22
Жұма,
Қараша

һижри

Мейірімділік пен татулық - дініміздің негізі

Мейірімділік пен татулық - дініміздің негізі

Мақалалар
Жарнама

Ислам – бейбітшілік пен сүйіспеншілік діні. Ислам дінінің мақсаты - адамдарға деген сүйіспеншілік, адам құқығына деген құрметті жүрегіне орнықтыру арқылы қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштықты сақтау.

Бүкіл әлем, барлық адамзат бейбітшілікті қалайды. Ал, бейбітшіліктің  ең үлкен кепілі Ислам екенін көзі қарақты көпшілік мойындап отыр. Ислам діні бүкіл адам баласын бір-біріне деген махаббаты болуын, өзара түсіністік, әр қилы қиыншылықтарды біркелкі шешуін  бұйырады. Бұл туралы Құранда былай айтқан:

«Алла тартқан желіден (діннен) бекем ұстап, айырылмандар. Алланың өздеріңе жасаған рақымын еске алыңдар. Сендер өзара жау едіңдер, ол сендердің жүректеріңді жақындатты. Соның  рақымымен табысып, туыстасыңдар» (Ғимран сүресі, 103)

Адам атымен аталмайтын жалғыз дін – Ислам. Ислам сөзінің мағынасы – берілу, тәсілім болу, өзін Аллаға тапсыру, тыныштыққа жету деген ұғымды білдіреді.

«Мен - мұсылманмын» деген адам амандасқанда бір-біріне «ассаламуғалейкум» - дейді, яғни «сізге Алланың нұры жаусын, сізге тыныштық тілеймін».

Сөйтіп, осы сөздердің өзі-ақ Ислам дінінің мән-мағынасы мен мазмұнын айқындап тұр. Мұнда мұсылмандардың бір-біріне мейірімділігі, ықыласы жатыр.

Ислам - мейірімділік діні және кез келген зұлымдыққа тыйым салған дін. Мұсылман адам өзіне де, өзгеге де, мейлі ол мұсылман болсын, мейлі басқа дін өкілі болсын зұлымдық жасамайды!

Қандай діннің болмасын мақсаты – адамды жетілдіру, жамандықтан жақсылыққа жетелеу, қатыгездіктен мейірбандылыққа, кедейліктен еңбекпен баюға, әділетсіздіктен әділеттілікке жетелеу.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай айтқан: «Жақсылықтың сыйлығы - жақсылық қана» (Рахман сүресі, 60 аят)

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бұл аятқа қатысты: «Бұл сөз жақсы және жаман адамға да қатысты» деп түсінік берген.

Алла Тағала Құран Кәрімде айтады: «Дінде күштеу жоқ. Расында, туралық, азғындықтан ажыратылды. Енді кім жауыздыққа қарсы келіп, Аллаға иман келтірсе, сонда ол рас үзілмейтін (берік) тұтқаны ұстады. Алла - әр нәрсені естуші, білуші» (Бақара сүресі, 256 аят)

Тағы бір аятта: «Мұхаммед (с.ғ.с.) егер мүшріктерден біреу сенен пана тілесе, онда оған Алланың сөзін тыңдағанда дейін пана бер. Сонан соң оны бейбіт орнына жеткіз. Бұл олардың білмейтін ел екендігінен». (Тәубе сүресі, 6 аят).

Ислам тарихына қарасаңыз мұсылмандар мен басқа діндегілер арасындағы ынтымақ пен татуластыққа, бір-біріне деген мейірімділікке көптеген мысалдар келтіруге болады. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Наджраннан христиандар келгенде олардың мінәжат етуі үшін мешітті берген. Сол сияқты, Араб халифаты Ислам дінін Атлант мұхитынан Индия мұхитына дейін таратқанда ертедегі Дамаск қаласында «Юпитер» шіркеуінде мұсылмандар мен христиандар бір есіктен кіріп, бір үйдің шатырының астында тұрып мінәжат еткен екен.

Ислам діні адамдардың ұлты мен нәсіліне, атағы пен даңқына қарап дәрежесін белгілемейді. Алланың алдында ең ардақты адам – тақуа адам.

Ислам діні өзінің пайда болған кезінде-ақ ұлтшылдықтан бас тартқан. Ислам діні, әрқашан, ұлттық шовинизмге қарсы болған және ешқашан қоғамдық құрылысқа қарсы шықпаған. Ислам діні жеке бір ұлттың, не бір тайпаның, рудың діні емес, ол – бүкіл адам баласының, барлық халықтардың діні.

«Ей адамзат! Сендерді біз әуелде бір еркек, бір әйелден ( Адам ата мен Хауа анадан) яғни бір ата, бір анадан жаратып, өрбіттік. Өзара қарым – қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік. Ал, ерекше – діндар болғандарыңды Алла құрметті адам санайды (яғни, сендердің бір-біріңнен артықтығың несібелеріңмен емес, діндар – тақуалықтарыңмен есептеледі). Анығында, Алла барлық нәрсені біледі, бәрінен хабардар». (Хужурат суресі, 13 аят)

Алла Тағала бұл аятпен баршамыздың бір Атадан, бір Анадан екенімізді, барша халықтар бір-бірімен жақсы қатынаста болып, бір-біріне көмектесулерін, түсіністікпен өмір сүруін бұйырады. Сөзімізді дәлелдей түсу үшін хадистерден мысал келтіре кетейік: «Мұсылман қолымен да, тілімен де ешкімге зиян келтірмейді», «адамдарға мейірімділік көрсетпегендерге Алла да мейірім көрсетпейді». (Әл Бухари Муслим)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да өзінің сан-салалы қызметін Мемлекет басшысының ішкі – сыртқы салиқалы саясатына қолдау білдіре отырып, көп ұлтты, көп конфессиялы еліміздің ынтымағы мен білігін күшейте түсуге бағыттап келеді. Өйткені, дін - адамдарды қашан да бейбітшілік, әділдік, имандылық туының астында біріктіруші күш.  Алла Тағала адам баласына бейбітшілік пен әділдікті сый етті. Олай болса, Жаратушы Иеміздің теңдессіз сыйын, бағасын қадірлеп, қастерлеуге міндеттіміз!

ҚМДБ – ның филиалы

«Шейх Кунта қажы» мешітінің

Бас имамы Я.А. Исмаилов

Бөлісу: