25
Дүйсенбі,
Қараша

һижри

Құрбан айт күндері істелетін амалдар

Құрбан айт күндері істелетін амалдар

Мақалалар
Жарнама

Тәкбір айту

Айт күндері тәкбір (Алланы ұлықтау) айту дінде заңдастырылған амалдардан. Алла тағала Құран кәрімде:

{ وَلِتُكْمِلُوا الْعِدَّةَ وَلِتُكَبِّرُوا اللَّهَ عَلَى مَا هَدَاكُمْ وَلَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ }

Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар.[2]

Имам әз-Зухри былай деп баяндайтын: “Адамдар тәкбірлерді айт күні үйінен шығар кезде намаз орындалатын жерге барғанға дейін және имам көрінгенге дейін айтатын. Ал имам көрінген кезде, олар имам тәкбір айта бастағанға дейін тынышталатын, ал содан соң олар тағы да тәкбір айтатын”.[3]

Айт намазын оқу

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)өсиетiнде: «Айт күнi бiрiншi орындайтынымыз – намаз оқу», – делiнген. Айт намазы дiнiмiзде уәжіп амал болғандықтан, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмiрiнде оны бiр рет те қалдырмай оқыған. Ислам кез келген мерекенiң ғибадаттармен өткерiлуiн құптайды. Сондықтан айт мерекесі арнайы ғибадаттармен басталады.

Айт намазы үшін азан айтылып, қамат түсірілмейді. Намазға бет алған кезде бір жолмен барып, екінші жолмен қайту сүннет болып саналады. Пайғамбарымыз (с.а.у) мүбарак хадисінде: «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айт күні мешітке барған жолымен қайтпай, басқа жолмен қайтатын»[4].

Намазға шығар алдында ештеме жемеу

Сүннет бойынша мұсылман адам намазға шығар алдында ештеме жемей, намаздан кейін құрбандық етін жеу жақсы амалдардан.

كان الرسول الله -صلى الله عليه وسلم- لا يخرج يوم الفطر حتى يطعم، ولا يطعم يوم الأضحى حتى يصلي

 (الترمذى )

Имам Тирмизи риуаят қылған хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ораза айт намазына тамақ ішпей бармайтын, құрбан айт намазына тамақ ішпей баратын еді», - дейді.

Жаңа киім кию, ғұсыл құйыну, әтірлену

Бұл ұлық мерекеде мұсылман адам шамасы келгенше мешітке жаңа киім киіп, әтірленіп барған абзал. Имам Мәлик: «Мен ғалымдардың айт күндерінде жасанудың және хош иістер жағудың абзал екендігі туралы айтатынын естігенмін», – дейтін. Дегенмен, жібек матадан ер азаматтардың бойын аулақ ұстағаны жөн.[5] Себебі, бұл туралы Ибн Омар былай деген: «Бірде Омар бин әл-Хаттаб базардан жібек көйлек сатып алды да, оны Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алып келіп: «Уа, Алланың Елшісі, мынаны айт күндерінде, сондай-ақ сізге елшілер келгенде киіңіз», – деді. Бұған Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мұндай киімді ақыреттен үлесі болмаған адам ғана киеді», – деп жауап берді».[6]

-Иіс сулармен жұпарлану

-Мисуакпен тіс тазалау

-Жұма намазына ертерек шығу

-Ең жақсы, таза киімдерін киу

-Сүннеттегі денеге қатысты тазалықтарды атқару ( тырнақ алу , қолтық пен әурет түктерін кетіру сияқты )

-Сүннет бойынша жұмаға жаяу бару

Бұл істерге дәлел болатын көптеген хадистер бар .

Құрбан шалу

Ханафи мазһабына сәйкес, құрбандық шалу шамасы жеткен мұсылманға, яғни 85 гр алттың құнындай байлығы бар мұсылманға уәжіп (міндет) болып табылады. Оған «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» деген Құран аятын,  сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын» деген хадисін дәлел ретінде айтуға болады. Құрбан шалу міндет болу үшін ең алдымен ол адам мұсылман болуы керек. Жұмысқа қабілетті, кәмелеттік жасқа толған әрі зекет төлейтіндей негізгі қажеттерден тыс дүние-мүлікке (жоғарыда айтылғандай, 85 гр алтынның құнына тең немесе одан көп) ие болуы қажет.

Құрбандық малдың етін үшке бөлу

Құрбандыққа шалынатын малдың етін кез-келген адам жеуіне болады. Малдың еті үш бөлікке бөліп таратылады:

1– туыстарға, көршілерге.

2 – мұқтаж жандарға.

3 – өз бала-шағасына.

Дегенмен, малдың етін кедей-мұқтаждарға таратып беруіне болады.

Қуаныш, шаттық көрініс табу

Айт барша мұсылмандандың мерекесі болғандықтан, оны еңбектеген баладан еңкиген шалға дейін сезінуі тиіс. Сыйлықтар таратылып, мерекелік мәдени шаралар ұйымдастырылуы абзал амалдардан. Жүзден аса ұлт өкілі тұрып жатқан еліміздегі әрбір азамат осы мерекенің лебін сезінуі қажет. Ұлтаралық, дінаралық байланысты күшейту мақсатында айт мейрамына орай құттықтаулар таратылып, арнайы дастархандар жайылады. «Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, сүйіспеншіліктерің артады» деген хадисті негізге алған қазақ даласында қонақ кәдесі, сүйінші, байғазы, тағы басқа адамдарды жақындыққа апаратын амалдар көп. Солардың бірі – айттық сұрау. Айт мерекесімен құттықтап, айттық сұраған жанды қазақ бетін қайтармай қолда бар сыйлықтарын аямаған. Міне бұл ғасырлар өте дәстүрге айналып, бүлдіршіндер үшін айттың бір керемет көрінісі болып есте қалған.

Құрбан айт күндері ораза ұстауға болмайды

Қуаныш пен шаттыққа толы бұл қос мейрамда мұсылмандар ораза ұстамайды. Бұл туралы Абу Са’ид әл-Худри былай деп баяндаған: «Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға Ораза айт пен Құрбан айттың екі күнінде ораза ұстауға тыйым салатын». [7]

Мұсылмандардың бір-бірін құттықтауы

Намаз біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып, бір-бірін Айт мерекесімен құттықтайды, жақсы тілектерін айтады. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап жарасады. Ал әйелдер қауымы үйде қазан асып, дастарқан жайып, айттық шай әзірлейді. Көрші-қолаң бір-бірінің үйіне кіріп дәм ауыз тиеді, шаңырақ иесіне аман-саулық тілеп, айтпен құттықтайды. Хадисте келгендей, айт күні пайғамбарымыз (с.а.у) адамдарға былай деп айтқан:

يَا أَيُّها النَّاس أَفْشُوا السَّلامَ وَأَطْعِمُوا الطَّعامَ وَصِلوا الْأَرْحَامَ وَصَلوا بِالليلِ وَالنَّاسُ نِيامٌ تَدْخُلُوا الْجَنَّةَ بِسَلَامٍ

«Ей, адамдар, бұл күні сәлем жайыңдар, тамақтандырыңдар, туыстық қатынасты күшейтіңдер және адамдар ұйқыда болған кезде намаз оқыңдар, еш алаңсыз жәннатқа кіресіңдер» [8] деген. Сол секілді өзі жақсы көрген бауырын айт күні зиярат етуі мұсылман адамды үлкен сауапқа кенелтеді. Пайғамбарамыздың хадисінде: «Бірде-бір адам айт күні көрші ауылдағы досын зиярат етуге жолға шығады. Жолда оған Алла періште жіберіп, ол адамнан : «Қайда бара жатырсың» , деп сұрайды. Ол: «Бұл ауылда бір бауырым бар еді, соған бет алдым». Періште: «Бір шаруаң бар ма еді ол адамда». Ол: «Жоқ, мен оны Алла разылығы үшін жақсы көрем сол үшін» дейді. Сол кезде періште: «Алла мені саған жіберді, сен ол адамды жақсы көргенің үшін Алла да сені жақсы көрді» [9]дейді.

Әсіресе, осы мереке күні ата-анаға деген мейірімділік оларға сый-сияпаттар жасау игі амалдардан.

Құрбан күні қайыр жақсы амалдар күні болғандықтан жетім-жесірлер, кедей-кепшіктер жомарт, рақымды жандардан мейірім лебін сезгісі келетіні анық. Осы күндері төмендегі адамдарға жақсылық жасаған абзал:

- Жесір әйелдер мен міскіндерге көмектесу, үйлерін қуанышқа бөлеу. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Әбу Һурайрадан келген хадисінде: «Жесір әйелдер мен міскіндерге жәрдем еткен адам Алла жолында жиһад жасаған адаммен бірдей», деген[10].

- Жетімдерге көмектесу. Алла тағала Құран кәрімде:

{ وَاعْبُدُواْ اللّهَ وَلاَ تُشْرِكُواْ بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَى وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالجَنبِ}

Алла (Т.) ға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар.[11]

- Айт - басқаларға кешірім жасайтын күн. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Абдолла ибн Амрудан (Алла одан разы болсын) келген хадісінде Алла елшісінен адамдардың ең жақсысы кім деп сұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) : «Әрбір жүрегі пәк, тілі шыншыл адам» деді. Сахаба: «Тілі шыншыл деген түсінікті, жүрегі пәк дегенді қалай түсінеміз» деді. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Жүрегі пәк дегеніміз - тақуа, таза, ыза және көре алмаушылықтан ада адам» [12] деді.

Қорыта келе Айт мерекесінің басқа мерекелерден ерекшелігі - қуаныш шаттықпен бірге Аллаға деген құлышылықтың қатар жүруінде, суып бара жатқан туыстық қатынастардың қайта жандануы, ашу, ыза кернеген жүректердің жібіп, Алланың рақымын талап етуі, өмірді қайта саралауға мүмкіншілік алу, өмірдің мәнін түсініп, Аллаға деген құлшылын күшейту.

Айтта ренжіскен адам қалмау керек

Араздасқан жағдайда да 3 күннен көпке созылмауы керек. Егер айтқа дейін созылған араз жағдайлар болса, одан көп кешіктірмей татуласу керек. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Бір-біріңмен ара-қатынасты үзбеңдер! Бір-біріңнен бет бұрып кетпеңдер! Бір-біріңмен өштеспеңдер, жауласпаңдар! Бір-біріңе көреалмаушылық етпеңдер! Ей Аллаһтың құлдары бір-біріңмен бауыр болыңдар! Бір мұсылманның басқа бауырымен араздасуының 3 күннен асуы халал болмайды.» (Бұхари)

Тағысын тағы...

Мешітке ерте бару, мешітке бара жатқанда тәкбір айту, қабірді зиярат ету, көп дұға оқу, тәубе ету, жүзік тағу, кездескен мұсылмандармен жылы жүзде сәлем беру, құттықтау, кедейлерге садақа беру, исламға дұрыс қызмет етіп жүргендерге көмек беру, араздарды татуластыру, туыстарға бару, діндес бауырларына бару, оларға сыйлық апару, қонақ күту сүннет болады. Айт түндерін ғибадатпен өткізген адам үлкен бақытқа қауышады. Бір хадис шәрифте былай делінеді:

«Айт түндерін ғибадатпен өткізген адамның көңілі, көңілдер өлген күнде өлмейді.» (Табарани)

Ренжіскен, араздасқан адамдар айтты күтпестен тез арада татуласуы керек. Аллаһу та’аланы және пайғамбарымызды жақсы көретін кісі, адамдардың кемшіліктерін көрмейді, бәрімен тату, кең бауырлы болады. Жақсы кісі барлық адамдармен жақсы мәміледе болады. Ешкімге зиянын тигізбейді және басқалардан келетін зияндарға сабырлылық танытады. Бір айыбы үшін ешкіммен араздаспау керек.

________________________________

[1] Бұхари, Мүслим хадистер жинағы

[2] Бақара сүресі, 185-аят

[3] Ибн Әбу Шайба

[4] Бұхари хадистер жинағы

[5] http://www.asylarna.kz/maqala/maqalainfo/232

[6] Бұхари, Мүслім хадистер жинағы

[7] Бұхари хадистер жинағы

[8] Ибн Мәжә, Тирмизи хадистер жинағы

[9] Муслим хадистер жинағы

[10] Бұхари, Муслим хадистер жинағы

[11] Нисә сүресі, 36-аят

[12] Ибн Мәжә хадистер жинағы

Бөлісу: