29
Жұма,
Наурыз

һижри

Жағымсыз есімнің әсері

Мақалалар
Жарнама

Алланың елшісі (с.а.с.) көркем есімдерді жақсы көріп, жаман есімді ұнатпайтын. Жаман есімді кесірлік деп көретін. Тіпті, аты жаман қойылған жерлерге қонбайтын. Имам Мәлік ибн Әнестің әл-Муатта кітабында мынадай риуаят келтірілген.

Алланың елшісі (с.а.с.) бір түйені әкелдіріп сахабалардан: «Мынаны кім сауып береді?» – дейді. Сонда бір кісі орнынан тұрады. Алланың елшісі (с.а.с.):«Атың кім?» – деп сұрайды. Кісі: «Мурра («Ащы»)», – деп жауап береді. Алланың елшісі (с.а.с.): «Онда отыр», – дейді. Сосын тағы да: «Мынаны кім сауып береді?» – дейді. Бір кісі орнынан тұрады. Алланың елшісі (с.а.с.) одан да: «Атың кім?» – деп сұрайды. Кісі: «Харб («Соғыс»)», – деп жауап береді. Алланың елшісі (с.а.с.): «Онда отыр», – дейді. Сосын тағы да: «Мынаны кім сауып береді?» – дейді. Бір кісі орнынан тұрады. Алланың елшісі (с.а.с.) одан да: «Атың кім?» – деп сұрайды. Кісі: «Яғиш («Өмір сүреді»)», – деп жауап береді. Алланың елшісі (с.а.с.): «Сен сау», – деп бұйырады.

Сағид ибн Мусәйиб әкесінен, әкесі атасынан мынадай риуаят жеткізген. «Мен (яғни, Сағидтың атасы) Пайғамбарға (с.а.с.) бардым. Ол (с.а.с.): «Атың кім?» – деп сұрады. Мен: «Хазн («Бұдыр»)», – дедім. Ол (с.а.с.): «Сен Сәһлсің («Жазық»)», – деді. Мен: «Әкемнің қойған атын өзгертпеймін», – дедім. Оның немересі Сағид ибн Мусәйиб: «Әлі күнге дейін біздің әулеттен сол бұдырлық (яғни, қатқылдық) қалмай келеді», – деген. (Бұхари риуаяты). «Хазн» сөзі «бұдыр жер, қатқылдық», ал «Сәһл» «жазық жер, жұмсақтық» деген мағынаны білдіреді.

Жағымсыз аттың кесірі туралы қазақ халқында да екі шешеннің сөз таластыруы  туралы хикая бар. Ертеде Жапалақ деген сөзге жүйрік кісі Торайғыр деген шешеннің даңқын естіп, онымен сөз таластырмаққа еліне келеді. Жапалақтың атын бұрыннан білетін Торайғыр амандық-саулықтан соң қонағын бірден сүріндірмек болып: «Уа, сіздің атыңыз Жапалақ па?» – деп сұрайды. Жапалақ: «Иә, солай», – деп жауап береді. Сонда Торайғыр: «Олай болса, мына көлді бір айналып келші», – дейді. Жапалақ көлді атымен бір айналып келеді. Сосын Торайғырға: «Уа, сіздің атыңыз Торайғыр ма еді?» – дейді. Торайғыр: «Иә, солай», – деп жауап береді. Сонда Жапалақ шешен: «Олай болса, биыл біздің үйде бір байтал қысыр қалып тұр еді», – дейді. Сонда қарсыласының бұл қолқасына жауап қата алмай, сөзден тосылған Торайғыр шешен жеңілгенін мойындаған екен дейді. 

Міне, осындай мысалдар, баяғы уақыттары халық арасында түрлі жағымсыз аттардың болғандығынан хабар береді. Мұндай есімдер туралы халқымыздың салт-дәстүрін зерттеген зерттеушілердің жазбаларында да бар. Ал жалпы ат қоюда діни-танымдық, тәрбиелік құндылықтарды басты назарда ұстамақ ләзім.

Сәбит Ибадуллаев,

исламтанушы

Бөлісу: