20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Еркек уролог, әйел гинеколог болуы керек

Мақалалар
Жарнама

Бүгінде кейбір күнә істердің адам өмірімен тығыз байланысып кеткені соншалық, оның күнә екендігін де аңғарудан қалғандаймыз. Солардың бірі – ер адамдардың гинеколог немесе әйел адамдардың уролог мамандығын таңдауы. Мұның күнә екеніне ешкімнің дауы жоқ. Десек те, соған бола шу шығарып, қарсылық білдіріп жатқанымыз шамалы. Әбден етіміз үйреніп кеткен. Тіпті, бұл тақырыпқа әңгіме қозғаудың өзін артық көреміз.

Жалпы, мамандық таңдау – адам өміріндегі ең басты қадамдардың бірі. Біреулер бала кезінен армандап, өзіне ұнаған мамандықты таңдап жатады. Ал енді біреулерге отбасы, қоршаған ортасы әсер етеді. Әйтсе де, еркектердің көпшілігі гинеколог болам деп армандамақ тұрмақ, әйел босандырып жүргенін түсінде де көрмейді екен. Тіпті, осы салада тер төгіп жүрген ер азаматтардың өздері де ешқашан гинеколог болам деп ойламапты. Оған еркек гинекологтардың бір тобымен сөйлескенімізде көз жеткіздік. Солардың бірі – Елордамыздағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығындағы гинекология бөлімінің меңгерушісі Пірімбетов Берік Ұзақбайұлы. «Негізгі арманым – хирург болу еді. Сол мақсатпен медициналық жоғары оқу орнына да түстім. Алайда, әртүрлі дәрістер мен тәжірибелер барысында гинекология және акушерлік іс циклі бойынша қызығушылығым оянып, осы саланы таңдадым», – деген ол өз мамандығына тек кәсіби тұрғыдан ғана қарайтынын айтады.

Әрине, бүгінгідей жаһандану жағдайында бұл соншалықты ерсі көрінбейтін де шығар. Ал шариғат аясында қарар болсақ, бұл жағдайға оң қабақ таныту қиын. Өйткені, Исламда зина сынды ауыр күнә бар. Ол тек еркек пен әйелдің некесіз қатынасқа баруымен ғана шектелмейді. Шариғатымызда бөгде еркек немесе әйелдің ұятты жерлеріне көз салып, қолмен ұстаудың өзі зина болып есептеледі. Яғни, ол көз, қол зинасы. Ендеше, бұл күнәнің барлық түрінен сақтанғанымыз жөн. Бұл жөнінде қасиетті Құран Кәрімде Жаратушы Иеміз: «Зинаға жоламаңдар. Өйткені, ол анық арсыздық және жаман жол» («Исра» сүресі, 32-аят), – дейді. Демек, адам баласы зинаны жасамақ түгілі, оған апаратын себептерге де жоламағаны өзі үшін әлдеқайда тиімді.

Жалпы, ХХ ғасырдың ортасына дейін гинекология саласына тек әйел адамдар ғана қабылданып келген. Өйткені, оған дейін еркек әйелдің жан-дүниесін толық түсінбейді деген түсінік болған. Ал бүгінде бәрі керісінше. Тіпті, аталған салада кей жағдайда ер азаматтар әйелдерден де асып түсіпті. Содан болар, кейбір қыз-келіншектер еркек дәрігерге қаралуды қол көреді екен. Осы мәселеге қатысты емханаға барып, қыз-келіншектердің пікірін білген едік. Өзін Сәуле деп таныстырған қазақ қызы: «Егер әйел дәрігерден ер дәрігердің біліктілігі мен тәжірибесі жоғары болса, оған қаралу үшін ғана барудың еш сөкеттігі жоқ деп ойлаймын. Одан кейін ерлердің әйелдерге қарағанда жауапкершілігі жоғары болатынын ескергеніміз жөн», – деп өз ойын айтты. Әрине, әркімнің еркі өзінде. Десек те, бұл сөз қызға қырық үйден тыйым салған халықтың қаракөзіне тән емес екені айдан анық. Дегенмен, біз сөйлескен әйелдердің арасында ер дәрігерге қаралмақ тұрмақ, олардың осы мамандықты таңдауына қарсы пікір білдіргендер де болды. Алайда, Берік Ұзақбайұлының айтуынша, бүгінде әйелдердің арасында ер дәрігерден бас тарту өте сирек кездеседі екен. «Кейбір әйелдер өздерін тек әйел мамандардың қарағанын қалайды. Ондайларға біз еш қарсылық көрсетпейміз. Сондай-ақ, кейбірінің күйеулері де еркек гинекологқа қарсылық білдіріп, бас тартып жатады. Бірақ, мұндай жайдың өте сирек кездесетінін айта кеткен жөн», – деген ол көпшіліктің бұл мәселеге әдеттегі жағдай деп қарайтынын жеткізді. Бұл ғылыми орталықта алты бірдей гинеколог, акушердің қызмет істеп жүргенін біліп, бұл сөздің жаны бар екенін ұқтық.

Сонымен қатар, қазіргі таңда кейбір аурулардың ем-домы денені сылау арқылы (массаж) жасалатыны белгілі. Мұндай жағдайда да көпшілік жерлерде ер, әйел болып бөлініп жатпайды. Тіпті, қолының қуаты жақсы дегенді естіп еркек мамандарды арнайы іздеп баратын әйелдер де кездеседі. Оның ер немесе әйел екендігіне көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. Есесіне, бүгінде арнайы массаж салондары да көптеп кездеседі. Ол жақта да бұл мәселеге көп назар аудармайтыны белгілі. Міне, бұл да асыл дініміздің қағидаттарына қайшы әрекет. Әрине, егер басқа дәрігер болмаған жағдайда, әңгіме басқа. Әйтсе де, біздің қазіргі жағдайымызда ондай зәрулік жоқ. Өз ісін жетік меңгерген еркек және әйел мамандар жеткілікті. Осы ретте айта кетер жай, егер нәзікжандылар өздерін еркек дәрігердің қарауына қарсылық танытып, тек әйел мамандарды талап етсе, жағдай басқаша болар ма еді. Мүмкін сонда ғана ер азаматтар өздерінің өзге ортада жүргенін түсініп, нағыз ерге қолайлы мамандық таңдары сөзсіз.

Осы мақаланы дайындау барысында анықтағанымыздай, қыз-келіншектердің көпшілігі ер дәрігерге көрінуге алғашқыда ұялады екен. Егер арнайы мамандардың кеңесіне жүгінер болсақ, жүктілік кезінде әйел адам өз дәрігерінен қысылатындай ыңғайсыздыққа тап болса, толғақ келгенде ауырсынатын көрінеді. Өйткені, жүкті әйел қалыпты кездегіден гөрі сезімтал келеді. Сондықтан, болашақ аналарға қолайсыз жағдай тудырмау үшін гинекологияда әйелдердің артуына мейлінше көңіл бөлген абзал.

Анығында, адам баласына нәпсі, қалау сынды қасиеттер тән. Ендеше, бұл мәселеге дәрігер мен науқас ретінде қарасақ та, олардың пенде екенін ұмытпаған жөн. Пенде кемшіліксіз болмайды. Сондай-ақ, шайтанның адамды ақыретке дейін азғырып, тура жолдан тайдыруға мүмкіндік алғаны және бар. Демек, жоғарыдағы аятта айтылғандай, зина сынды арсыздықтан мейлінше сақтануымыз керек. Тіпті, соған бастайтын кішкентай себеп болса да, айналып өтудің амалын қарастырып, өзге жолдарды таңдасақ, Алла алдына абыроймен барарымыз хақ. Бір құдси хадисте: «Харамға қарау – Ібілістің улы оғы, кім одан менен қорқып бас тартатын болса, мен оған терең иман беремін, оның дәмін жүрегінде сезеді», – делінген [1]. Демек, ер не әйелдің бөгде біреуге құмарта қарауы көз зинасы болып саналады.

Ислам діні бөгде әйел мен еркектің жеке қалуына да тыйым салған. Ибн Омар (р.а.) жеткізген бір хадисте: «Бөтен әйелмен жеке қалушы болмаңдар. Өйткені, оңаша қалған еркек пен әйелдің үшіншісі шайтан болмақ», – делінген [2].

Біз талқылап отырған тақырыптың қаншалықты өзекті екенін аңғару үшін жоғарыда айтылған аят-хадистерге зер салсақ жеткілікті. Әйтсе де, батыстың шылауына шырмалып, бұл мәселеге қалыпты жағдай ретінде қарайтын қандастарымыз да аз емес екен. Жүргізген сауалнамамыздың нәтижесінде, көптеген еркектің бұған ешқашан көңіл бөлмегені анықталды. Ол аздай, өзімізге таңырқай қарап, «Онда тұрған не бар?» деп сұрағымызға сұрақпен жауап бергендер де кездесті. Иә, біреулер үшін онда тұрған ештеңе жоқ болуы мүмкін. Алайда, асыл дінімізде қызғаныш сезіміне қаншалықты мән берілгендігін ескерсек, мәселенің мәнін ұғыну қиын емес. Өйткені, пайғамбарымыздың (с.а.у.) Салим ибн Абдулладан жеткен бір хадисінде әйелін қызғанбаған даййус еркекке қиямет күні Алла тағала назар салмайтындығы айтылған. Өкінішке қарай, сауалнамаға қатысқан нәзік жандыларымыздың да басым бөлігі алғашқы кезде ұялатындарын айтқанымен, бұл мәселеде еш ағаттық жоқ деп ойлайтындарын жеткізді. Тіпті, кейбірі осы тақырыпты көтерудің өзін артық көріп, қарсы пікірін білдіріп жатты.

Осы ретте уролог мамандығын таңдаған әйелдерге де айтылар уәж аз емес. Негізі, арнайы мамандардың айтуынша, кәсібі табиғи болмыстарына қайшы мұндай дәрігерлердің көп жағдайда көзінің нұры сөніп, жүрегіндегі сезімталдық жойыла бастайды екен. Тіпті, ұялу қасиеті де қалыпты деңгейден төмендеп кететін көрінеді. Демек, «Ұят – иманның жартысы» деп, ары үшін жанын құрбан ететін мұсылман халыққа бұл жат.

Жалпы, бұл мәселеге қай жағынан қарасақ та күнә істердің қатарынан арашалап ала алмаймыз. Өкінішке орай, арамызда бұл мәселені тек бір жақты қарап, оң баға беруге тырысатындар жетіп артылады. Бірде Алла елшісі (с.а.у.): «Ақырет жақындағанда зинақорлық артады», – деген екен. Ал гинеколог еркек пен уролог әйелдің әрекеттері осыған саятыны айқын көрініп тұр. Өйткені, бұл жерде көз, қол зинасы орын алатыны белгілі. Анығында, барлық нәрсе ниетке байланысты. Десек те, шайтанның азғыруынан сақтанып амал еткеннің ұпайы түгел боларын есте сақтағанымыз жөн. Сондай-ақ бізде әйелдің ер дәрігерге немесе ердің әйел дәрігерге барып емделуіне де ешқандай мұқтаждық жоқ екенін ескергеніміз абзал. Әрбір адам бұл мәселеге жауапкершілікпен қарап, орынды талаптар қоя білсе, келеңсіздік өздігінен жойылған болар еді. Ендеше, Алла алдында есеп берер күнді естен шығармай, амал етейік, ағайын!

1. Мүслим, Хаж, 407 б.

2. Сахих хадистер. Абдуссамад Махат, Жалғас Сандыбаев, Алматы, 2006, 104 б.

Ummet.kz

Бөлісу: