25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Діни сауатсыздық рухани тоқырауға әкеледі

Діни сауатсыздық рухани тоқырауға әкеледі

Мақалалар
Жарнама

Діни сауатсыздық дінімізді дұрыс түсінбеуге, ал дінімізді дұрыс түсінбеу адасушылық пен қате-кемшіліктерге алып келетіні айдан анық. Дініміздегі адасушылық пен қате-кемшіліктерге бой алдыруымыз еліміздің рухани серпілуіне кері әсерін тигізіп, халқымыздың рухани тоқырауына алып келетін фактор. Олай болса, діни сауатсыздық дегеніміз не?

Негізінде діни сауатсыздықты екіге бөліп қарастырғанды жөн көріп отырмын. Біріншіден, елімізде өмір сүріп жатқан мұсылмандардың діни сауаттылығының төмен болуында. Әрине бұған кері әсерін тигізген нәрсе ол кеңес үкіметінің құрамында өмір сүрген кездегі «дін - апиын» деген биліктің саясаты. Осы уақыттарда біз ата-бабамыздан келе жатқан дініміз бен салт-дәстүрімізден және тілімізден айырылып қала жаздадық. Кеңес үкіметінің тұсында Ислам шариғатын толық меңгерген ишан, қалпе, қожа мен молдаларымызды жаман жағынан көрсетіп, олар бізді ортағасырлық өмірге бейімдейді деген қисық пікірлер қалыптастырылды. Көзі ашық діни және дүниелік ілімдерді үйренген зиялы қауым өкілдерін де халық жауы деп, жер аударып, ату жазасына кесті. Осындай саясаттың салдарынан халқымыз рухани тоқырауға ұшыраған уақытта еліміз егемендікке қол жеткізіп, рухани құндылықтарын түгендей бастады.

Қазіргі таңда елімізді алып қарайтын болсақ, арамызда өзін жалпы мұсылман санайтын бірақ, Ислам дінінен мүлдем бейхабар қаншама қандастарымыз бар. Осы олқылықтың орнын толтыру әрі халқымыздың діни сауаттылығын арттыру жолында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) біршама игі істерге мұрындық болып отыр.  ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен еліміздің әрбір мешіттерінде діни сауат ашу курстары жұмыс істейді. Намаз, ораза және жалпы дінімізді үйренемін деген әр азамат осы сауат ашу курстарына қатысып, діни сауаттылығын көтере алады.  Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Білім алу - әрбір еркек және әйел мұсылманға парыз», - деп айтқандай, әрбір адам мешіттерге барып, діни сауатын арттырып, руханиятын байыта алса құба-құп болар еді.

Ислам - діни сауаттылықты ғана талап ететін дін емес, керісінше діни сауаттылықпен қатар дүниеге керекті ілімдерді де бірге ала жүруге үйрететін дін. Сондықтан, діни сауатсыздықтың белең алуының екінші бір себебі –  діни білім алып,  бірақ дүниеге керекті ілімнен адамның өз еркімен бас тартуында. Әр уақытта мұсылмандар арасында дінді үйреніп, дүниеге керекті ілімнен бас тартқан адамдар болып отырған. Міне, осы сауатсыздық салдарынан Ислам әлемі тоқырауға ұшырағаны жайында айта кеткен жөн болар.

Негізі, Ислам - ғылым мен білімге негізделген, Алла тарапынан адамдарға жіберілген соңғы дін. Ислам діні қай уақытта ілім-ғылымға сыңар жақты көзқараспен қарап, діни сауаттылықты ғана үйреніп, дүниеге керекті ілімдерді артқа тастаса, сол уақыттан тоқырауға бет бұрды. Әр уақытта мұсылмандар арасында қазіргі қоғамымызда кездесетін теріс ағым өкілдері болған. Олар да өз уақыттарында діни сауаттылықты алға қойып, дүниелік ілімдерді халыққа таратып үйретуге қарсы болған. Дінде шектен шығудың салдарынан Алла Тағала берген ілімдерді шайтанның ілімі (тағут ілімі) деп жалпы халықты қорқытып, надандыққа бой алдыруына себепкер болды.

Қазіргі таңда қоғамда теріс ағым мүшелері білімге бір жақты көзқарас қалыптастыру үшін тырысып бағуда. Өз отбасыларында өз көзқарастарының аясындағы діни біліммен шектеліп, дүниелік ілімдерді үйретпейді. Өйткені, ол ілімдерді дұрыс немесе керек деп санамайды. Әйелдерін және қыз балаларын жоғары оқу орындарына бермей, олардың қоғаммен араласауын шектеп, үйде отыруын құп көреді.  Әрине, қыз бала ең алдымен – болашақ ана. Сол себепті қыз баланың ерте жастан үй тірлігіне, бала күтіміне бейімделгені өте дұрыс, құптарлық нәрсе. Бала тәрбиесінің маңыздылығын бәріміз мойындаймыз. Рухани ілімнің маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Бірақ жоғары ілімі жоқ, үйінен шықпайтын, дүние жүзінде не болып жатқанынан бейхабар ана өз баласына, келешекте немере-шөберелеріне қандай ілім үйретпек?!

Діни ілімдер мен дүниелік ғылымның қатар дамуының арқасында көптеген ғылыми жаңалықтардың ашылғанына тарих куә. Ал, екеуінің бір-бірінен ажырауы кісіні, жалпы қоғамды рухани азғындыққа әкелетінін көзіміз көріп жүр.

Қорыта айтатын болсақ, рухани тоқыраудан шығудың жолы – халқымыздың, әсіресе, жастардың бойына діни іліммен мен қатар өміріне керекті дүниелік ілімдерді де сіңіру. Рухани толысқан,  білімі келіскен жастар еліміздің дамуына қомақты үлес қосатыны айтпаса да түсінікті. Олай болса, құстың қос қанатымен шарықтап ұшқаны секілді екі білімді бірдей меңгерген жастарымыздың самғай ұшуына жағдай жасайық.

«Төлебай» мешітінің

наиб имамы Дастан Смагулов

Бөлісу: