28
Жексенбі,
Сәуір

һижри

Деген екен...

Мақалалар
Жарнама

Мехмет Акиф өркөкірек, тəкаппар адамды жаны сүймейтін ақын еді. Алайда, жақын достарының бірі Əли Шəуқи тəкаппарлау, өзін өзгелерден артық көретін жан екен.

Еуропаға саяхат жасап келгеннен кейін онысы арта түсіп, асқынып кетеді. Досының осы жағымсыз қылығын түзету үшін Мехмет Акиф оңтайлы бір мəжіліс күтіп жүреді. Сондай қолайлы бір мəжілістің сəті түскенде ақын: «Сіз ертеректе адамдарға Фатих мешітінің мұнарасынан (76.52 метр) қарайтын едіңіз. Соңғы кездері Эйфель мұнарасынан (167 метр) қарайтын болыпсыз»деген екен.

* * *

Біреу Иса пайғамбарға тіл тигізіп, аузына келгенін ай- тады. Иса пайғамбар лəм-мим демейді. Оның жанында тұрғандар: «Ол аузына келгенін айтып, сізді балағаттады. Сіз неге жауап қайырмадыңыз?»деседі. Иса пайғамбар: «Əркім өз иелігінде болған нəрсесін береді. Оның иелігіндегі болған нəрсе, менде жоқ еді» деген екен.

* * *

Адам атаулыдан оқшауланып ғұмыр кешуді артық көрген сахаба Əбу Зəрға біреу келіп: «Жалғыздық қиын емес пе?» деп сұрайды. Сахаба Əбу Зəр: «Дұрыс айтасың. Өте қиын. Бірақ адамдармен бірге ғұмыр кешуден қиын емес» деген екен.

* * *

Халифа Абдулмəлік ибн Маруан бір кісіден: «Қанша дүниең бар?» деп сұрайды. Ол: «Қадірімді түсіретін, дос-жараныма қарайласа алмайтын дүнием бар» деп жауап береді. Халифа: «Əдемі сұрай біледі екенсің. Мынаған сұрағанын беріңдер» деген екен.

 

Ибн Синаға біреу келіп: «Мына дүниеде дауасы жоқ дерт бар ма?» деп сұрайды. Ибн Сина: «Иə, ондай дауасыз дерт бар. Ол жақсының жаманға мұқтаж болуы» деген екен.

* * *

Көзі көрмей қалған бір кісі халық ақыны Сайраниға: «Менде дүниеге қарайтын көз қалды дейсің бе?» деп мұңын шаққан екен. Ақын Сайрани: «Досым! Еш қайғырма. Дүниеде сен қарайтындай ешнəрсе қалмады» деген екен.

* * *

Сахабалардың бірі Əбу Бəкірге келіп: «Күнəлары көп күнаһармын. Маған дұға етші» деп қолқа салады. Əбу Бəкір: «Уа,Раббым! Бір күнəһар, өзге күнəһардан дұға етші деп қолқа салып тұр. Сен екеуін де рақымыңа бөлеші!» деп дұға еткен екен.

* * *

Бір француз жазушысы, ақын Мехмет Акифтен: «Сіздер əйелдеріңізді үйден шығармайды екенсіздер. Сол рас па?» деп сұрайды. Мехмет Акиф: «Иə, бұрын солай болатын. Алайда, біраз уақыттан бері үйден сыртқа шығуды үйреттік, содан бері үйге қайта кіргізе алмай жүрміз» деп жауап берген екен.

* * *

Фатих сұлтан Мехмет нөкерлерімен Стамбул көшелерін аралап жүреді. Жолда бір тіленші кезігіп қалып, садақа сұрайды. Фатих тіленшіге бір алтын береді. Тіленші азырқанып: «Сұлтаным! Ұлы падишаһ бола тұра, бауырыңызға бергеніңіз осы ма?» дейді. Фатих сұлтан: «Сен екеуміз қайдан бауыр бола қалдық»? деп сұрайды. Тіленші: «Екеуміз де Адам пайғамбардың ұрпағы емеспіз бе? Осы тұрғыдан екеуміз бір-бірімізге бауырмыз» деп жауап береді. Фатих сұлтан: «Бұл жаңалығыңды ешкімге айтпа! Өзге ба- уырларымыз бұл жаңалығыңды біліп қойып ақысын талап етсе, саған көк тиын бұйырмайды» деген екен.

* * *

Сахаба Əлидің сыртынан жамандап жүретін біреу болған екен. Сол адам бір мəжілісте сахаба Əлиді көз ал- дында мақтай жөнеледі. Сахаба Əли: «Айтып тұрғаныңнан төменмін, бірақ ішіңдегіден үлкенмін» деген екен. Мұсылмандар арасында көп құлшылық жасауымен танылған табиғин Мұхаммед ибн Уасиғтің аяғына жара шығады. Жараны біреу көріп қалып: «Саған жаным ашып тұр» деп есіркейді. Мұхаммед ибн Уасиғ: «Сен мені есіркемей-ақ қой! Мен бұл жараның көзіме шықпағандығына шүкіршілік етемін» деген екен. 

Бауыржан ƏЛИҰЛЫ

Бөлісу: