақ мұндай ізденістерімнен мандыртымды нәтиже шықпады. Себебі, ол «ғалымдар» әлгі үзінділерге өз өтірігін араластырып, Ислам іліміне көпе-көрнеу жала жауып, жалған «цитата» келтіруі кәдік қой! Оның үстіне ондай шалажансар үзінділерді түпнұсқамен салыстыру мүмкіндігі бізде екі бастан жоқ. Болса, сол түпнұсқаның өзін оқымас па ек!? Бұл 1978 жыл болатын.

Сонымен, Ислам саласында білім жинақтамақ үмітімнен едәуір күдер үзуіме тура келді. Есесіне, рухани, имани биіктіктерге жетелейтін Мұқағали жырлары іспеттес әдеби-көркем дүниелерге мейлінше көп көңіл бөліп, қолымнан келгенінше, өзге де замандастарым сияқты, ізденісте болуға тырыстым. Өз басымнан өткен осындай жағдай жадымда болғандықтан, әрине, одан да он жыл бұрын яғни 1970 жылдың шілдесінде Мақатаев қаламынан біз бүгін сөз етіп отырған Ислами өлеңдер топтамасының дүниеге келгенін білуім (ол жырлармен 1991-жылы танысқан сәтімде) керемет таңданыс пен қуаныш сезімдеріне бөлеген болатын мені. «Ислами қағидаларды қайдан, қалай білген?» деген сұрақ туындаған еді көкейімде.

Оқырмандарын көл-көсір, шадыман күйге түсірген сол жырлар «Лениншіл жас» бетінде жарияланғанға дейін-ақ, яғни, сондай жырлардың бар екенін білмесем де, ақынның азаматтық жырларындағы жүрегімді тербеткен имандылық ұстанымдары мені жиі ойға қалдыратын. «Мұндай жырлар жоғарыдағы ұлы Күштің бұйрығымен ғана жазылған болуы мүмкін»,-деген ой жан-дүниемді мазалай беруші еді. Одан арыға көтеріле ойлауға өреміз жетпейтін. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылында Мұқаңның «Алла-Ақиқат. Аллаға сеніп өтем» атты топтамасын оқи отырып, өз-өзіме: «Иә, бәсе, айтып ем ғой, айтып ем ғой!»-дей бергенім содан болар.

Сонымен мынандай түйінге келгенім есімде: Кеңестік демографтар мәліметтеріне қарағанда, социалистік дәуірде Қазақстан жерінде жеті-сегіз миллиондай қазақ ұлт өкілдері өмір сүрген екен. Және ол санды сексен жылға жуық уақыт аралығындағы ұрпақтар алмасуына көбейтіңіз. Анық санын бір Алла ғана біледі, әрине. Кеңестік қоғам-қып-қызыл атеизм бесігі. Енді не етпек керек!? «Соншама жан 80 жыл бойы қос өмірлеріне бірдей тиесілі ұлы Бақыттан, имандылық әлемінен жұрдай боп өте беруі тиіс пе мына фәниден?! Әрине, жоқ. Өзі жаратқан пенделеріне соншама Қамқор, ерекше Мейірімді Алла мәселенің бар тізгінін қызылдардың қолына жиып-теріп ұстата салуы мүмкін емес қой! Сондықтан, барша ғаламның билігі қолында тұрған, ерекше Үкім Иесі- бір Алла Өзінің мәңгілік бұйрықтарын Мұқағалидай дария ақынның шығармаларын себепкер етіп, оның жырларын қазақтың «қара өлеңіне» құндақтай орап, пенделеріне, оның ішінде Мақатаевтың «советтік» оқырмандарына там-тұмдап болса да жеткізуді жөн көрген болар, бәлкім»,- деген ой түйдім. Анығы, әрине, бір Жаратушының Өзіне ғана мәлім.

Тұтас өміріме айрықша әсер еткен осы жағдайлардың барлығы да бәрін Білуші және бәрін де шебер Басқарып тұрушы бір Алланың бізге аңғартып келе жатқан мұғжизалары, ғажайып белгілеріндей көрінеді маған. Мұқағали поэзиясы қуат-күшінің түп-тамырын іздеп, шарқ ұрушы бірнеше жүздеген мақала авторларына ғана емес, сондай сауалдарды өз-өздеріне үнсіз қойып келе жатқан оқырман-замандастарыма да жеткізбек ойым осы еді. Дана Жаратушы үшін қызылдар құрған темір перде түк те емес еді, әрине. Шынтуайтына келгенде, Алла Тағала сол қызылдар қоғамын да пенделеріне уақытша сынақ ретінде орнатты емес пе! Себебі: «...Бір жапырақ түссе де Алла оны біледі. Жердің қараңғылықтарындағы дән мен құрғақ немесе жас ұрыққа дейін ашық Кітапта жазылған».( «Әнғам» сүресі 59-аят). Яғни бәрі де - алдын-ала белгіленген жайлар. Жыр жолдарын одан әрі оқи түссек...

          «Я, Аллам! Жауыздықтан сақтай гөр,

         Жамандыққа, жауыздыққа бастырма!»

Бұл – Мұқағали ақынның Раббысына деген дұғасы. Өзіне қолын жайып мінәжат еткен құлдарына Жаратушымыз не дейді екен?! Көңіл бұралық... «Мұхаммед! Егер құлдарым Мен туралы сенен сұраса, айт: өте жақынмын. Қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Осылайша тура  жол тапқан болар еді». («Бақара» сүресі 186-аят).

          «Я, Алла! Жаратушы жалғыз Ием,

         Медет бер, жапандағы жалғыз үй ем!

         Хал сұрар, жай түсінер бір пенде жоқ,

         Жүрек-жүн, ойым-опат, жанды жүйем».

Ғұламалардың айтуынша, шағымның екі түрі болады. Оның бірі- басындағы қиындығын айтып, көмек сұрап, бір Аллаға шағыну. Бұл да- мінәжаттың бір түрі. Мұсылманның сабырына нұқсан келтірмейтін түрі. Себебі: «Негізінен Алла Өзіне ортақ қосқанды жарылқамайды. Одан басқа кімді қаласа, жарылқайды. Ал кім Аллаға ортақ қосса, расында оның өте ұзаққа адасқаны»,-делінген «Ниса» сүресінің 116-аятында.

 Сол тұжырымды білгендей-ақ:

          «Қолдары да, қорғаны да жоқ жан ем,

         ...Жасаған Ием, құлап барам, сүйей бер,

         Пенделерге табына-табына болған ем»,-

дейді Мұқаң тек бір Жаратушыдан ғана медет тілей. Себебі, бір Аллаға ғана табыну-бақытқа, ал одан басқаларға, оның ішінде пенделерге табыну-сорға апарады. Ақын жыры осындай биік мақсаттарға мегзейтіндей. Оған дәлел: «Егер жер мен көкте Алладан басқа тәңірлер болған болса, онда екеуі де апатқа ұшырар еді. Ғарыштың Раббысы Алла- олардың жала жапқан сипаттарынан пәк»,-делінген «Әнбия» сүресінің 22-аяты мазмұнында.

          «Шындықтың ауылында қазына бар...»

 Мақатаевтың келесі «Бүкіл дүние мұсылмандарына хат» атты жыры:

 «Бәрі рас айтқанының Хақ Алламның,

Құм менен топырақтан жаралғанмын»,-

деп социализм ғана емес, азуын айға білеуші небір атеистік ірі мемлекеттер күні бүгінге дейін ту етіп келе жатқан дарвинизмнің күлін көкке ұшыра төгілген екен. Мектеп оқулықтарынан бастап тұтас қоғамымыз: «Адам маймылдан жаралған»,-деп анайы түрде шуласқан сол бір қысылтаяң шақтарда Мұқаңның қаламынан Ақиқаттың алдаспанындай боп туындаған осынау қарсылық жыры жарыққа шығар мезгілін күтіп жатқан екен-ау!

Бұл аз десеңіз: аталған Ислами топтамаға енбеген, 1975 жылдың 15-қаңтарында жазылған «Адам қайдан жаралған?» атты жеке өлеңінде дарабоз ақын «маймылды-әке, шимпанзені-шеше» деп жүргендердің ойын ойрандап:

          «...Мен адамнан жаралдым,

         Ниетім жоқ айнуға.

         Баласымын Адамның,

         Ұқсағам жоқ маймылға!»-

дейді зор мақтанышпен. Мұндай тұжырымдар бүгінгі күндері айтылып жатса, «анау» айтқандай жаңалық бола қоймас еді. Ал, қызыл империяның ту етіп ұстанған осындай сайқымазақ принциптерін сол қоғам дәуірлеп тұрған тұста, қаймықпастан сын тезіне алу дегеніңіз ақынның шын мәніндегі имани парасатын дәлелдесе керек. Сонымен, аталған топтамаға қайта оралсақ:

 «Құдайдың құлымын мен – мұсылманмын,

Денемде түйірі жоқ арам қанның,

Ақиқатын аңсаймын ақ арманның».

Бұл- бір Аллаға ғана құл болудың, сол арқылы мынау шексіз ғаламның лайықты бір бөлшегіне айналудың түгесіліп болмас бақыт екенін түсінген пендеге, парасатты жанға ғана лайық шынайы мінәжат! Себебі қасиетті Құранда айтылғанындай: «Жеті қат аспан мен жер және оның арасындағылар Алланы пәктейді. Оны пәктеп, мадақтамайтын ешбір нәрсе жоқ. Бірақ сендер олардың тәсбихтарын (мадақтауларын) түсіне алмайсыңдар. Шындығында, Алла- өте Жұмсақ, аса Жарылқаушы». Сондай-ақ: «Енді мені еске алыңдар. Мен де сендерді еске аламын. Және Маған шүкіршілік қылыңдар да, қарсы болмаңдар»,-деп бұйырады бір Алла «Бақара» сүресінің 152-аятында.

Ақынның 1931жылы атеистік қоғамда дүниеге келіп, сонда өмір сүре отырып, осынау ұлы Заңдылықтарды қапысыз түсіне білгені-расында да аса Шебер Алланың атеистік, әурешіл қоғамдағыларға көрсетіп қойған айрықша бір белгісіндей еді-ау. Себебі, адамдардың айтқаны болмайды. Алланың қалағаны болады. Өзгермейтін, ұлы заңдылық-осы, міне!

Ислам әлемін, мұсылмандар ортасын аңсаған ақын келесі бір сәтінде:

          «Мекенім Ніл дария – Меккем менің,

         Келеді мәңгілікке мекендегім.

         Дариға-ай, Зұлпыһарды ерттеп мініп,

         Көрмеген мекеніме кетер ме едім!

         Семсерін Әзірет Әлі ескек жасап,

         Жерорта теңізінен өтер ме едім?!»,-деп қиялға беріледі.

«Исламда ең бастысы-ниет!»-дейді ғұламалар. Кім білсін, аса Жомарт Жаратушымыз Мұқаңның шырқыраған осы тілектерінің тым болмаса біреуін қабыл етіп қойған болуы да мүмкін ғой. Ақынның келесі жыр жолдары:

«Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,

Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?!

Құбылаға бет алып қол қусырып,

Сәждеге жығылатын қайда күнім?

Қаны аққан қайран менің мұсылманым,

Осы ма екі ортада қысылғаның.

…Бірігіңдер, әлемнің мұсылманы,

Құрбан болсын Құдайың үшін жаның!!!»-

деп бірлікке шақырады. Ақын дін атаулыға «советтік» қызыл Кремль орнатқан, сол кездері «алынбас асудай» көрінген кедергілерге бар болмысымен осылайша қарсы тұрады. Туған ауылындағы бірлі-жарым қарияның «советтік ұзын құрықтан» қаймыға жүріп намаз оқып, ораза ұстаған шақтарын сағына есіне алады. Ол кісілерден кейін өмір «сахынасына» шыққан «советтік жасамыс» жандардың тірліктеріне қарап отырып қынжылады.

Ғылымды дінге қарсы қойып, алғашқысын «жасампаз», ал соңғысын «түкке алғысыз апиын» деп жариялап, «дін-ғылымның жауы» деген солақай сенімді ту етіп ұстанған қоғамда Мұқаңның қаламынан 1970 жылдың 21шілдесінде «Дін-ғылымның анасы» деген өлең туындаған екен. Яғни, кеңестік, атеистік қоғамның күйреуінен 21 жыл бұрын.

           «Дін-ғылымның анасы,

         Дін-ғылымның әкесі.

         Ғылым-діннің баласы,

         Дін-ғылымның көкесі.

         Ғылымда бар,  дінде бар.

         ...Қол қусырып Құдайға

         Ғылым мен дін бірге бар.»

«Дін-ғылымның дұшпаны» деп тынымсыз қақсаған қоғамда Мұқаң осылай дейді! Бұдан артық рухани ерлік болар ма, шіркін!? Қош делік. Ал енді осы мәселеге бүгінгі күн тұрғысынан қарайықшы. Бүгіндері ғылымның әрқилы салаларында «ғажайып жаңалықтар аштық» деп мақтауға ие болған, әлемдік деңгейдегі бірталай ғалымдар бұдан 40-50 жылдай ғана бұрын ғылымда белгілі бола бастаған (оның ішінде өздері ашқандары да бар) жаңалықтардың бұдан 14 ғасыр бұрын қасиетті Құранда айтылып қойылғанын мойындасуда. Қайран қалысуда.

Мысалы Нобель сыйлығының иегері, эмбриолог ғалым Кэйт Мур «Адамның пайда болуы туралы Құран мен хадистегі кереметтер» атты кітабында былай дейді: «Мен біздің біліміміздің өсуі және ғылыми-техникалық жетістіктердің алға басуы арқасында Құран аяттары мен хадистерді әлі де терең зерттеуге, ондағы ғылыми хабарлардың сырын ашуға қол жеткізетінімізді сеземін. Құран мен хадистерде айтылған ғылыми ақиқаттың арқасында ғылым мен діннің арасындағы кедергілердің талқан болатынына сенгің келеді».

Сондай-ақ, Морис Бюкай деген ғалым да осы пікірді жалғай түсіп: «Көптеген сүрелер мен аяттардағы құпия хабарларды ашу-ғылымның алдында тұрған зор міндет»,-деп жазды. Тізе берсе, жүрекжарды мұндай пікірлер толып жатыр. Шынын айтқанда, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары «советтік» баспа бетінен «дін-ғылымның анасы» екендігі туралы шынайы пікірді табудан гөрі қарапайым совет адамының ғарышқа ұшып шығып, Кеңес топырағына қайта келіп топ ете қалуы анағұрлым оңай әрі мүмкін шаруа болды емес пе?! «Жарықтық» кеңестік темір перде расында темірдей болған екен-ау...

Сонда деймін-ау... сонда Мұқағали ақын осынау «мың қабат зынданның астына тасталғандай» хабарларды қалай біліп, жоғарыдағыдай шариғи үкімді қайдан айтып жүр? «Мақатаев жырларының басым бөлігі, дінсіздікке негізделген советтік «мығым» шекараларды тас-талқан ете отырып, Жаратушының аса Білгір, ерекше Қамқор пәрменімен жазылған екен ғой» деген пікірімізге нақты дәлел осылайша ақынның «Алла-Ақиқат. Аллаға сеніп өтем» топтамасынан молынан табылғандай.

Міне сондықтан да, ақиық ақынның жырлары қашан оқысаң да тап қазір жазылғандай, жаңадан бүршік жара ержетіп келе жатқан жасөспірім оқыса да, дәл сол жанға, дәл бүгін арнап шығарылғандай әсер қалдыруда. Себебі, адамдар құрған қоғамдар өзгереді, ұрпақ жаңарады. Ал, шексіз де мәңгі жасайтын Иеміздің бұйрықтары, жазулары – ешқашан ескірмейтін, өзгермейтін заңдылықтар! Мұқаңның жырлары болса, сол баяндылыққа ұмтылған ақ көгершіндер іспетті. Алланың осынау пәрмендерін «сусындайтын рухани бұлағым» деп мойындап, ұлы Жаратушыға тәуекел еткен жан ғана осындай парасат биіктеріне көтерілмек. «Алла-Ақиқат. Аллаға сеніп өтем» атты имандылыққа шақырған жырлар топтамасы ақын қаламынан туындағаннан кейін өзінің жарыққа шығар сәтін яғни ел тәуелсіздігін күтіп, сандық түбінде 21 жылдай жатып қалғанын айттық. Ал енді Кеңес үкіметі кезінде-ақ, дәлірек айтқанда 1982-жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Соғады жүрек» атты қос томдығының екінші жинағында жарияланған Мақатаевтың мына бір жырына назар аударып көрейікші. 

«Қапелімде байқамай жүргемін бе?

Қанат бітіп келеді күннен-күнге.

Мына өмірден бір кетіп, бір келдім бе?!

Түсі бөлек баяғы гүлдердің де,

Кімдердің де, күн менен түндердің де,

Осы мен...

Әлде басқа түрге ендім бе?!...

 

Армысың! Есі дұрыс, мият-Күнім!

Өліп қайта тірілген сияқтымын.

Жарқын өмір, жан өмір, жасыл шуақ,

Алдарыңда сендердің ұяттымын...

 

Алып ұшып барады қанаттарым,

Күнді ұзатып, күтемін таң атқанын.

Дәл осындай сәтіңнен адастырма,

Адастырма, өтінем, Жаратқаным!»

 

Жырдың жарияланған мерзімін әдейі көрсетіп отырмыз. Себебі, аталған шумақтар кеңестік баспагерлерге жай бір рухани тақырыпқа арналған кезекті өлең ретінде көрінсе керек. Әйтпесе, бұл жыр да сандық түбінде сарғаяр ма еді, кім білсін... Көңіл көзімізбен тағы бір зер салып, дәл осы жырды қайта оқып шығайықшы, қадірменді бауырым! Кеңестік қоғамда жырларын жазып, өз жайымен өзі жүрген талантты бір ақынның «мына өмірден бір кетіп, бір келдім бе?!» деп терең таңданыспен кенеттен өзіне өзі сауал тастауы қандай тосын еді! Өзі де байқамастан, тылсым бір жағдайға тап болғанын баяндаған ғой ақын. Алланың айрықша қалауына ілініп, Оның таңдаулы құлдарының біріне айналған сәтті дөп баса жырланғандай ғой осы өлеңінде. «Осы мен... әлде басқа түрге ендім бе?!». Иә, ақын дәл осылай дейді. Аталған өлеңді оқыған сайын ойға қалам: «Бәлкім, ақынның шығармашылығын да, өмір белестерін де дәл осы жыр жазылғанға дейінгі және одан кейінгі нағыз өмірі басталған кезең деп айқындай қарастырған жөн сияқты-ау»,-деп. «Өліп қайта тірілген сияқтымын...»,- дейді ақын аңтарылысты күйде. Бұл жерде, әрине, биологиялық өлім туралы айтылып отырмағаны айдан анық.

Бәлкім, атеистік қоғам қысым-күшінің кесірінен әлсіреп, көмескілене түскен ақын рухы аса Қамқор Иеміздің шапағат-шуағына бөленіп, нұрына малынып, дүр сілкіне түлеп, иманды негізде қайта оянған болар. «Алып ұшып барады қанаттарым»,- деп, өзі айтпақшы, Мұқаңа осылайша имандылық пен парасат «қанаттары» бітіп, ақын жырларын Мәңгілікке апарар жолдармен алып ұшқаны біздер яғни кеңестік оқырмандары үшін қандай ғанибет болған десеңізші! Әйтпесе, нағыз бақыттың тым болмаса себезгілеген сәулесін де сезіне алмастан, біздей пақырларыңыз құралақан қалғандай екен-ау! Қызыл қыспақтың ішінде де осындай нығметтерді Мұқағали жырлары арқылы бізге бұйыртқан ерекше Мейірімді Иемізге деген алғыс сезімдер қазір де мінеки жүрегімнен өз-өзінен төгілуде. 

Демек, Алланың айрықша рахымына бөленген жан ғана «Алла-Ақиқат. Аллаға сеніп өтем» тектес жырлар топтамасын жазса керек. «Мұқағали туындылары неге осыншалықты тегеурінді әрі сыршыл?»-деген сауалға жауап іздеп, шарқ ұрған сандаған мың замандастарымызға оқырман ретінде айтар ойымыз- осы. Анығын Алла біледі, әрине.

«Ақынның барлық туындысы бірдей керемет!»-деуден аулақпыз. Замани сақшылардың талабына бола түрлі «дежурный» өлеңдер де жазғаны рас. Анда-санда жырларынан «советский» жадағай сөздердің де кездесіп қалатыны бар. Мүмкін ақынның әрбір оншақты өлеңінің біреуі солғын шығар. Алайда, Мәңгілік әлемімен үндескен тасқынды жырлары ондай жасық дүниелердің әсер-күшін «ә» дегеннен-ақ жойып жіберетіндей.

Ақын Мақатаев «Қазақ жырының бір жылы» деген тақырыппен 1971 жылы жасаған баяндамасында: «Қандайда бір қалам иесінің шығармашылық тағдырына, оның өмір сүріп жүрген ортасына, тартқан мехнат, тындырған ісіне әділдікпен қарамайынша (болмас). Оның шығармашылығын өзінен бөліп алып талдау жасау-қиянаттың қиянаты екені өз-өзінен белгілі»,-деген екен. Мұқаңның Ислам тақырыбына арналған жырларын оқи отырып та қолымыздан келгенінше, ақынның осы тілегін қаперде ұстауға тырыстық.

Айтарын айтып өткен ақында, расында, арман бар ма?! 

Нұрлытай ҮРКІМБАЙ, 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Бөлісу: