19
Жұма,
Сәуір

һижри

Уақып жайлы не білеміз?

Мақалалар
Жарнама

Осы уақып тақырыбын қозғап жаза бастағаннан бері мұсылман қауым жоғалтқанын қайта тапқандай қуанып жатқаны байқалады.

ҚМДБ – ның белгілеген «Дін және дәстүр» жылы аясында осы тақырып бойынша ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлымен де жолығып, кеңесіп уақыпты ҚМДБ жанынан дамыту жоспарын да тапсырдым.

Уақып тақырыбы қаншалықты маңызды болғандай, бұл жұмысты, бұл қызметті жүргізу де соншалықты сауапты да,жауапты жұмыс.

Сол себепті әңгімемізді осы жөнінде өрбітпек ниеттеміз. Алдыңғы мақалаларымызда қарастырған уақып тақырыбынан ұққанымыз - уақып дегеніміз үзілмейтін садақа екен. Ол жөнінде Алла Тағала: «Күдіксіз Алла мүміндердің жандарын, малдарын жәннатпен айырбастап алды...», - деп баяндаған. ("Тәубе" сүресі, 111-аят) Ал, пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі оған болсын): «Адам баласы дүние салғаннан соң оның амалы тоқтайды. Тек мына үш амалдың сауабы иесіне үздіксіз жетіп тұрады. Олар: үзілмейтін садақа,пайдалы ғылым, артынан дұға жасайтын ізгі ұрпақ», - деп айтқан хадистен түсінеміз. (Муслим)

Яғни, Ислам діні бұл өмірді мәңгілік өмірге дайындық мекені, ал болашақ өмірді – осы өмірдің жалғасы етіп, адамның тәні мен жаны, материалдық және рухани дүниесі арасына таңғажайып та, кемел тепе-теңдік орнатып, қоғамның тұрақты да, бақытты дамуына сенімді темірқазық бола алды.

Ал, енді уақып қызметі жөнінде сөз қозғасақ – бұл қызмет адамның сенімі мен ар-ожданына тікелей байланысты. Өйткені, мүмін өзінің мүлкін уақып етуі - мәңгілік өмірде бақытты болу үшін осы құрбандығы арқылы Алла ризалығына жақындаудан туылған мақсат.

«Сол себепті уақып мүлкіне жауапкершілік Алланың басқа міндеттеріне қарағанда терең сенім мен аманатшылдықты  қажет етеді.Өйткені бұл міндетке немқұрайлы қарағандар  адамзат тарихында қатты жазаға ұшыраған. Мысалы, Алла өзінің пайғамбары Салихқа (Алланың сәлемі оған болсын) түсірген айқын дәлелі және оның халқына пайдалы болсын деп берген түйесі де өзінше бір уақып еді.

Оның қожайыны – Жаратушы Иенің өзі болса, ал сүті халықтікі болатын. Алайда надан халық осы игіліктің қадірін  білмей,түйені өлтіреді. Сол үшін де Алланың қаһарына ұшырайды.» («Уақып, қайырымдылық, қызмет» О.Н.Топбаш, Мәскеу, 2007жыл)

Сонымен қатар, үлкен бұл қызметте ыждаһаттылық пен  табандылық та керек. Ілгеріде Түркияда уақып қызметкерлерінің бірі зекет жинау мақсатында малы зекетке толған бір бай фабрика иесіне барып,келген мақсатын айтса әлгі кісі мұны әртүрлі сылтау айтып қайтара беріпті. Уақып қызметкері тағы бір рет келгенде, фабрика қожайыны ашуланып тұрып: «Берерім жоқ деп айттым ғой, не деген қайтпайтын адамсың!», - деп әлгі адамның бетіне түкіріп жіберіпті. Сонда әлгі адам ашуланғанның орнына бетіндегі түкірікті сүртіп: «Мынау – менің ақым, енді кедейдің ақысын бер», - дейді.

Сонда фабрика иесі уақып қызметкерінің сабырлығы мен табандылығына тәнті болып,кешірім сұрап: «Мына адамға енді есігіміз әрдайым ашық болады», - деген екен.

Әлбетте, зекет жиюшы уақып қызметкері де өз кезегінде міндетін орындаймын - деп, Алла көрсеткен шекарадан да шықпау керек. Атақты хадисшілер Абдолла ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте: «Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі оған болсын) Мұғаз ибн Жәбәлді (Алла оған разы болсын) Иеменге жіберіп жатқанда: «Анық сен кітап иелері қауымының құзырына барасың. Олардың алдына барсаң, оларды «Лә иләһә иллаллаһу уә әннә Мұхаммадур расулуллаһ», - деп куәлік берулеріне шақыр. Егер оған олар бойұсынса, Алла оларға әр күні бес уақыт намазды парыз еткендігінің хабарын бер. Егер олар бұған да бойұсынса, Алла оларға олардың байларынан алынып, пақырларына қайтарылатын садақаны парыз еткенін хабарла. Егер олар бұған бойұсынса, олардың мал-дүниелерінің жақсысын алудан сақтан.Мазлұмның (зұлымдыққа ұшыраған адам) дұғасынан қорық. Өйткені, оны мен Алланың ортасында перде жоқ», - деді». (Бесеуі риуаят еткен)

Бұл хадистен түсінетініміз,әр адамның малының ішінде ең жақсыларына ерекше сүйіспеншілігі болады. Басқасын алу мүмкіндігі бола тұра, зекет жинаушы таңдап,дәл мал иесі жақсы көретінін алып кетсе, мал иесінің көңілінде реніш қалуы мүмкін. Сондықтан жақсыларын иесіне қалдыруға әрекет ету қажет.

Қазірде Ислам әлемінде зекет беру мәселесінің өзі дұрыс орындалмай жатқандығын, қаншама кедейшілік пен қиыншылыққа ұшырап жатқан елдерден, әсіресе Африка мұсылман елдерінен  көре аламыз.

«Зекет мәселесі тек Алла тағаланың жалғыз Өзіне тән іс. Кім Алла тағылымымен іс жасаса, ниетіне жетеді. Алла Өзінің соңғы діні Исламда экономикалық мәселелерді шешу зекет негізінде болатындығын көрсетіп қойған. Бүгінгі тілмен айтқанымызда, экономикаға зекет негіз болып алынса, сосын оған басқа ислами-экономикалық әдістер қосылса, экономикалық мәселе шешілген болар еді». (Хадис уә хаят. Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф. Алматы, 2012)

Ислам тарихынан зекеттің қаншалықты дәрежеде қоғам үшін қажеттілігін бесінші халифа саналатын Омар ибн Абдулазиз (Алла оған разы болсын) халифалығы кезінен білеміз. Бары-жоғы екі жыл  басшылық кезеңінде зекет толық жиналып, дұрыс берілгендігі арқасында орасан зор халифат бойынша зекет беруге лайықты адам табу қиын болған. Яғни,қазіргі әлеуметтанушылар айтып жүрген «кедейшілікпен күрес» мәселесі шешімін тапқан.

Жалпы Ислам діні экономика жағынан екі шектен шығу,яғни капитализм-жеке адамның өзі  ғана баю, социализм - қоғамның барлық мүшесі тең болу жолын ұстанбайды. Бәлки, еңбек етіп,адалдан байып, Алла көрсеткен бай мен кедейдің ортасындағы көпір - зекетті беріп, өмір сүру жолын ұстанады.

Алла Тағала: «Алла өсімді жойып, садақаларды өсіреді (берекелі етеді)...», - деп бұйыруының өзінде үлкен хикмет бар. ("Бақара" сүресі, 276 аят)

Енді фиқһта толығымен зерттелген зекет тақырыбына тоқтала бермей,өзіміз қарастырып жатқан уақып тақырыбын сөз етсек,біріншіден уақып-пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі оған болсын) cүннеті. Әсіресе жетпіс жыл діннен қол үзген біздің қоғам үшін - ұмытылған сүннеті. Ал, пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі оған болсын): «Кімде-кім үмметімнің бұзылған заманында менің сүннетімді ұстанса,онда оған жүз шәйіттің сауабы бар» (Байхақи,әл-Мунзири), - деп хадисінде айтқандай, әрине бұл тірілтуге зәру болған сүннет екені белгілі нәрсе.

Екіншіден жоғарыда сөз еткен зекет болсын, садақа болсын,қоғам үшін қажетті қайырымдылықтың барлығы - уақып жұмысына жатады. Сол қызметті атқаратын уақып қызметкерлерінің бойынан табылу қажет болған сипаттарға тоқталайық.

1. Ниет тазалығы.

Құраннан кейінгі орында саналатын имам Бұхаридің хадис кітабы ниетке байланысты хадиспен басталады.Тіпті фиқһтағы шариғат кітаптарының жетпіс пайызы ниетке байланысты тақырыптарды талдап келуі бекер емес. Кәдімгі екі грамм алтынды алу үшін екі тонна құм-топырақ еленуі қажет болғандай, Алла біздің де қандай бір жақсы істі атқаруымыздан бұрын  ниеттеріміз бен жүректерімізге қарайды. Сол себепті бұрынғы жақсылар: «Қызмет еткен жақсы, алайда сол қызметті көрегенділікпен атқару - одан да маңызды», - деп айтып, қандай да бір істі таза ниет, пәк жүрекпен һәм тәрбиелілікпен атқару қажеттілігін меңзеген болатын. Дана Абай бабамыз да:

Алла ішіңді айтқызбай біледі, ойла,

Пендесіне қастықпен кінә қойма.

Распенен таласпа мүмін болсаң,

Ойла, айттым, адамдық атын жойма! - деп айтып өткен. (Абай, 2том, Алматы «Жазушы» баспасы 2005)

Сондықтан бұл қызмет -мал табу қызметі емес,керісінше Алланың ризалығын мақсат етіп,шын пейілмен,адалдықпен атқаратын сауапты да,жауапты қызмет.

2. Білімді болу.

 Алла тағаланың ең алғашқы түсірген аяттарында: «Оқы, жаратқан Раббыңның атымен», - деп бұйырған. ("Алақ" сүресі, 1-аят) Яғни, адам баласы білімге маңыз беруі қажет және білім алғанда мәнсап,атақ мақсат тұтылмай жаратушы Раббымыздың ризалығын мақсат тұту керек. Ал, Алланың мүлкі болып саналған уақып қызметшісі осы қағиданы ең жоғары деңгейде ұстану қажет. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі оған болсын) Йеменге сахабаларының ішіндегі ең білімдісі Мұғаз ибн Жәбәлді (Алла оған разы болсын) жіберуінде де үлкен ғибрат бар.

Сондықтан, уақып қызметкері қызмет бабы бойыншы қандай жерге барса да өз ісінің хас маманы болып, мәселен фиқһ бойынша зекет, ғұшыр, фітірдің көлемін нақты және дәлелді түрде түсіндіре біліп, шариғаттың қандай да бір сұрақтарына жауап беру, уағызшылық сипаты болу, күнделікті білімін жетілдіру, өз ісіне орасан зор жауапкершілікпен қарау сияқты талаптарды меңгеруі лазым.

Сонымен бірге, адам біреуге бір нәрсе айтпас бұрын, өзі сол айтқандарына амал жасап жүрген болса,сөзі өтімді болады.Мәселен уақып қызметкерінің Алламен екі ортада сыры болуы керек. Алламен жасалған сырларына:түнгі намаз, нәпіл ораза, көрсетпей берген садақалары, тағысын тағы жақсы амалдары жатады.

3. Бойында қайырымдылық, аяушылық және кешіре білу сипаттары болу.

Адамзаттың асыл тәжі ардақты пайғамбарымыздың өзі барлық жаратылыс атаулыға  жанашырлық пен кешірімділік сипаты үмметіне үлгі болды.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың игілігі мен сәлемі оған болсын):

«Жердегілерге рақымдылық жасаңдар.Сонда көктегілер де сендерге рақымдылық жасайды»,- деген болатын. (Бұхари)

Сондықтан да осы қызметте жүрген жанның бойынан бұл сипаттар табылмаса,атқарған ісі  құмға сіңген судай болып кетері мәлім.

Бұрынғы өткен заманда Ыстанбұл мешіттерінің бірінде жұма намазын өткізген имам,сол заманның тақуа ғалымынан: «Тақсыр менің уағызым қалай болды?» дегенде, әлгі шейх: «Жақсы ,бірақ қураған ағашқа жасанды жапырақ байлағандай болды»,-деп жауап беріпті.

Яғни,оның өзі айтқан сөздеріне сәйкес болып,жалаң сөз емес,жақсы ісімен жапырағын жайған ағаштай болуы керек  деп айтқаны белгілі.Ендеше бұл қызметте шынайы сезім мен саф ниет болуы қажет.

Бабалар аманатын жалғастырар ұрпақтар шыға беруіне Жаратқан Ием жар болсын деп мына бір өлең жолдарымен сөзімді аяқтайын:

Уақып деген үзілмейтін садақа,

Қиналғанды қуантатын нәпақа.

Біздер озып кетсек дағы дүниеден,

Артымыздан барып тұрар араша.

Уақып деген пайғамбардың сүннеті,

Жалғастырған бойұсынған үмметі,

Алла үшін осы істі тірілтсек,

Көркейер еді жақсы іспен жер беті.

Қуат ҚАБДОЛДА, 

Исламтанушы, магистр

Бөлісу: