28
Бейсенбі,
Наурыз

һижри

Елбасы Жолдауы: Мәңгілік елдің мұраты – асыл

Мақалалар
Жарнама

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауы біз үшін әрқашан маңызды. Жолдау – халықтың үмітін үкілеп, сенімін ақтап, болашаққа жоспарлы қадам жасауға күш беретін елдік жоспар деп білемін.

 «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Елбасы жолдауында еліміздің 25 жылда еңсерген жетістіктері, толағай табыстары жан-жақты баяндалды. Тәуелсіздігіміздің торқалы тойымен тұспа-тұс кезеңде әлемдік қауымдастық тарапынан Қазақстанның сындарлы уақытта сүрінбей, биік белестерден көрінгені жоғары бағаланды.

Жаһандық бәсекелестік пен қиын-қыстау кезеңдерде кезіккен кедергілерден өтуімізге Елбасы бастамасымен құрылған «Қазақстан-2050» стратегиясы себеп болды деп нық сеніммен айта аламыз. Өзектілігі уақыт өткен сайын асқан бұл құжат біздің басты бағдаршамымызға айналды десек артық емес. Биылғы жыл да өзінің мәртебелі әрі үлкен абырой жүктейтін жауапкершілігімен енді. Еліміз 2017 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесіне мүшесі болды. ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында алғаш рет бас қаламыз Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Бұл сүйікті Отанымыздың беделін асыра түсетін тарихи шаралардың бастылары ғана. Әлемнің тұтастығы мен тыныштығына, қауіпсіздігі мен тұрақтылығына, экономикалық дамуына бағытталған ауқымды басқосулар елорда төрінде бүгінде ұдайы өткізіліп келеді. Елбасының биылғы Жолдауы Ұлт жоспарының жемісті жүзеге асырылуына тікелей бағдар болған бас құжат. «Нұрлы жол» экономикалық саясаты мен «100 нақты қадам» ұлт жоспары осы сөзімізді айқын айғағы. Еліміз осының нәтижесінде сын-қилы сәттерден лайықты өтіп, жаһандық трансформацияның алғашқы кезеңін еңсерді.

Елбасы Жолдауында мемлекетіміздің қауіпсіздік ахуалы қуатты және белсенді әрекет ете алатын елге айналғаны ерекше аталды. Расында, қазіргі уақытта жалпы адамзат терроризмнің қауіп-қатерімен бетпе-бет келді. Мемлекет басшысы бұл ретте деструктивті күштерді қаржыландыратын, шетелдік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес негізгі мәселе деп көрсетті. Жолдауда айтылғандай, экстремизм мен терроризмге қарсы күрес, оның алдын алу жұмыстары интернет пен әлеуметтік желілерде қарқынды жүргізілуі керек. Біздің қоғамымыздағы діни сипаттағы радикалды көзқарастарға, іс-әрекеттерге әрбір азамат «мүлде төзбеушілік» танытуы тиіс.

Жастар бүгінгі қоғамның ертеңгі көрінісін қалыптастыратынын ескерер болсақ, Елбасы өскелең ұрпақты рухани бай, адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеу маңызды іс екенін баса айтады. Бұл бүтін қоғам болып бірігіп, жұрт болып жұмыла атқаратын міндет екенін баршамыз сезінгеніміз абзал.

Санасы сергек, пайымы терең, білімді жастарды тәрбиелеу, экстремизм құбылыстарының кез келген түрі мен белгілерінің алдын алу жұмыстары жайында Жолдауда: «Бұл іске мемлекеттік емес секторды және діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажет. Осы шараның бәрі менің тапсырмам бойынша әзірленіп жатқан, 2017-2020 жылдарға арналған Діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдарламада ескерілуге тиіс» деп баяндалды.

Діни экстремизм бойынша бас бостандығынан айыру мекемелеріндегі жұмыс Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басты бағытының біріне айналған. Жаңылыс басқан жандарды бейбіт қоғамға бейімдеу, ой-санасын түзеу имам-молдалар мен дін мамандарының жауапкершілігі үлкен миссиясы. Отанға адал қызмет ету біз үшін маңызды міндет болып қала бермек.

Жолдауда Қазақстанның жас та көп ұлтты, болашағына жарқын сеніммен қарайтын, даму үстіндегі ел екені ерекше ескерілді. Біз осы тарихи мүмкіндік мен игіліктерді пайдалана отырып, баршамыз Елбасымызбен бірге мәңгілік ел қалыптастыруға күш салуымыз қажет. Шаңырағы биік, керегесі кең, іргелі мемлекет құру жолында жиған мол тәжірибемізді ұштап, қоғамдағы әр саланың маманы өз ісінің нағыз білікті кадры екенін айқындап, ел дамуына аянбай атсалысуы абыройлы іс әрі азаматтық борыш. Асыл дінімізде айрықша аталған бірлік пен ынтымақ бүгінгі қазақ елінің басты ұстанымы болса керек. Алла Тағала бірлігі жарасқан, ынтымағы артқан халқымызға бақ-береке, мол нығмет нәсіп еткей!  

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының наиб мүфтиі

Бөлісу: